Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Батыр есімі ұлықталды

Батыр есімі ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінде Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған «ХVІІ-ХVІІІ ғғ. қазақ-жоңғар қатынастарындағы Есет Көкіұлының тарихи рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, тарихшы ғалымдар мен студенттер қатысты.

Конференцияда еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері Есет батырдың 355 жылдығына арналған іс-шараға орай өз ойлары мен ұсыныстарын айтып, батырдың өмір жолы туралы деректер айтылды.

— Бүгінгі күні бүкіл қазақ даласы рухы зор, осы даланы қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған, елі, жері үшін өз өмірін берген ұлы тұлғалардың үлкен галереясына айналды. Ақтөбе даласында талай ұлы батырлардың өніп-өскені тарихтан белгілі.

Биылғы батырға арналған шара — бұл бірлік пен ынтымақтың үлгісі. Сондықтан сіздерге осы істеріңіз баянды болсын деймін. Бұл іс-шара — бүгінгі және келер ұрпаққа тағылымды іс, болашаққа тарих. Ал тарих ешқашан ұмытылмайды, — деді белгілі сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов.

Конференцияда өзге облыстардан келген делегациялар да батырға арналған іс-шараларға байланысты өздерінің пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Ғылыми жиында ҚР ардагерлер қоғамдық ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдімүталіп Әбжаппаровтың,  Аллаярұлының, тарих ғылымдарының кандидаты Жəнібек Исмурзиннің,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Асылбек Мәденнің  баяндамалары тыңдалды.

Сондай-ақ шарада журналист Бақыт Жаншаеваның   Есет Көкіұлының 355 жылдығына арнап құрастырған «Елін қорғаған ер Есет»  жинағы көпшілікке таныстырылды.

Айта кетейік, Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған шаралардың бірқатары  7 қазан күні Алға ауданында бастауын алған болатын. Бүгінгі республикалық  конференция осы шаралар негізінде өткізіліп отыр.