Среда, Февраль 8, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Міндет — кадр даярлау сапасын арттыру

Міндет — кадр даярлау сапасын арттыру

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры.

Жолдаудың көп бөлігі әлеуметтік-экономикалық саясатқа бағытталып отыр. Соның ішінде білім саласына баса мән берілді. Жолдауда мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білім беру саласына қатысты бірқатар тапсырма берілді. Университет жоғары оқу орны болғанымен, мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш және орта білім саласы бір-бірімен тікелей байланысты. Өйткені біздің университет — өңірдегі кадрлар даярлайтын бірден-бір оқу орны.

Жолдауда айтылған түйінді ойлардың бірі кадрлар сапасына қатысты. Сондықтан жаңа педагогикалық және кәсіби стандарттарды дамыта отырып, біздің оқу орны әрі қарай нәтижелі жұмыс істейтін болады.

Жолдауда айтылған жоғары оқу орнына қатысты тағы бір жаңалық — дифференциалды гранттардың болуы. Бұрын гранттар тек ерекше оқу үлгерімін көрсеткен, республикалық конкурстарды ұтып алған, жетістігі көп студенттерге берілсе, енді алдағы уақытта түрлі әлеуметтік топтардан шыққан, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген балаларға да гранттар және несиелер бөлінеді. Сондай-ақ елімізде педагогикалық бағытта кадр даярлайтын оқу орындарына арналған аккредитацияның жаңа форматы енгізілмек. Бұл да біз үшін маңызды жаңалық. Себебі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті педагогикалық және инженерлік бағыттағы кадрларды даярлайды. Бүгінде университет контингентінің жартысына жуығы —  педагогикалық мамандықтар. Сондықтан оқу орны алдағы уақытта профильдік министрлікпен біріге отырып, осы стандарттарды даярлауға қатысатын болады.

Жолдауда айтылғандай, келер жылы елімізде 100 мың жас жұмысқа тартылады. Бұл орайда оқу орнымыз бүгінде жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс жасап отырғандығын айта кеткен жөн. Биыл университеттің кадрларды еңбекке орналасу көрсеткіші 70 пайызға жетіп отыр. Бұл — қабылданған практикада қалыпты жағдай. Дегенмен алдағы уақытта жас мамандардың қай бағытта жұмыс істеп, қандай бизнес ашып жатқанын, қандай мамандықтарға сұраныс көп екенін саралап, талдау жасағымыз келеді. Биыл біз жұмыс берушілермен, яғни өңірдегі ірі кәсіпорындармен тығыз диалог құрудың жаңа сатысына көштік. Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазхром» сияқты ірі кәсіпорын өкілдерін академиялық комитетке шақырып, олармен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде дуальды білім беру жүйесі аясында түлектерімізді іс-тәжірибеден өтуге жіберетін болдық. Осындай тәжірибенің арқасында алдағы уақытта оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа тұру мүмкіндігі артады. 

 

/aqtobegazeti.kz/