Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Білім > Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті

Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті

Оқу орнының Білім алаңына жүздері қуанышқа толы жастар, олардың ата-аналары, университет басшылығы мен декандар, профессор-оқытушылар жиналды.

Айта кетейік, биыл Жұбанов университеті студенттері қатарын үш мың жарымға жуық жас толықтырды. Олардың 1200-ден астамы мемлекеттік грант иегерлері.

Университет ректоры Лаура Қарабасова университет табалдырығынан аттағалы тұрған жастарды мерекемен құттықтады.

«Жұбанов университеті – тек Батыс Қазақстанда ғана емес, еліміздегі аса ірі сапалы білім беретін мықты университеттердің бірі. Биыл 3421 талапкер біздің университеттің табалдырығын аттағалы отыр. Қабылдау кезінде 3500-ден астам грантқа өтініштерді қабылдасақ, соның 80 пайызы Жұбанов университетін өзінің бірінші таңдауы ретінде көрсеткен. Бұл әрине, біздің университетімізге деген ерекше сенім, біздің ұжымның үлкен еңбегі және осыған дейінгі атқарып келген жұмысымыздың нәтижесі», — деді оқу орнының басшысы.

Сондай-ақ, Лаура Қарабасова білім парагдимасы өзгеріп жатқанын, университет үшін саннан гөрі сапа маңызды екенін атап өтті.
Университетке қабылданған талапкерлер арасында 193 алтын белгі иегері мен 251 үздіктер, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары бар.

Салтанатты жиында «Үздіктер шеруі» өткізіліп, белсенді жастар әркез оқу орнының мақтанышы екенін көрсетті.

«Қабақ баба» қоғамдық қорының директоры Амантай Үмбетай «Меценат» сертификатын үздік бір студентке табыстады. Сонымен қатар «Балалар университетінің» бітіруші түлектеріне дипломдар берілді.

Білім кілтін табыстау рәсімі жиналғандар үшін ерекше сәттердің бірі болды. Студенттік парламент төрайымы Томирис Бакиева 1 курс студенттерін Жұбановшылар қатарына қосылуымен құттықтап, оларды белсенді жастардың қатарынан табылуға шақырды.