Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Латынша мәтінді жүрдек жаза алады

Латынша мәтінді жүрдек жаза алады

Жаңа әліпби

Биыл қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген латын әліпбиінің құрамында 32 әріп берілген. Бұл әліпбиде Ахмет Байтұрсынұлы анықтап, жүйеге түсіріп берген қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Кірме дыбыстарға да таңба берілген: [ф]-f; [х],[h]-h — екі дыбысқа бір таңба, [в]-v,  [ч]-сʼ. Бұл таңбалардың кірме дыбыстарға арнайы берілуі қазіргі қазақ тілінде осы дыбыстармен келетін сөздердің орныққанына байланысты деп ойлаймын. Тоғыз әріп дәйекшемен жазылады: [ә] – аʼ, [ө] – оʼ, [ғ] – gʼ, [и], [й] – іʼ, [ң], [нг] – nʼ, [ш] – sʼ, [ч] – cʼ, [ү] – uʼ,[у] – уʼ. Дәйекшемен беру қос әріппен таңбалауға қарағанда жақсы, дегенмен осы әріптер қайталанатын сөздерде сөз жігінің біртұтас қабылдану бейнесіне кедергі келтіреді. Дегенмен, көз үйреніп, қол жаттығып, санада қазақ тілінің жаңа әліпбимен ассоциацияланып бекітілуіне уақыт қажет.

Бір аңғарғанымыз — жастардың бұл әліпбиді бірден қабылдап, жүрдек жазып кете алатындығы. Түске дейін студенттік топтарға мәтін таратып жаздырғанда, студенттердің көпшілігі қиындықсыз жазып шықты.

Енді қазақ тілінің жаңа әліпбиіне сәйкес түзілетін емле ережелерінің дайындалып, қабылдануы да үлкен іс.

Жаңа әліпбидің қабылдануы, бекітілуі — тәуелсіз еліміздің тұғырын бекіте түсетін, әлемдік ақпарат кеңістігіне еркін енуге мүмкіндік беретін, жаңа заман жастарының қазақы қалпын айшықтай түсетін, түп тамырымен сабақтастығын арттыратын қадам деп білемін.

 Күлзат САДИРОВА,

Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университеті филология

факультетінің деканы,

филология ғылымдарының докторы.

Жоспарлы шаралар қолға алынды

Латын қарпімен өз басым ширек ғасырдан астам уақыт бұрын таныстым. Алматыда оқып жүргенімде қазіргі еліміздің Ұлттық кітапханасынан ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған аудандық «Ырғыз» газетінің отызыншы жылдардағы ескі сандарын алып қарағанмын. Әуелі «Шаруа тілі», кейін «Колхозшы» атанған аудандық басылым тұтастай латын қарпімен шыққан. Әдепкіде тосындау көрінген латынша жазуды қызығушылық пен ықылас қоюдың арқасында жүргізіп оқи алатындай дәрежеге жеттім.

Өткен ғасырдың 1929-1940 жылдарында қолданыста болған латын қарпімен басылған кітаптарда, баспасөзде ел тарихының беймәлім тұстары, сол жылдардың тыныс-тіршілігі жатқандығы айқын. Оның жекелеген бөлігін тарихшыларымыз көрсеткенімен, әлі де бүгінгі қауымға жетпеген латынша қаріппен жазылған деректер жетіп артылады. Кезінде Ырғызда аудандық «Шаруа тілі» газетін ашуға атсалысқан белгілі журналист Кәрім Ержановпен көзі тірісінде жолығып, әңгімелескен едім.  1930 жылы аудандық газет ашылған кезде басты тақырыптардың бірі — халықты латыншаға үйрету болғанын сол кісіден естідім.

Міне, енді сең қозғалып, араға жетпіс жеті жыл уақыт салып латын әліпбиіне көшу мәселесі қайтадан қолға алынды. Өзім басшылық жасайтын аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде латыншаға көшу мәселесіне қатысты жоспарлы шараларды бастап кеттік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісі үлкен жауапкершілік пен төзімділікті, шынайы жанашырлықты қажет етеді.

                                          Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз аудандық орталықтандырылған

кітапхана жүйесінің директоры.

источник