Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зейнетке шығу — кезегі келген өмір ағысы

Зейнетке шығу — кезегі келген өмір ағысы

Нұрбол  Абдуллаұлы Садуақас

Zhubanov University «Қазақ филологиясы»
кафедрасының  доценті, филология ғылымдарының кандидаты,  ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қ.Жұбанов» медалінің, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалінің иегері.

Н.А.Садуақас 1959 жылы 3 наурызда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Алтай ауылында  өтті, сонда 1966-1976 жылдары орта мектепте оқыды. Оқуын бітірген соң комсомол-жастар бригадасына қалып, шопан болып еңбек жолын бастады. 1977 — 1979 жыл аралығында  Ресейдің Свердловск (Екатеринбург) облысы, Нижный Тагил қаласында әскер қатарында болды. Туған жерге оралған соң бір жыл  жұмысшы болып,  совхоз шаруашылығында  көмекші шопан, машина-трактор жөндеуші слесарь,  жылыту қазандығының кочегары сияқты әртүрлі жұмыстар атқарды.  1980-1984 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық (қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ) институты филология факультетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірді.
1984-1994 жылдары  Алтай ауылына оралып,  орта мектепте «Қазақ тілі  мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді, кейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
1994 -1995 оқу жылын Ақтөбе қаласы іргесіндегі Қарғалы ауданының қазақ орта мектебінде қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Сол жылы Ақтөбе педагогикалық институтындағы (қазіргі Zhubanov University) «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасына оқытушылық қызметке шақырылады. Содан бері  қазіргі дейін  осында қызмет етіп жатыр.

1996-1999 жылдары 0219-«Жалпы тіл білімі» мамандығы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы аспирантураның сырттай бөлімінде оқыды. 1999 жылы  22 қазанда  Алматы қаласындағы ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Д 53.38.01 диссертациялық ғылыми Кеңесте 10.02.02- «Қазақ тілі» мамандығы бойынша «Профессор Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары жіктелімінің фонологиялық негіздері» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаттығына  жазған диссертациясын қорғады. ҚР Білім және ғылым министрлігі(қазіргі ҚР Оқу-ағарту министрлігі) Жоғары аттестациялық комитетінің шешімен 2004 жылы филология ғылымдарының кандидаты Н.А.Садуақасқа «Тіл білімі» мамандығы бойынша «Доцент» ғылыми атағы берілді.

Оның авторлығымен 1 монография, 1 ұжымдық монография, 1 ұжымдық әдістемелік нұсқау,  7 оқу құралы, 8 оқу-әдістемелік құралы, 1 жаттығулар жинағы,  3 биобиблиографиялық  көрсеткіш және   200-ден аса ғылыми және әдістемелік мақалалар жарияланды.
ЖОО-дағы жылдарында  аға оқытушы, доцент, «Жұбановтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, «Қазақ тілін оқыту» орталығының директоры, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының  меңгерушісі, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі  қызметтерін атқарды. Қазір доцент  Н.Садуақас осы жылдың наурыз айында зейнеткерлікке шығып,  келісім-шарт негізінде  «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының  доценті болып педагогикалық қызметін  жалғастырып жатыр.
Әріптестері оны әр ісінен өнегелілік, жүзінен мейірім төгіліп тұратын кішіпейіл, ұжымдастары мен шәкірттерінің  ыстық ықыласына бөленген құрметті азамат ретінде сыйлайды.
Ол жұбановтанушы ғалым ретінде де қадірлі.

Нұрбол Садуақастың «Профессор Қ.Жұбанов — қазақ фонетикасының ғылыми курсын жасаушы», «Қ.Жұбановтың  қазақ тіліндегі  буын туралы тұжырымдары»,  «Қ.Жұбанов еңбектеріндегі фонетикалық терминдер»,  «Құдайберген  Жұбанов – полиглот ғалым»,  «Профессор Қ.Жұбановтың фонологиялық танымдары», «Қ.Жұбановтың қазақ жазуы мен әліпбиіне қатысты көзқарастары» ғылыми еңбектерінде  профессор Қ.Жұбановтың  қазақ тілі фонетикасы мен фонологиясына қатысты  танымдарына талдау жасап, ғылыми айналымға енгізді. Университетте «Жұбановтану» ғылыми пән ретінде  «Қазақ  филологиясы» мамандығы студенттеріне оқытылуында Н.Садуақастың еңбегі елеулі.
Ғалым мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру ісіне белсене араласады. Мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде өткізілген барлық шараға қатысып, баяндама жасап, мақалалар жариялап, жергілікті БАҚ арқылы да ойын білдіріп, қоғамда мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін қозғап келеді.
Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге  жазуымызды латын әріптеріне көшірудің маңызы зор. Бұл істің басында да ғалымды жиі көруге болады. Ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия» жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі болды.

