Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Білім > Кітап оқығанды ұнатамын

Кітап оқығанды ұнатамын

Zhubanov University бойынша Хромтау ауданынан
бакалавриатта -349, магистратурада — 3 білім алушы оқып жатыр.
Солардың ішінде ең белсенді студент Айдана Кәдір «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 4 курсына көшті. Айдана жақсы оқуымен бірге, өзін тұлға ретінде жан-жақты дамытып отыратын талантты, талапты.​ Мәнерлеп оқу, дебат ойындары, тоғызқұмалақ спорты. Қандай іспен айналысса да, Айдана нәтижеге қол жеткізетін алғыр жас. Әсіресе жетістіктері тоғызқұмалақ спортынан жоғары, республикалық жарыстарға да қатысып жүр.
Айдана Кәдірдің тағы қандай ой-жоспары бар?. Сұқбат барысында ол жайлы біліп, риза болдық. Кездескен Гүлнара Қараша.

-Айдана, жазғы демалысыңыз қалай өтті?

-Жазғы демалыс жалпылама түрде жақсы өтті. Жазда даяшы болып жұмыс жасадым,​ алғаш рет. Даяшының жұмысы қиындық
туғызбады. Керісінше тағы бір істен тәжірибе жинақтадым. Негізі қара еңбектен қашпаймын. Сондықтан бұл жазда үй жөндеуге көмектесіп, тұсқағаз да жапсырдым, тіпті балшықтан қора да соқтым. Әрине мұның бәрі күнделікті тұрмыста кездесетін, әр адам білуі керек тұрмыстық дағдылар.
Кітап оқығанды ұнатамын. Биылғы демалысымда​ америкалық танымал жазушы Николас Спаркстың «Дальняя дорога» бестселлер романын, келесі америкалық жазушы Рэй Брэдбериге әлемдік даңқ берген «451 градус по Фаренгейту» романын оқып шықтым.

-Жаңа оқу жылы сіз үшін ерекше болуы керек. Соңғы курс. Көңіл-күй қалай? Жоспар көп шығар?

-Рақмет, көңіл-күй керемет. Алдағы соңғы курсыма жоспарлар баршылық. Бөлісе кетсем,​ көлік жүргізуші куәлігін алу үшін курс оқу,​ диплом жұмысымды сәтті жазу, практика кезінде мұғалімдік шеберлігімді дәлелдеу т.с.с.

-Шетел тілін меңгеріп жатыр екенсіз. Қазір шетел тіліне көзқарас өте оңды, әр зерек жас бір шетел тілін үйреніп алуға тырысады. Ал сіз университеттен екі тілді игеріп шығасыз. Оның үстіне шетел тілінен оқушыларға сабақ беретін боласыз. Шетел тілі мұғалімі үшін оны оқытудың әдісі маңызды деп ойлаймын. Қандай жаңаша әдісті қолдануға болады?

-Мен қолданатын әдіс атауы: «Comfort». Бұл әдіс арқылы тек білген біліміңді жеткізіп қоймай,​ сонымен қатар кері байланыс ала алу мүмкіндігі бар, барлығына ыңғайлы. Оқушыны оқушы деп емес, дос ретінде санасақ, ол да сізді дос ретінде санайды. Тіл үйренуде әдістің дұрыстығына емес, ыңғайына мән берілуі керек деп ойлаймын.

— Тоғызқұмалақ спортынан көп жетістігіңіз бар екен. Бұл спорт түрі несімен пайдалы? Егер жалпылама емес, нақты нәтиже жөнінде айтар болсақ.

— Тоғызқұмалақпен шұғылданғанда бойда патриоттық сезім күшейеді. Ми шынықтыруға, ойлау жүйесін дамытуға үйретеді, сананы қалыптастыруға ықпал етеді.​ Егер тоғызқұмалақты адам бала кезінен үйренетін болса онда математика пәнінен жүйрік болады, Бұл спорт сабырлылыққа баулиды. Дегбірсізденбей қарсыластың ойланып болғанын күте білсең, шыдамдылық қасиет қалыптасады. Мінекей тоғызқұмалақтың пайдасы өте көп.

-Туған жеріңіз -Хромтау ауданы қандай жер? Болудың сәті түспепті. Қандай өзгешелігі бар?

-Хромтауды көпшілік​ тек хром өндіретін қала деп біледі, ал бізде атақты Дөң кен байыту комбинатынан басқа, керамикалық плиталар өндіретін қытайлық компаниямен бірлескен​
«Newmay Ceramics» зауыты,​ сүт өнімдерімен таныс «Тау» агрофирмасы сияқты ірі өндіріс орындары бар. Бір қызық айтайын — бұл қаланың атауы 1937 жылы жерінен хром кені табылып, өндірілетіндіктен және оның қалдықтары тау болып үйіліп жатқандықтан қала атауы Хромтау деп аталған. Қалада бар жоғы 26 мың халық өмір сүреді.

-Университетті тәмамдағасын педагогика саласында еңбек етуге дайын боларсыз?

-Дайындық қызу. Дегенмен​ 4 курсты аяқтаған кезде толық дайынмын деп айта аламын. Әрі қарай оқуымды жалғастырып, магистратураға түссем бе деген мақсатым да бар.

Zhubanov University облыстық газеті, №7-8(475-476)