Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Көгілдір экранның сұлу​ көркі

Көгілдір экранның сұлу​ көркі

Райгүл Еншібайқызы​ Aqtóbe​ телеарнасының «Жаңалықтар» редакциясының дикторы, көгілдір экранның сұлу​ көркі. Ол Zhubanov Universty (Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының) 2013 жылғы түлегі. Филология факультетінің «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын оқып, бітірген. Құтты Қобда жерінде өсіп, бір кезде қанатын қиырларға жазып ұшқан қарлығаш. Бүгінде Райгүл Еншібайқызы кәсібін терең меңгерген тәжірибелі журналист.
Әріптесімен сұқбат жүргізген Гүлнара Қараша.

-Райгүл, университет түлегі ретінде аймаққа танымал тұлға болғаныңыз үшін өзіңізді мақтан тұтамыз.​ Сіз де академиялық білім алған университетіңіздің өсу-даму тенденцияларына көңіл аударып, жетістіктеріне қуанып отыратын боларсыз?

— Иә, әрине. Өзім білім алған қара шаңырақтың әр жаңалығын түлегі ретінде мерейім артып, мақтан тұтамын. Батыстағы белді оқу орындарының бірі екені айтпаса да түсінікті. Қазір университет заман талабына сай іргелі ілім ордасына айналды. Оны көріп, біліп, естіп жүрміз. Жұмыс барысымен барған сәтте жетістіктерін, өзгерістерін көріп қуанып қаламын. Талай білікті кадр дайындаған оқу ордасының біз үшін әрдайым орны ерек. Профессор-оқытушылар құрамы да таңдаулы. Бүгінде студенттер үшін жасалған жағдай тіпті айрықша…​

-Білуімізше, телеарнаға қызметке кездейсоқ келген жоқсыз. Кастинг арқылы, алға арнайы мақсат қойып, қызметке орналастыңыз. Телеарна жұмысы несімен тартты?

— Телеарна қызу қайнаған тірліктің ортасы. Ақпараттың айнасы. Сол айнаға қарап айналаңда, қоғамда жалпы әлемде не болып жатқаннан хабардар боласыз. Дәл сол ортада қызмет ету менің бала күнгі арманым еді. Бірақ шыны керек, мен үшін қол жетпес қиял секілді ғана болды. Бастауыш сыныптағы жетекшіміз Қизатова Анаргүлдің сабақ өткізу тәсілі ерекше еді. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі әдіс қолданатын. Бір күні апай қораптан ойып жасалған үлкен теледидардың бейнесін әкелді. Ол жасанды экранның бетінен тек «Ана тілдің» (пән) өлеңдерін жатқа оқитындар ғана шығады деді. Сол қорап теледидардан сайрап отыру үшін сабаққа үзбей дайындалатынмын. Міне, бұл менің телеарнадағы алғашқы тәжірибем десем де болады… Кейін жоғарғы оқу орнын тәмәмдап, бірден телеарнаға жұмысқа орналасып кетпесем де, бәрібір бала арманыма қол жеткіздім. 2015 жылы Ақтөбе телеарнасының 55 жылдық мерейтойына арналған кастингке қатысып, жеңімпаз деп жұмысқа жолдама алдым. Бұған әкем себепші болды. Олай дейтінім, кастинг туралы жарнаманы газеттен оқып, менің барып, қатысуыма түрткі болған еді.

-«Жаңалықтар» қызметінде ​ қызмет ету телеарнадағы ең қиын міндет. Өйткені күнделікті жаңалықтарды түсіріп, жазып, көрермен назарына ұсыну жеделдікті, шеберлікті, білімділікті қажет етеді. Оған тағы денсаулықтың мықтылығын қосар едім. Стрестік жағдайлар болып тұрады. Мұны айтып отырғаным, сіз тек диктор ғана емес, тілшісіз де. Кейде осы кәсіпке бекер келген екенмін деген өкініш бола ма?

— Өкініш дейсіз бе? Жоқ, болған емес. Өйткені мен мамандығымды ерекше сүйемін. Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ. Сондықтан көтерер жүгіңнің ауыр боларын ешқашан естен шығармаған жөн. Қиындығынан қашпай, кез-келген кедергіге төтеп бере алатындай жанкешті болуың керек. Негізі ісіңіз сүйікті болса, жұмыс барысы аса қиындық тудырмайды деген ойдамын.

-Журналистиканы қалай үйрендіңіз, мамандығыңыз филолог қой. Осы саладағы бағыт берген, демеп отырған ұстазым деп кімге алғыс айтар едіңіз?

— Журналист филолог бола алмайды, бірақ филолог журналист бола алады. Телевизия саласы ұжымдық жұмыс. Жеке бір өзің ештеңе көрсете алмайсың. Экранда бір ғана диктор сөйлеп отырғанымен кадр сыртында топ адамның еңбегі жатыр. Сондықтан бұл салада бағыт-бағдар берген, кеңесін айтып, білгенімен бөліскен тәжірибелі әріптестерім көп. Олардың әрқайсысының мен үшін орны бөлек.

-Университеттегі ұстаздарыңыз туралы да еске алсаңыз. Кімнің дәрісі ұнаушы еді?

— Ұстаздарымның бәрін сыйлаймын, құрметтеймін. Әсіресе Матенова Сақып-Жамал, Молданова Зухра, Тектіғұл Жанна, Сәдуақас Нұрбол, Алдашов Нұрдәулет ұстаздарымды  атап айтқым келеді. Амангелді Айталы, Алтай Тайжанов ағайлардың тамаша дәрісін тыңдадық.

-Негізі университеттің «Филология» факультетін бітірушілер еңбек жолдарын осы жергілікті​ Aqtóbe​ телеарнасынан бастап жатады. Осы салаға көшбастаушы өзіңіз де жаңа келгендерге бағдар нұсқап, ұстаз болып жүрген шығарсыз?

— Көшбастаушы емес, көш жалғастырушы дегеніңіз дұрыс болар. Себебі маған дейін де келгендер бар. Көшті бастамасам да, білгеніммен бөлісуге үнемі әзірмін деп айта аламын. Телеарнада тәжірибеден өтіп жүрген жастарға, қызметке енді орналасқан жас әріптестеріме​ жол сілтеп жіберу міндетім ғой.

-Қазақтың батыр қызы – Әлияның (Молдағұлова) туған елінен екенсіз. Қобда жерінің қасиеті онда өскен жандарға ерекше көрік пен алғырлық ​ дарытатын секілді. Әлияның бейнесіне ұқсастықты байқап отырғасын айтқаным ғой…

-Рақмет! Батырға ұқсасақ жаман болмаспыз. Ежелден батырлардың мекені болған Қобда ауданын қалай мақтан етсем де артық етпес.​ ​ Әлия туған топырақта өскен соң, жақсыға ұқсауға тырысамыз әрине.

-Туған жерге жиі барасыз ба, ауылдың жағдайы қалай?

​- Бір жарым жасымнан бастап Қобдада өстім. Балалық шағым өтті. Әрине туған жерге барып тұруға тырысамын, өйткені әке-шешем, қара шаңырақ сонда. Барған сайын күн санап көркейген ауылымды көріп бір марқайып қаламын. Шежірелі өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалыпты.​ Ауыл шаруашылығы секторына бағытталған аймақтың халқы бірлігі мен ынтымағы жарасқан еңбекқор. Экономикалық дамуы көңіл көншітеді. Қойнауы құтқа толған Қобдада әлі талай ілкімді іргелі істер атқарылары сөзсіз.

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8(475-476)