Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Бүгін Жұбанов университетінде Басқарма төрағасы-Ректор жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде кеңес жарғысын бекітіп, жұмысының негізгі бағыттарын айқындау, кеңес төрағасын таңдау мәселелері талқыланды.

Университет ректоры Лаура Қарабасова жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің университет имиджін дамытуда маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар оқу орнының басшысы аталмыш кеңестің үлкен күшке айналатындай, іс жүзінде мәселелерді шешетіндей жастар алаңына айналатынына сенім білдірді.
«Біздің университетте ғылыми кеңес, директорлар кеңесі, академиялық кеңес, ғылыми-техникалық кеңес, ақсақалдар кеңесі бар. Дегенмен ол кеңестерде жастардың үлесі өте аз. Жастардың өзінің толықтай даусын көрсететін, пікірін білдіретін, өздеріне ғана тиесілі кеңесі болғанын қаладық»,- деді Лаура Қарабасова.

Жастар кеңесі биыл жаңа оқу жылынан бастап құрылып отыр. Құрамында университеттің әр саласында қызмет ететін жас оқытушылар мен қызметкерлер бар.

Кеңестің негізгі міндеті студенттерге қатысты мәселелердің басым бағыттарын анықтау және оларды шешу жолдарын қарастыру.
Сондай-ақ, талантты, интеллектуалды әлеуеті бар жастарды университет тарапынан қолдауды ұйымдастыру, университет дамуының маңызды мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау, Басқарма төрағасы – Ректорды университеттің әлеуметтік жағдайында болып жатқан оқиғалар туралы хабардар етіп отыру.