Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастар сенбілікке шықты

Жастар сенбілікке шықты

Бүгін Ақтөбе қаласының жастары «Экологиялық таза қала» акциясына қатысты. Еріктілер мен белсенділерден құралған 350-ден астам жас облыс әкімі Ералы Тоғжановпен бірге 12 шағын аудандағы М.Мәметова көшесі бойындағы шағын бақты тазалады.

ЕралыТоғжанов өңір тұрғындарына, кәсіпкерлер мен жастар ұйымдарына туған өлкесінің тазалығына бей-жай қарамай, сенбіліктерге белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Халқымызда «ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Міне, біз бірнеше күннен бері қаламызды тазартып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жалпықалалық сенбілікке қатысып жатырмыз. Тазалық — тазалаған жерде емес, айналаны таза ұстаған кезде ғана болады. Ауламыз таза болса ой-санамыз да тазарады, бойымыз сергіп, көңіліміз көтеріледі. Сүйікті қаламыздың тазалығы баршамызға ортақ іс, жас буынға үлгі-өнеге, сырттан келген қонақтар үшін тұрғындарымыздың абыройы.
Өскелең ұрпаққа жан жағын таза ұстап, ластамауға үндеу, шашпауға шақыру аға буын мен әрбір азаматтың борышы, азамдық парызы. Әрбір адамның жеке жауапкершілігі.
Сенбілік басталғалы бері қаламыздың тұрғындары, бизнес өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жеке секторлардың мамандары, жігерлі жастарымыз белсене қатысты. Бұл игілікті іс бүгінмен бітіп қалмайды, өз жалғасын таба беретін болады. Кіші отанымыздың гүлденуі, қаламыздың өсіп-өркендеуіне баршаңызды бір адамдай жұмыла атсалысуға шақырамын»,- деген облыс әкімі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген 13 студент пен еріктіге алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға қолдау көрсеткендер де бар. Осы жиында жетпіс жас облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.

Экологиялық таза қала акциясына қатысқандардың бірі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті Жанерке Тасболат.
— «Медик волонтерлер» клубының мүшесімін. Сенбілікке жиі қатысамын. Жүрген жерімнің таза болғанын қалаймын. Тазалықтан ауру қашады. Сенбілікке шығу арқылы түрлі аллергиялық аурулардың алдын алып жатырмыз. Сондықтан тек жастар емес, барша қала тұрғындарын сенбілікке шақырамын, — дейді ол.
Сенбіліккке студенттермен бірге оқытушылары да келіпті. Жұмыс киімімен жүрген ағайдың бірін әңгімеге тарттық:
— Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінен сенбілікке барлық факультеттің студенттері қатысып отыр. Біз әрқашан арнайы бекітілген кестеге сәйкес тазалық жұмыстарын жүргіземіз.Сенбілікке студенттерден өзге профессорлық-оқытушылық құрамы да қатысып, белсенділік танытуда. Бүгін біздің оқу орнынан сенбілікке 100 студент келді. Қаламызды абаттандыру жұмыстарына да, тазалығына өз үлесімізді қосып келеміз, — дейді филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айбат Өмірбаев.
Еске салайық, санитарлық тазалау мен абаттандыру бойынша екі айлық 17 қыркүйекте басталды, 4 қарашаға дейін жалғасады.
24 қыркүйекте өңірдің 22 мыңнан астам тұрғыны, жүзден аса кәсіпкерлік ұжымы, мектептер мен медициналық мекемелер жалпыоблыстық сенбілікке шықты.
Екі сенбілік барысында 1073 көше, 198 саябақ, шағын бақтар қоқыстан тазартылып, 1926 тонна қоқыс шығарылды, 261 шақырым жол тазартылды.
Бұған қоса, заңды және физикалық тұлғаларға абаттандыру ережелерін бұзғандары үшін 955 ұйғарым шығарылып, 93 адамға 4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

 

/aqtobegazeti.kz/