Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жүректерге жылу сыйлайтын орталық ашылды

Жүректерге жылу сыйлайтын орталық ашылды

Бүгін университетте осындай мақсатпен «Сенім» әлеуметтендіру орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Қайыржан Токушев, университет ректоры Бауыржан Ердембеков, педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова, факультет профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, психолог мамандар мен ата-аналар қатысты.

«Сенім» әлеуметтендіру орталығының салтанатты ашылу рәсімінің қызыл лентасын Қайыржан Ахметбекұлы мен ата-аналар арасынан Гүлсара Мұқаева кесті. Кіріспе сөз университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына берілді. – Бүгін игі істің куәсі болып отырмыз. Жасыратыны жоқ, психологиялық көмекке зәру жандар арамызда бар. Университетте осы орталықты ашуға материалдық базамыз да, кадрлық әлеуетіміз де сай келеді. Егер көмекке зәру жандарға осы орталық арқылы кішкене болса да, көмегіміз тиетін болса біздің мақсатымыздың орындалғаны. Студенттердің кәсіби маман болып қалыптасуына балалармен тікелей жұмыс жасауы, практикалық сабақтардың маңыздылығы зор болмақ. Бұл орталық — ізгіліктің бастамасы болады деген сенім мол,- деді өз сөзінде. Қайыржан Ахметбекұлы өз кезегінде аталмыш орталықтың кәсіби-білікті мамандар даярлайтын орталыққа айналатындығына сенім білдіре отырып,  жекелеген адамдардың психологиясына көп көңіл бөлу керектігіне, жылы сөзбен адамның жанын емдеуге болатынын айта келе, университетте орын алған бастамаларды құптарлық қадам деп бағалады.

«Сенім» әлеуметтендіру орталығы «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасы жанынан ашылып отыр. Орталықтың ашылуында кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Клара Туребаева орталықтың мақсатына, жұмыс барысына тоқталды: «Сенім» орталығы аты айтып тұрғандай адамдарға үлкен сенім сыйламақ. Орталықты ашудағы мақсат — дамуында сөйлеу, көру, есту мүшелерінің кемшіліктері бар балаларға түзету және дамыту жұмыстарын жүргізу, кеңес беру, түрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты психологиялық күйзелістерге ұшыраған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерді қоғамдық ортаға бейімдеу, қолдау көрсету және оңалту. Бұл жерде тек  теориялық сабақтар емес, практикалық сабақтарда өтеді. Біздің кафедраның мамандары кеңес беріп, логопед, дефектолог сабақтарын өткізіп, дамытушы жаттығулар жүргізетін болады», — деді.

Дефектология мамандығының 3-курс студенті Қыдыр Құсан: «Біздің университетімізде студенттердің әлеуметтік-тұлғалық қалыптасуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Болашақ маман ретінде біз теориялық білім алумен қатар, түрлі арнаулы білім ұйымдарында практикадан өтіп, тәжірибе жинақтауымыз керек. Ғылыми жұмыстармен айналысып, Республикалық пәндік олимпиадаларға және университеттің әртүрлі тәрбие шараларына қатысып, әлеуметтік қалыптасуға барынша ұмтылудамыз. Бүгінгі «Сенім» орталығының ашылуы да студенттер үшін үлкен қолдау деп білеміз. Университет басшылығына, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына ризашылығымызды білдіреміз», — деген студенттер атынан ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ,  №7 арнайы түзету мектебі психологы Арайлым Бөкенбаева, ата-ана Гүлсара Мұқаевалар сөз сөйлеп, жүректерге жылу сыйлайтын «Сенім» орталығының ашылуына орай өз ризашылықтарын жеткізді.