Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ең ғажап демалыс

Ең ғажап демалыс

Жылдағы әдетімізбен  еңбек демалысымызды асыға күтіп, орындалатыны бар, орындалмайтыны бар түрлі жоспар құрып ерекше дайындаламыз. Биылғы демалысым басталар кезде көңіл қуантқан  хабар университет кәсіподақ ұйымының қолдауымен Түркістан облысындағы  “Сарыағаш”демалыс орнына тегін жолдама берілуі болды. Бұл оқиғаны ұзақ жылғы ұстаздық еңбегімнің бағаланғаны деп қабылдадым. Оның үстіне 58 жасқа толған туған күнім осы мезгілге сәйкес келді. Бір  топ оқытушы, қызметкер болып біз демалуға келген Сарығаш елді мекенінде 70-ке жуық демалыс орны бар екен. Солардың бірегейі «Айша бибі”шипажайындағы демалысымыз өте сапалы болды. Осы мүмкіндікті сыйлаған университет басшылығына рақметімді жолдаймын. Шипажайда емдік-сауықтыру шаралары белгілі уақытында жасалып, өте жақсы демалып, денсаулығымызды жақсарттық. Киелі Түркістан,Ташкент қаласының көрікті жерлерін араладық.

Өзім саяхаттағанды жақсы көремін, оның үстіне көпшілікпен саяхат ерекше әсер қалдырады. Жаңа адамдармен танысу жан сарайын толтырып, рухани азық береді. Жан да, тән де демалды.

5 жыл Алматыда оқыдым, оңтүстік өңірінде 16 жыл тұрдым, Ақтөбеге келгеніме де 22 жыл болыпты. Жалпы ұстаздық жолыма 36 жыл.
Қазақстанның біраз жерінде болдым, тек Жезқазған мен Семейге жол түспепті. Көпшілігі іс-сапар барысында болса да әр саяхат кезінде жүрген  жерлерімдегі тарихи орындарға, кесенелерге, кітапхана, театрға соқпай кетпеймін. Биыл да сол дәстүрмен Сарыағашта салынған үлкен мешітті тамашаладым, жаңарған  Түркістанның киелі жерлерін аралап,  зиярат жасадым. Жаңадан бой көтерген ғимараттарды, алып кітапхананы, жаңа Қазақстанның осындай гүлденген бейнесін көру ұмытылмас әсер қалдырды.
Оңтүстік сапарынан соң  Атырау өңіріне жол түсті. Онда тұратын, көптен кездеспеген группалас құрбыларыммен қауыштым, сонау студенттік кезімізге қайта оралғандай  болдық, мұның өзі адамның бір қимас күндерінің әдемі есте қалар естеліктері деп ойлаймын. Атырау өңірінде қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі — Сарайшық қаласы орналасқан. Осы тарихи кешенді аралау бақыты бұйырды. Сарайшық (Сарай-жүк) монғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Тарихи деректерде  Сарайшықтың  қолөнері мен сауданың ірі орталығы болғандығы айтылады.

Тарихи-мемориалдық кешен  1999 жылы 3 қыркүйекте ашылған.
Кешеннің құрамына Хандар Пантеоны кіреді.
Оның биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған.
Сондай-ақ бұл жерде мешіт пен мұражай бар.
Ең тез өтетін уақыт — демалыс уақыты. Биылғы еңбек демалысым ойлағанымнан да тамаша өтті. Түйгенім дос бола білген адамға ғана жақсы дос бұйырады деген сөз рас екен, достарымның көптігімен мақтана аламын. Шындығында әркез әлеуметтік желіден өмірдегі жаңалықтарымыздан хабардар боп отыратын достарыммен кездесуге асығып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қолпаштауы шалқар шабыт берді. Осылайша жаңа оқу жылын сергек көңілмен, шат сезіммен бастағалы жүрмін. 2022 жылдың жазы ең ғажап демалыс сыйлады, сондықтан әрдайым есімде әдемі естеліктерімен сақталмақ.

Сақыпжамал Жаянқызы Ташимбаева
Zhubanov University «Қазақ филологиясы» кафедрасының аға оқытушысы, филология факультеті кәсіподақ төрайымы

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8(475-476