Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлы ақынға тағзым

Ұлы ақынға тағзым

Қыркүйектің 9-11 күндеріне жоспарланған Жармола жәрмеңкесіне Абай облысынан арнайы делегация келді.

Кеше осы делегация өкілдерінің қатысуымен Ақтөбедегі Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Ескерткіш жанына облыстық ішкі саясат, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының қызметкерлері, облыстағы этномәдени орталықтар мүшелері, ақтөбелік филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, студент және оқушы жастар жиналды. Салтанатты жиынның беташар сөзі мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға берілді.

— Өткен жылы Ырғыз аудандық әкімдігі «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты экспедиция ұйымдастырып, Ырғыз өңірінен шыққан қаламгерлер, мәдениет пен өнер адамдары, өлкетанушылар Абай елінде болып, ұлы Абайға тағзым етіп қайтқан еді. Бүгінгі күні, міне, Абай туған өлкеден біздің облысымызға арнайы делегация келіп отыр. Ұлы ақын барша қазақты, тіпті бүкіл түркіні байланыстыратын, басын қосатын, біріктіретін тұлғаға айналды. Оның арғы атасы Ырғызбай ел басына күн туған Ақтабан шұбырындының кезінде Ырғыз жерінде дүниеге келіпті. Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай мен олардан тараған ұрпақтары бүкіл халықтың қамын жеген, елдің ертеңін ойлаған тұлғалар еді. Менің әсіресе жастарға айтарым: біз Абайды осындай оқиғалар кезінде ғана еске алмауымыз керек. Ең маңыздысы — оның рухани мұрасын ойымызға, санамызға сіңіру. Сондықтан оның мұрасына қайта да қайта оралып, зерделеп отыру керек, — деді Амангелді Әбдірахманұлы.

Жиында сондай-ақ Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Шамұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Аманжолова сөз сөйлеп, қонақтарға игі тілектерін білдірді.

Абат Шамұлы екі өңір арасындағы рухани байланыстың 2019 жылы Жұбанов университеті ұйымдастырған «Жұбановтан — Абайға» экспедициясынан басталып, үзілмей келе жатқанын, алда да жалғаса беретінін атап өтті.

Ләззат Оразбаева соңғы жылдары Абай мұрасын зерделеудің жанданғанын, бұған ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы серпін бергенін айтты.

Қонақтар арасынан ақын, Кәмен Оразалин музейінің басшысы Елдар Оразалы сөз сөйледі.

— Өңірлер арасында түрлі салада әрдайым байланыс болмай тұрмайды. Алайда рухани саладағы байланыстың маңызы зор. Абайдың туған жерімен, туған өлкесімен рухани байланыс орнатуға зор мән беріп, соған атсалысып жүрген ақтөбелік азаматтарға біздің ризашылығымыз шексіз, — деді ол. Сондай-ақ өзінің «Шыңғыстау» атты өлеңін оқып берді.

Жиында Беджа Калмыков пен «Купава» халықтық фольк-модерн тобы Абайдың әндерін орындады. Актер Әсет Оразалин Абайдың қарасөздерін, ал мәртөктік оқушы Гүлбану Алдамжарова Абай өлеңдерін оқыды.

Соңынан жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

/aqtobegazeti.kz/