Вторник, Март 19, 2024
Басты > Білім > «Өрлеу» орталығының басшылары Жұбанов университетінде

«Өрлеу» орталығының басшылары Жұбанов университетінде

Бүгін «Өрлеу» Біліктілікті арттыру орталығының Басқарма төрағасы Әсел Мухаметжанова және Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» филиалының директоры  Нұргүл Әбішева Жұбанов университетіне келді.

Қонақтар Студенттер сарайы, Инновациялық технологиялар паркі, дәріс залдары, сонымен қатар арнайы университеттің педагог мамандар даярлайтын оқу базасымен танысты. Олар «Сенім» әлеуметтендіру орталығы, «Сана» психологиялық-педагогикалық кеңес беру, «Этнопсихология», «Тұлға психологиясы», «Шешендік өнер» кабинеттерін аралап, білім алушылар үшін жасалған жағдайға оң бағасын берді.

Оқу базасымен танысқаннан соң қонақтар университет басшылығы және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесуде университет ректоры Лаура Қарабасова соңғы кездері елімізде педагог мамандардың мәртебесін көтеруде көптеген жобалар жүзеге асып жатқанына тоқталып, университетіміз көп салалы болғанмен, білім алушылардың 45 пайызын педагогикалық бағыттағы мамандықтар құрайтынын атап өтті.

«Өрлеу» орталығының Басқарма төрағасы Әсел Мухаметжанова орталықтың жұмыс барысы туралы әңгімеледі. Біліктілікті арттыру курстарында педагогтердің білім алу мен кәсіби дағдысын қалыптастыруға жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, басқосуда қазіргі таңдағы білім саласындағы тың өзгерістер, «Өрлеу» орталығымен қалыптасқан әріптестікті одан әрі нығайту жолдары, іскерлік байланыстар талқыланды.