Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жатақхана жеткілікті ме?

Жатақхана жеткілікті ме?

Ақтөбеде жастар саны жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша қолдау ісі ерекше қарқын алып жатыр. Қаламыздың оқу орындарында  52595 студент білім алады. Оларға арналған 29 жатақхана бар. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағдары «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталады.

Соның ішінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде қарастырды. Әрі мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн екенін ескертті.

Ақтөбеде 4 жоғары және 16 орта арнаулы оқу орындары бар. Жоғары оқу орнындарында жатақхана мәселесі оң шешімін тапқан. Қала бойынша тек М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжі жатақханаларынан орын тапшылығы байқалады. Осы жылы медициналық колледждің жатақханасына 350-ден астам адамнан өтініш түскен, оның 150-ін ғана орналастырған. Дегенмен жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағыты бойынша оң нәтижелер бар. Медициналық колледжге жаңадан жатақхана салу Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасына кірген. Жатақхана құрылысын аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр.

«Студенттерге есігіміз ашық»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлікуниверситетінде 13141 студент оқиды. Оның 3000-ға жуығы басқа өңірден келген. Студенттерге жайлы болуы үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған 4 жатақхана бар. Жалпы 2100 балаға арналған орын бар. Дәл қазір 1860 студент тұрады. Жатақхана бағасы да тұрмыстық жағдайына сай. №1, 2, 3 студенттер үйінде тұрсаңыз, жылына 50500 теңге, ал 2017 жылда қолдануға берілген жастар үйінің бағасы 75750 теңгені құрайды.

— Жатақханада тек 1-курс студенттері ғана емес, жоғары курстағыларға да беріледі. Яғни орын тапшылығы жоқ. Керісінше, қазіржатақханада  тұрамын деген жастарға есігіміз ашық, —дейді әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Арайлым Бисенова.

Оқу орнында жыл сайын студент көбеюде. Соған сай жатақханаға сұраныс та артып отырады. 2020 жылғы мәліметке сүйенсек, университетте «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан 592 студент білім алады, оның ішінде «Білім» бағыты бойынша — 423, «Техникалық ғылымдар және технологиялар» бағыты бойынша — 169 адам. Оқу орнының студенттерді жатақханамен қамту деңгейі— 100%.

Ескі мен жаңа

Жатақхана тек жатын орын ғана емес, студенттердің екінші үйі боп саналады. Сол үшін де сабаққа дайындалып, білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалумен қатар, шығармашылықтарын дамытатын орталық қызметін де атқаруы керек. Жастардың білім алуына қолайлы әрі қауіпсіз болуы— заман талабы.

Студенттердің де жағдайын сұрап, бөлмесіне кіріп көрдік:

Жастар үйінде тұратын студенттердің жағдайы әлдеқайда жақсы. Жұбанов университетінің студенті Айкөркем Қанатқызы жатақханадағы өмірі туралы былай дейді:

— Жатақханада тұрып жатқанымызға биыл 2-жыл. Бірақ биыл заң өзгерген, университеттен шығып кеткен жағдайда ақшамыз қайтарылмайды. Тек академиямен ауысқан кезде қайтарамыз деген келісімшартқа қол қойдық. Жатақханада тұрған қызық, бірақөзіндік ережелері мен заңдары да бар. Жарықты өшіріп жүру, үтікті пайдаланбау, түнгі 11.00-ге дейін келіп болу деген сияқты. Бірақ жатақхана жайлы, таза, сонысымен ұнайды. Тазалыққа жауап беретін кезекші болады. Киімдерімізді де белгіленген уақытта ғана жуамыз. Мереке күндері әркімөз өнерін көрсетіп, шағын концерт ұйымдастырамыз, — дейді ол.

Ескерте кететін жайт, оқу орындарында жатақханаға өтініш беру қазан айына дейін жалғасады.

 

«Ақтөбе— батыстағы студенттер астанасы» десек, ел ертеңі болатын жас ұрпаққа жағдай жасалуы керек. Жастарға қолдау білдіргенде ғана білімнің сапасы көтерілетіні анық.

 

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

/aqtobegazeti.kz/