Суббота, Июль 20, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақ тілін оқытатын IT жобалардың авторлары «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталады

Қазақ тілін оқытатын IT жобалардың авторлары «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталады

Қазақ тілінің мəртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан тұлғалар енді «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталады. Мұндай ұсыныс енген Үкімет қаулысы ашық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен гуманитарлық сала өкілдері, қазақ тілінің мəртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан тұлғалар, қазақ тілін оқыту бойынша IT жобалардың авторлары болып саналатын білікті мамандар, сондай-ақ гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға жəне дамытуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары да марапатталады.

«Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі шеңбер тәрізді диаметрі 34 мм болатын жезден дайындалады. Төсбелгінің алдыңғы бетінде (аверс) Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі болады. Оның сыртында шеңбер жиегінде «Ахмет Байтұрсынұлы» деген шығыңқы жазба бедерленген. Жазудың екі шетіне ұлттық ою-өрнек салынған. Төсбелгінің сырт жағының (реверс) ортасында «Қазақстан Республикасы» жазуы орналасқан. Жазудың үстіңгі және астыңғы бөлігіне ұлттық ою орналастырылған. Төсбелгі ені 26 мм, биіктігі 22 мм тіктөртбұрышты қалыпқа бекітіледі», — деліген құжатта.

Еске салайық, Ұлт ұстазыны мерейтойына орай Қазақстан Ұлттық банкі «Ахмет Байтұрсынұлы 150 жыл» монетасын шығарған болатын.

Сонымен қатар, «Ахаң жүріп өткен жолмен» экспедициясының нәтижесінде Әзербайжан ғылыми-зерттеу орталығының мұрағатынан Ахмет Байтұрсынұлының видеосы табылды.