Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ізденгіш ұстаз, ғибратты ғалым еді…

Ізденгіш ұстаз, ғибратты ғалым еді…

Тағзым

Уақыт керуеніне бөгет жоқ,  күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, күн, ай, тіпті жылдың да бірін-бірі қуалап өте шыққанын байқамай қалып жатамыз.Осындайда бір сәт өткенге ой жіберіп, осы өмір көшінде келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанған талай жақсылар мен жақындарымызды еріксіз еске аламыз.

Тағдырдың жазуы шығар, бұдан он бір жыл бұрын 49 жасында бақилық болғанәдебиетші ғалым Серік Бермағанбетарамызда болғанда биыл 60 жасын тойлар еді.

Серік Жұбандықұлы 1989 жылдан бастап, 2011 жылдың желтоқсаны, яғни өмірінің соңғы күніне дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы  қызметтерін атқарды.

Мен Серік Жұбандықұлымен 1994 жылы университетте жүргеннен таныс болып,  кейіннен қазақәдебиеті кафедрасында бірге жұмыс жасадым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, көпшіл, бауырмал жігітпен алғашқы таныстығымыздан бастап-ақ жақсы қарым-қатынаста болып, сыйласып  кеттік. Сыртқы бітімі палуан дене, батыр тұлғалы қара  жігіттің ішкі  болмысы жұмсақ, мінезге бай, етек-жеңі кең, жұртпен күліп, ашық-жарқын сөйлеседі екен. Пенде болған соң әр адамның бір кемшілігі, пендешілік іс-әрекеттері болады. Пендешіліктің емі жоқ дерттерінің қатарында шенқұмарлық, қызғаншақтық,  қиянат жасау, көреалмаушылық, т.б. пасық қасиеттерді атауға болады. Мен білетін Серік осы пендешілік «аурулардан» аулақ болды. Біреу өлермендікпен атақ алуға ұмтылса, енді бірі ебін тауып атқа мінуге талпынып жатқан мына бәсеке заманда өзінің жер қозғалмас мінезімен, асықпай-саспай, ешкіммен жарыспай, ештеңені қызғанбай, ашық-жарқын жүретін Серіктің осы қасиеті маған  ерекше  әсер етті. Өз әріптестерінің, жолдастарының әр жаңа қадамына қолдау көрсетіп, жақсы  тілегін айтып отыратынын талай көргенбіз. Оның табиғатында асығу, тез ашулану, өзгені ренжіту, сыртынан сөз айту сияқты келіспеген мінездер жоқ еді. Қашанда жеңіл әзілімен, сабырлы сөзімен, көңілді  отырысымен  ерекшеленетін.

Серік  Жұбандықұлының өмірбаянына зер салар болсақ, оның қарапайым отбасынан шығып, ерінбей еңбектеніп,  өмірге құштарлықпен алға ұмтылған   қажыр-қайратын сезгендей боласың.Ол 1962 жылы 26 тамызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылдық кеңесіне қарасты Абай ауылында дүниеге келді. 1979 жылы орта мектепті бітірген соң, өз ауылында  жұмысшы болып еңбек жолын бастап, 1980-1982  жылдары Читада әскери борышын өтеді. 1982-1984 жылдары Жамбылдың құрылыс-жөндеу басқармасында жұмысшы болды.1984-1989 жылдары ҚазМУ-дың  филология факультетінде оқып,«Филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығын алысымен  Оқу министрлігінің №8272 арнайы жолдамасымен Ақтөбе педагогикалық институтыныңқазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы болып болып келді. 1990-1991 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ізденуші-зерттеушісі,1991-1994  жылдары сол оқу орнында аспирантураның күндізгі бөлімінде оқуға түсіп, ғылыми зерттеумен шұғылданды.

Егемендігіміздің алғашқы кезеңінде, ел дінді енді ғана ауызға ала бастаған шақта, Серік Жұбандықұлы әдебиетіміздегі діни-ағартушылық мәселелерді қозғап, 1995  жылы 24 ақпанда Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте «Діни-ағартушылық және Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының әдеби мұрасы» тақырыбында  диссертация қорғап, филология   ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Кешегі кеңес заманы қазақ әдебиетіндегі ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы төңкерістен бұрынғыақын-жырауларды  «буржуазияшыл ұлтшыл-реакцияшыл бағытты ұстаған, кітаби-діншіл, ескішіл көзқарастағы,дүниетанымы күйкі, қайшылығы мол ақын-жазушылар» деп түрлі жағымсыз атаулармен атап, еңбектерін оқуға тыйым салынып, халыққа кері түсіндірілген ақындар туралы, бұған қоса олардың дінге қатысы  бар екендігінен  өзгелердің әлі де бұл тақырыптан бойын аулақ ұстап  жүрген, басқалар «діни-ағартушылық ағым» деген әдеби атаудың да байыбына жете  бермеген кезінде қазақ  әдебиетіндегі осы ғылыми маңызды мәселені зерттеу нысаны етіп, діни-ағартушылық ағым және оның өкілдерінің әдеби мұралары халықтың мұң-тілегін  жеткізіп, заман кемшілігін көрсетіп, елді шыншылдыққа, ізгілікке, имандылыққа шақырғаны туралы ғылыми дәйекті зерттеу жазып, батыл қорғап шыққан еді. Асылдарымызды ардақтап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау бағытында кейбіреулер айқайға аттан қосып жүретін болса, Серік өзінің  «асықпаған арбамен  қоян  алады»  жүрісімен-ақ қазақ әдебиеті мәселелері бойынша өткізілетін әдеби шараларға белсене араласа жүріп  ғылымға өз үлесін қосып кетті…

