Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Айжан Тілептің баяндамасы «Ең үздік» деп танылды

Айжан Тілептің баяндамасы «Ең үздік» деп танылды

Жұбанов университетінің физика мамандығының 1-курс докторанты Айжан Тілептің баяндамасы Серб Республикасының Белград қаласында өтіп жатқан ICOM (The 6th International Conference on the Physics of Optical Materials) конференциясына ең үздік деп танылды.

Конференцияда АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Польша, Жапония т.б елдерден келген ғалымдар баяндама жасады. Олардың қызықты әрі өзекті болуына қараған ұйымдастырушылар Айжан Тілептің баяндамасы «Ең үздік баяндама» деп таныды.

Баяндаманың нәтижесі Crystals журналында (WoS: Q2) қабылданатын болды. Баяндаманың мазмұны бойынша, KCl:Na монокристалындағы натрий ионының түйінаралық бостыққа қармалып қалу құбылысы анықталды. Бұл әдіс люминесценттік және абсорбциялық спектроскопия бойынша Жұбанов университетінің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында дәлелденді.

Кристалды жоғары температуралық технологияны пайдаланып қыздыру арқылы натрий ионының түйінаралық күйінен меншікті катиондық орнына ауысуы қамтамасыз етілді. Осы құбылыстың барлығын алдағы уақытта рентгендифракциялық анализ арқылы Сербияның Белград қаласындағы Vinca Institute of Nuclear Sciences — National Institute of the Republic of Serbia, University of Belgrade (профессор М. Драмичанин, h=51) ғылыми институтында әрі қарай дамыту эксперименттері жоспарлануда.
Айта кетейік, Айжан Тілептің отандық ғылыми жетекшілері – ф.-м.ғ.д., профессор Қуанышбек Шүңкеев, ф.-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Шынар Сагимбаева, шетелдік ғылыми жетекшісі Эстонияның Тарту университетінің ф.-м.ғ.д., профессоры Александр Лущик.