Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Білім > Төрт тілде еркін сөйлеймін

Төрт тілде еркін сөйлеймін

Университетті биыл аяқтап, «Биология» мамандығын меңгеріп шықтым. Енді осында «Шет тілі: 2 шет тілі» мамандығы бойынша магистратураға құжат тапсырдым. Мақсатым — шетел тілінің кәсіби маманы болу. Қазірдің өзінде 4 тілде: қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлеймін. Тіл білу маған бүкіл әлемге жол ашатын мүмкіндік.
Мектеп жасымда 7 класқа дейін ағылшын тілі пәнін үздік бағаға оқып жүрдім. Қосымша курсқа бармадым. Себебі сабақ онсыз да қызықты өткізілетін. Бірақ уақыт өте бұл пәннен мектепте берілетін білім жеткіліксіз көрінді.

Ата-анама курсқа жазуларын өтіндім. 8 кластан бастап “Darina” тілдік мектебінде 5 жыл бойы оқып, ағылшын тілінің толық курсын​ бітіріп шықтым. Ағылшын тілін меңгеруім қазіргі ең негізгі жетістіктерімнің бірі деп есептеймін.

Ал түрік тілі кішкентайымнан, әжеммен бірге түрік сериалдарын көріп отырып, “Мына тіл қазақшаға ұқсас екен, үйренгім келеді” дейтін, ерекше жақсы көретін тілім. Университет қабырғасында топ кураторымыз «Түрік тілі» курсы жайында хабарлаған кезде бірден жазылдым. 1 курста 4 ай бойы курсқа қатысып, тілді үйрендім. Бұл тілді үйрену мен үшін өте оңай болды, оның да бірнеше себептері бар. Ең алдымен, бізбен бірге жұмыс жасаған, бізге ынтамен сабақ берген Рахман Оксуз ұстазымызға рақмет айтамын. Менің түрік тіліне деген қызығушылығымды одан сайын арттырған, тілді оңай әрі жеңіл жеткізген осы кісі. Осы күнге дейін Рахман ходжаммен, топтағы достарыммен хабарласып, кездесіп тұрамыз.

Бұл курсты бітірген соң, академиялық ұтқырлық бағдарламасының түрік тілі бағытымен 50% жеңілдік ұтып алдым. Сол бойынша Түркия мемлекетінің астанасы Анкара қаласында орналасқан Хаджеттепе университетінде оқып келдім. Бұл университет​ Түркиядағы TOP университеттің бірі.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы​ маған керемет мүмкіндіктер берді: ел-жер көрдім, адамдармен таныстым, жаңа достар таптым, білімімді шыңдадым және ең бастысы түрік тілін тереңірек үйрендім.

Осылайша шетел тілдерін үйрену менің өмірімде балалық қызығушылықтан басталып, әрі қарай алдағы арман-мақсаттарыма жеткізер алтын көпірге айналды.
Шетел тілдерін жетік білуімнің арқасында Ақтөбедегі алдыңғы қатарлы оқу орталықтарының бірегейі “Happy English”-те түрік, ағылшын тілі мұғалімі болып істеп жүрмін. Осы ретте ешқашан пейілімді қайтармай, жүрек қалауыма әрдайым қолдау көрсетіп, сабағымды қадағалап, тіл курстарына апарған, Түркия сапары алдында іштей қобалжып, мен үшін уайымдаса да болашағыма​ себепкер болар деген​ ата-анама алғысым шексіз. Қазір олар да мен үшін өте қуанышты.
Тіл үйренуде әркімнің қабілеті әртүрлі. Дегенмен тіл үйретушінің еңбегіне адалдығы мен ықыласы соңғы орында емес. Сондықтан алдыма келген​ тіл үйренушіге бар ынтамды салып, үйретуге тырысамын. Бар білімімді сарқи жұмсаймын. Кейде Рахман ходжамның сабақтарын еске алып, сол кісі секілді сабақ жүргіземін. Сабақ беру, тіл үйрету оңай емес, бірақ мен барымды салып, жақсы маман болуға тырысып жүрмін.
Әрине, осы тілдермен тоқталмаймын, алдағы уақытта еуропа тілдерімен жақын танысқым келеді, испан, итальян және француз тілдері ерекше ұнайды.
Көп тіл білген жастың алар белесі биік.

Әдетте тіл жөнінде, тіл ــ адамдардың қарым-қатынас жасау құралы деп жай ғана айтылғанмен, іс жүзінде одан да маңызды,​ бір ұлттың тілін білу арқылы оның ұлттық сана-сезімін, халықтық қасиетін, жалпы тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін ұғуға, тануға болады.

Көп тілділік адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне оң әсер етері ақиқат.
Еуропада жастардың бірнеше тілде еркін сөйлеуі қалыпты жағдай. Бізде де сондай дәрежеге жету үшін менің замандастарым шетел тілін меңгеру заман талабы екенін түсінуі қажет.

Самал Болатқызы
Zhubanov University «Биология» мамандығының 2022 жылғы түлегі

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8(475-476)