Әдебиетші ғалым Серік Жұбандықұлы 2011 жылы Әбубәкір Кердерінің туғанына 150 жыл толуына орай Алға қаласында өткізілген «Әбубәкір Боранбайұлының (Кердері) әдеби мұрасы» атты республикалық, ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастыруға, Мәдениет министрлігі бастамасымен түсірілген шайыр туралы «Даналардың ізімен» деп аталатын деректі фильмге әдебиет сарапшысы болып, фильмнің түсіріліміне көп көмек көрсете білді. Ауыл мектептеріне ғылыми-әдістемелік көмек жасау бағытында ауылдарға жіберілетін іссапарларға да белсене араласатын Серік соңғы рет Шұбарқұдық  гимназиясында болып қайтқан-ды. Ғалым-маман ретінде күнделікті оқу үдерісінде шәкірттеріне жүйелі білім беріп, ғылым нәрімен сусындатып, ғылыми өзекті тақырыптардағы диплом жұмыстарына, бірнеше магистрлік диссертацияларға  жетекшілік жасап, қорғатты. Ол шәкірттеріне өзі көріп-білген, арамызда жүрген достық байланысы бар ақындар Ертай Ашықбаев, Светқали Нұржан, Сабыр Адай, басқа даоқырмандар сүйіктісіне айнала бастаған танымал қаламгерлердіңшығармашылығы туралы көп айтып, студенттердің диплом  жұмыстарына да осы тақырыптарды ұсынушы еді.

Ғалым-ұстаз Серік Жұбандықұлы 1997-1999 жылдары университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, 2004-2010 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында филология факультетінің деканы  қызметтерін атқара жүріп, қазақ әдебиетін оқытуда «Аймақтық әдебиеттану» мәселесін ғылыми айналымға енгізді. Оның бір ерекше жауапкершілікпен белсенді араласатын шаруасы ғылыми конференция жұмыстары еді. Ол республикадан тыс жерлерге де, әсіресе шетелдегі ғылыми конференцияларға да бірге жұмыс жасайтын әріптестерінен бұрынқатысып, баяндамасын жасап, өзінің  ғылыми ізденістерге жақындығын көрсетті. Сөзімізді дәлелді етіп айтар болсақ, Түрік Республикасындағы Измир қаласында 2010 жылғы 19-25 сәуірде өткен «Түркі дүниесі» халықаралық мәдени конгресіне қатысса, 2011 жылықаңтарда Польша Республикасында болды. Алматыда 2011 жылдың  желтоқсанында  Қазақ ұлттық университетінде өткен «Қабдолов оқулары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында «З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің жанрлық ерекшелігі» деген тақырыпта жақсы баяндама жасағанын әріптестері ауыздарынан тастамай айтып  жүрді. Бұл Серіктің соңғы қатысқан конференциясы, жұрт алдында соңғы рет жарқылдап сөйлеуі екенін сол сәтте ешкім де білмеген-ді.

Ғалым Серік Жұбандықұлының қорғаған диссертациясы негізінде жазылған «Діни-ағартушылық ағым және Әбубәкір Кердерінің әдеби мұрасы» монографиясы өзі дүниеден өткен соң, 2012 жылы жарық көрді. Амал қанша, өзі баспаға дайындап қойған бұл еңбегінің  кітап  болып  баспадан шыққанын көру қуанышы  пешенесіне жазылмапты.Аталған монографиялық еңбекте қазақ  әдебиетінде«діни-ағартушылық ағым» деген әдеби атаудың қалыптасуына дейінгі әдеби процестерге, осы мәселеге қатысты әдебиетші-ғалымдар еңбектеріндегі түрлі тұжырым-пайымдауларға назар аударылып,барлық зерттеуші ғалымдардың еңбектері аталып, саясат қыспағы олардың қаламына «тұсау» болып, ойындағысын айта алмай, көсіліп шаба алмаған тұстары ескеріліп,ғылыми нақты  талдау жасалды.

