Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жүрек қалауымен таңдаған мамандық адамды бақытты етеді

Жүрек қалауымен таңдаған мамандық адамды бақытты етеді

Ақтөбе облысы Алға ауданынан Zhubanov University өңірлік университетінде бакалавриатта
-333, магистратура -12 білім алушы оқып жатыр.​ Олардың ең ерегі — Зухра Шырақбаева. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 4 курс студенті. Білімді мыңды жыққан заманда бәсекеге қабілетті, өмір салты белсенді. Жан-жақты. Еңбекқор.
Сұқбатты жүргізуші Гүлнара Дауылбайқызы.

-Зухра, университеттің соңғы курсы қалай өтіп жатыр? Мамандығыңызды толық меңгердім деп ойлайсыз ба?

-Студенттік шағымның аяқталуына да аз айлар қалды. Адам өмірінің ең бір ұмытылмас кезеңі. «Шетел тілі:екі шетел тілі» мамандығында ағылшын және неміс тілдері бағытында білім алудамын. Ағылшынша бұрын білетінмін, ал неміс тілімен университетте таныстым. Өте ұнайды. Аса қызығушылықпен меңгердім. Әр жаңа тілді меңгеру арқылы адамның ой өрісі артып, жаңаша дамиды деп ойлаймын.
Жалпы университет қабырғасында жүріп, мол жетістіктерге жеттім. Ректордан белсенді студент болғандықтан бірнеше рет Алғыс хат алдым. Ата-анама да Ректор атынан Алғыс хат табысталды. 2021 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы стипендия жеңімпазы болдым,​ 2021 – 2022 оқу жылында оқу ақысына 50% жеңілдік алдым. 2022 – 2023 оқу жылында оқу ақысына жеңілдікке үміткермін.
Мен үшін ең үлкен жеңіс ол — оқу барысында білім, ғылым, өнер, спорт саласына қосқан айырықша еңбегім үшін 2020 жылдан бастап, осы 2022 жыл бойы «Қазақстан және ТМД елдерінің Үздік студенті» атанып, төс белгі мен куәлік алып, марапатталғаным.

-Әр жазда қабылдау комиссиясында жұмыс істейді екенсіз. Онда немен шұғылданасыз? Талапкерлерге кеңес бересіз бе?

-Мен үшін қабылдау комиссиясында жұмыс жасау қызық болды. Ең алдымен ол өте үлкен тәжірибе деп түсінемін. Қабылдау комиссиясы және кәсіби бағдар бөлімінің басшысы – Жалтырбаева Рауан Серікбайқызына алғысым шексіз. Үнемі үйретуден, қолдау көрсетуден шаршаған емес.​ Өзім де осыдан үш жыл бұрын абитуриент​ болдым ғой. Сондықтан екі жақты да жақсы түсінемін. Қазір көп салада қызмет көрсету цифрландырылған. Біздің университетте де талапкер құжаттарын электронды қабылдау бар, сол шаруаларды атқардық. Әр жастың
мамандықты өз қалауымен таңдағаны дұрыс деп ойлаймын. Талапкерлерге осы туралы, түйіп-білгеніммен бөлісіп, түсіндіріп отырдым. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық адамды бақытты етеді, оған қызығушылығын күн сайын арттыра береді. Маған қабылдау комиссиясында жұмыс жасаған өте қатты ұнады.

-Университет кинозалына басшылық етіпсіз..

-2020-2021 жыл аралығында «Zhubanov CINEMA» кинозалында басшылық еттім. Көп студенттермен жақын таныстым. Мотивация беретін, тәрбиелік маңызы​ зор және де өмірге құштарлық оятатын фильмдер көрсетілді. Бүгіннің жастары «фэнтези» жанрын сүйіп қарайды. Бірақ біздің басты мақсатымыз осы клуб арқылы қазақ фильмдерін насихаттау, қазақ әдет-ғұрпын өзге ұлт студенттеріне таныстыру​ болды. «Zhubanov CINEMA» кинозалында нәтижелі жұмыс атқаруыма себепші болған менің командам. «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей командаммен жоғары деңгейде жұмыс жасадық, біраз жетістіктерге жеттік. Біздің «Zhubanov CINEMA» кинозалы басқа студенттік клубтар арасында «Жыл үздігі — 2021» номинациясын жеңіп алды.

-Алға ауданы облыс орталығына ең жақын орналасқан жердің бірі. Онда тұратын жастардың үлес салмағы қанша? Немен айналысады? Жұмыс орындары жеткілікті ме?

-Алға қаласы облыс орталығынан 40 км. жерде орналасқан. Алға ауданында 45 мың адам бар. Соның ішінде Алға қаласында 25 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бастапқыда Алға қаласы станция болған. 1930 жылы химиялық зауыттың ірге тасы қаланып, онда зауыт жұмысшылары тұрған. Зауыт минералды тыңайтқыштар шығарды. 1961 жылы Алғаға «қала» статусы берілді.​
Қазір Алға қаласында индустриалды – техникалық колледжі, 5 жалпы білім беретін орта мектеп, 1 музыка мектебі, 8 бала-бақша және тағыда басқа көптеген нысандар бар. Қала халқы қарқынды өсіп келеді. Қаламыз жылдан жылға көркеюде.
Мен Алға мектеп-гимназиясының ең алғашқы түлегімін. Мектебімде де белсенді оқушы болдым. Көптеген олимпиада ойындарына қатысып, жүлделі орындар иеленген болатынмын. Би үйірмесіне де қатысып, көптеген жарыстарға бардым. Менің жетекшім – Жұмабаева Бақтыгүл Ерғалиқызы. Алға қаласының ең мықты хореографы. Көптеген қала, аудандарға барып, жеңістерге жеттік. Алғада Жастар ресурстық орталығының мүшесі болдым. Орталықтың басты мақсаты жастардың бос уақытын тиімді пайдалану арқылы қала-аудан халқына әр-түрлі іс-шара ұйымдастырып, көңілдеріне қуаныш сыйлау.

-Қазіргі заманның жастарын не толғандырады? Замандастарыңызбен қандай тақырыпта көп сөйлесесіздер? Не қызықтырады? Не мазалайды?

-Қазіргі бар ойым​ тек дипломдық жобама бағытталған. Ойдағыдай қорғап шыққым келеді, білікті маман болсам деймін. Университетте алған білімімді еңбекте жаратсам деймін.

-Алда қандай жоспарыңыз бар? Мақсатыңыз айқын ба?

«Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта, бар қалан», — деп Абай атамыз айтқандай, әр адам өмірдегі, өз орнын табуы, өз мақсатын білуі керек. Мен де өмірдегі өз жолымнан адаспай,​ ​ ​ еліме адал қызмет етуді армандаймын.

Zhubanov University №9(477)