Бүгін Жұбанов университетінде «Мамандығым-болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаевпен кездесу өтті.
Кездесуде ректор Лаура Қарабасова өңірді кадрмен қамтамасыз ететін Батыс өңіріндегі жетекші оқу орны ретінде бұл жобаның университет үшін маңыздылығын атап өтті.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – Президенттің тапсырмасына сәйкес әр өңірдің экономикасын дамыту үшін қажетті жаңа мамандармен қамтамасыз ету. «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» пилоттық жобасы негізінде 9 сала бойынша іске асырылуда. Жоба аясында Ақтөбе облысын кадрлармен қамтамасыз етудің өңірлік стандартын әзірлеу жоспарлануда. Осыған орай Жұбанов университеті жаңа мамандықтар атласын жасаушы өңірлік драйвер ретінде таңдалды.
Жиында Самғат Ермекбаев осы жоба бойынша жаңа мамандықтардың атласын жасау қаншалықты маңызды екенін және бұл өндіріс пен университет арасындағы байланыстың жаңа сатыға көшуіне, еңбек нарығын зерттеуге жол ашатынын айтты.
Өңірлік стандарт арқылы алдағы уақытта өңірге қандай мамандар қажет екенін анықтау, мектеп түлектерінің жеке ерекшеліктері, кадр тапшылығын қысқарту, өңірдің инвестициялық тартымдылығын және жалпы халықтың табыс деңгейін арттыру т.б. мәселелер бойынша жұмыстар атқарылатын болады.