Кеңес  үкіметі кезеңінде, күні кешеге дейін, қоғамтанушыларымыз да XIX   ғасырдың  аяғы  менXX ғасыр басындағы ақын-жыраулардың шығармашылығын түрікшілдік, кері тартпа  діншілдік, ұлтшыл-буржуазияшылдық ағым деп түсіндіріп келсе, зерттеуші С.Бермағанбет: «Дін, ғылым, өнер — өмірді тану деп аталатын бір бүтіннің құрамдас бөліктері болса, жеке өркениетті ұлт болу үшін дін, ғылым, өнер — үштаған бірін-бірі жоққа шығармайды, қайта толықтырады» дей келіп, «дін адамның жан дүниесінен бастап, қоғамдағы бүкіл процестерді бір қалыпқа түсіруге тырысса, әдебиеттің де түпкі мақсаты адамды қоршаған шарттылықтарды жеңіп, жан бостандығына жол ашады, екеуі де рухани дүниеге қатысты және сол кезеңде қазақ қоғамында жетекші бағыт ислам діні болды» деп көрсеткен еді.

Ғалым С.Бермағанбетзерттеуі бойынша айтсақ, діни-ағартушылық ағым өкілдері  арасында дақпырты Қазақ жерінен әрі асып, Орта Азия елдеріне де танылған, өз тұстастары мен кейінгі көптеген ақын үлгі тұтып,  ұстазы  санаған,  ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі, күні кешеге дейін  қызыл империяның тыйым салуы себепті есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіншілік болмаған, абырой-атаққа лайықты даңқты ақын Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы еді. Оның шығармашылығы жай дүние емес, ақын лирикасына тән терең мазмұн мен нақылға толы өлең-жырлары биік парасатты, мол білімді қажетететін түпсіз ойларға жетелейді. Ақын ой-толғауларында отаршылдық зардабы, заман ауыртпалығы, адамгершілік, дін-шариғаттары, имандылық тақырыбына ерекше мән  берілген. Ғалым Серік Жұбандықұлының зерттеуінде Әбубәкір мұрасының жанрына жан-жақты назар аударылып, оның  сан салалы, толғау, арнау, жоқтау, төкпе айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, сықақ-эпиграмма, мадақ, саяси-әлеуметтік, философиялық жырлар, көңіл күй лирикалары, шежіре-жыр, дін мәселесіне арналған өлеңдер бар екені айтылып, әдеби терең  талдау жасалған.

Қашанда ел қамын жеген ақын-жыраулар халқының бірлігі кетіп, бұрынғы ата-баба дәстүрінің бұзылуына, түрлі жағымсыз жағдайларға, заман өзгерістеріне қинала қараған…Ақын Әбубәкір Кердері дебұрынғы ел бірлігін, қазақтың халық ретінде тұтас болып тұрғанын, ешқандай алауыздыққа бой алдыра қоймаған кезін аңсаған…

Баланы таза өсіріп,

Құдайым сөйтіп оңдаған,

Жүзден бие байлаған.

Атаны бала құрметтеп,

Ағаны іні сыйлаған…

Заманның түбін барлаймын,

Бұрынғының бірі жоқ,

Жақсылардың күні жоқ,

Соларды жоқтап зарлаймын! — деп, ботасынан айырылған аруанадай боздаған ақын асылдың жасыққа, ерліктің елдің халықтың тобырға айналып бара жатқанына ашынып, халқының заман көшінен қалып, «замана деген желмаядан» құлап қалмауын тілейді.Ғалым-ұстаз  Серік Жұбандықұлы  өз зерттеуінде осындай ауқымдағы діни-ағартушылық ағым өкілдерінің шығармашылығының бүгінгі жастар тәрбиесіне де тигізер жақсы ықпалын атап көрсетіп отырады.

Серік Жұбандықұлының ұстаздық-ғалымдық қызметі өз алдына, ол балаларына да өнегелі тәрбие бере білген азамат еді. Оның үш қызының үлкені Әлия — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Консулдық қызмет департаментінің I хатшысы, Әсемөнертану мамандығында Польша Республикасында докторантура бағдарламасы бойынша  маманданған,  ал  Әсия коммуникация саласы бойынша Ақтөбе қаласында еңбек етеді.

Қос ғалым деп әріптестері құрмет тұтқан Серік Жұбандықұлының өмірлік жолдасы Бағила «Менің басты «жобам» — балаларым!» деп ұрпақтарына жол көрсете жүріп, өзі де университеттің ғалым-ұстазы ретінде елеуліеңбек етіп келеді.

«Бұл дүние ойлап тұрсам шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен»деген сөзді  айтсақ та, оның мәнін осындайда, кеше болып, бүгін арамызда жоқ адамдарды еске алғанда терең сезінеді екенбіз.

Ғалым-ұстаз, әріптесіміз болған, Серік Бермағанбеттің туғанына  алпыс жыл болғанын еске ала отырып, осындай азаматтың арамызда болғанын, оның елге қажетті көп шаруа тындырғанын кейінгі буынға жеткізуді парызымыз санаймыз.

 

Нұрбол СӘДУАҚАС,

                                филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті.

 

/aqtobegazeti.kz/