Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» Жұбанов университетінде қонақта

«СНПС — Ақтөбемұнайгаз» Жұбанов университетінде қонақта

Мұнай-газ ісі мамандығы бойынша жұмыс беруші, қытайлық ірі мұнай өндіруші, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы университетімізге жұмыс сапарымен келді.
Сонымен қатар, кездесуге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы қатысты.
Ақтөбедегі ірі кәсіпорындардың бірімен болған келіссөзде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ базасында практикалық сабақтар өткізу, өндірістік практикадан өту, мұнай-газ өндіру бойынша оқу полигонын жабдықтау, ғылым саласындағы ынтымақтастық, ортақ жобалар мен жан-жақты қолдау мәселелері сөз болды.
Қонақтарды қарсы алған университет ректоры Лаура Қарабасова оқу орны жұмыс берушілермен өзара байланысты одан әрі нығайтуға және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфен мырза университет бастамаларына қолдау білдіруге, кездесуде айтылған ұсыныстарды зерттеп-зерделеп, жүзеге асыруға, жалпы оқу орнының дамуына үлес қосуға ынталы екенін атап өтті.
Сондай-ақ қонақтарға университеттің техникалық мамандықтарды даярлау әлеуеті, зерттеу институттары, ғылыми жобалары мен практикалық базасы таныстырылды.
Алғашқы ресми кездесуде алдағы бірлескен жұмыс бағыты анықталды.