Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Жұбанов университеті Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихшы ғалымдарымен бірге  «Ресей вассалитетіндегі қазақ даласы: дала элитасының тарихы мен тағдыры»  тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференция барысында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан ғалымдары ХҮІІІ-ХХ ғасырлардағы тұлғалар, Алтын Орда тарихының өзекті мәселелері туралы баяндамалар жасады. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы Клара Хафизова, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің отандық тарих кафедрасының профессоры Дмитрий Васильев, Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Тепкеев, Өзбекстан республикасынан Тарих, археология және этнография институтының профессоры Асқар Жумашев, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Избасарова т.б. бар.

Басқосу кезінде тұлғаның тарихтағы рөлін зерттеудің тұжырымдамалық және әдіснамалық тәсілдері, дала билеушілері халық ауыз әдебиетінде, кіші жүз билеушілерінің өзара қарым-қатынастарының сыртқы контурлары, өлкені әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңаша құруда далалық элитаның рөлі, жаңа замандағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан ғалымдар  бұрын белгісіз болған фактілер мен материалдарды жариялауға, сонымен қатар осы мәселе бойынша бірыңғай түсінік пен тұжырымдама қалыптастыру бойынша ойларын ортаға салды. Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылу тарихы, ұлттық қозғалыстар мен көтерілістер сияқты маңызды тарихи оқиғалар мен процестердің барысы туралы өзекті мәселелер айтылды.