Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақын мерейтойы аталып өтті

Ақын мерейтойы аталып өтті

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуынаорай «Тәуелсіздік жолымен: Шаханов шыққан шың» атты тарихи-танымдық шара өтті.

Сондай-ақ «Қазақ поэзиясының ақберені» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

Музейдің бөлім меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан жүргізген шара барысында жиналған қауым ақынның музей ұжымына жолдаған бейнесюжетін тамашалады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев көрнекті ақынның азаматтық болмысы туралы кеңінен әңгімеледі. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, ақын Талғат Тілеулес ақынның «Әке үкімі» өлеңін оқыса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрдәулет Алдашев М.Шаханов шығармаларында ұлттық рухани құндылықтардың насихатталуына тоқталды. Облыстық халық шығармашылығы орталығының әншілері Құралай Әленова, Қуанышгүл Серікбаеваларән шырқап, музейдің бөлім меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов, кіші ғылыми қызметкері Әсел Балқасынова, сонымен бірге Ершат Қайболдин, Темуджин Сәрсенов, Айша Сансызбайлар өлең оқыды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, облыстық мәслихаттың депутаты, «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бақыт Жаншаева сөз сөйлеп, ақиқатшыл ақынның және оның өлеңдерінің орны ерекше екенін атап өтіп, шараны ұйымдастырған музей ұжымына алғысын білдірді.

 

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

 жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері

 

/aqtobegazeti.kz/