Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Университетте жаңа үлгідегі асхана ашылды

Университетте жаңа үлгідегі асхана ашылды

Студенттерге сапалы білім алуға жағдай жасап қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлу өте маңызды. Осы орайда Жұбанов университетінде жаңа оқу жылында барлық ғимараттағы асханалар желісі заман талабына сай жаңартылды.

Бүгін техникалық факультеті орналасқан №3 оқу ғимаратында KINZA асханалық желісінің ашылуы өтті.
Университет ректоры Лаура Қарабасова әрбір студенттің денсаулығы маңызды екеніне тоқталып, осындай сапалы тамақтанатын, эстетикалық талаптарға сай асхананың ашылуы сәтті жүзеге асқан әлеуметтік жобалардың бірі болғанын атап өтті. Сонымен қатар осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан кәсіпкер Асқар Каршагин мырзаға ризашылығын білдірді.

Қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа үлгідегі асхана студенттердің де көңілінен шықты.
Белсенді студенттердің бірі Сатбек Орақов: — Асхананың тамақтары өте дәмді, әрі бағалары да қолжетімді. Жастар үшін тамақтанатын жердің таза, әрі талғамға, заманауи талаптарға сай болуы өте маңызды. Осындай мүмкіндік сыйлаған университет басшылығына алғысымызды білдіреміз.

Айта кетейік, осыған дейін М.Арын атындағы бас ғимаратта кофейня, Н.Байғанин атындағы №6, Б.Сүлейменов атындағы №2 және №5 оқу ғимараттарында, сондай-ақ, Жоғары колледж қызметкерлері мен білім алушылары үшін жаңартылған асханалар ашылған болатын. Алдағы уақытта бас ғимараттың үшінші қабатында орналасқан асхананың ашылуы күтілуде.