Бұл бағытта ғалым «Мемлекеттік тіл және тіл мәдениеті мәселесі»,  «Латын әліпбиіне көшу – қазақ  тілінің болашағы»,  «Латын  қарпі – өркениеттің жазуы, өмір талабы», «Рухани  жаңғыру  жолы- жаңа әліпби» тақырыбында өткір мақалалар жазды.
Осы «Zhubanov University» облыстық ақпараттық-танымдық газетінде 2019 жыл бойы «Латын  графикасына негізделген  қазақ тілі әліпбиі мен жазуын үйрету» сабақтарын жүргізді. Өте қарапайым, үлкен істерді жаһанға жар салмай тындырып жүретін, өз ісінің майталман шебері сұқбат беруін сұраған өтінішімізді қабылдағанмен, асыға қоймады. Сол қарапайымдылығы себеп. Ал сұқбатынан соң әріптестің өмірдің түрлі өткелдеріндегі қайсарлығы, табандылығы, адалдығы қайран қалдырды. Сыйымыз артты.
Ғалыммен ашық-жарқын әңгімелескен Гүлнара Қараша.

ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ — КЕЗЕГІ КЕЛГЕН ӨМІР АҒЫСЫ
-Нұрбол Абдуллаұлы, қызыққан сұрағымды бірден қояйыншы, зейнет жасына жеткен күнде қандай сезімді кештіңіз?
— Өткенге ой жіберген кезде адам  алаңсыз балалық балдәурен шағын, он сегіз бен жиырма бестегі жастық кезеңді алдымен еске алады. Адам өмірінің әр кезеңінде бұдан басқа да, мектеп бітіру, оқуға түсіп, мамандық игеру, отбасын құру, балалы болу, баласының жетістіктерін көру  сияқты,  толып жатқан қуанышты сәттер көп болады. Биыл жазда  мен де келін түсіріп,  баламның   шаңырақ  құрғанын тойладым. Осы қуанышым  «Енді немерелі болсам» деген оймен жалғасып барады. Зейнетке шығу жасымды да осы секілді  кезегі келген өмірдің ағысы деп  қабылдадым. «Басты байлық – денсаулық» дейді ғой,  осы күнге,  көлденең қиындыққа тап келмей, аман-есен жетіп, жұмысымды абыройлы атқарып, еңбек демалысына шығып жатқаныма Аллаға шүкірлік жасаймын.  «Өткен күн — ұшқан құс, шақырсаң да келмейді» деген,   өткенге қарай бермей, әр адам өз жасына сай  болып, алдына қарап, кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп отыруы керек деп білемін. Қазір өзім еңбек еткен кафедрамдағы жұмысымды одан әрі жалғастырып, оқу-ғылыми  үдеріске үлесімді қосып,  жас әріптестеріме қолымнан келгенше көмектесіп, жүріп жатырмын.

ЖҰМЫСТЫҢ ОҢАЙЫ ЖОҚ
-Педагогика саласында ұзақ жыл толассыз еңбек ету, маман тәрбиелеу, білім беру саласындағы жиі болатын реформалар, осының бәрі шаршатып жіберген кездерде, әрине бұл менің жеке ойым ғой, дегенмен педагогтің өмірі оңай емес, алға жүруге мотивацияны неден табатын едіңіз?
— Алдымыздағы үлкендердің: «Қай жұмыстың да қиындығы мен қызығы қатар жүреді, жұмыстың оңайы жоқ, оның ыңғайын таба білу керек»,- деген сөздерін естіп өстік.   Ауыл баласы болғандықтан жастайымыздан үйдегі малды бағып, тіпті совхоздың шопандарына да қой қоздату науқандарында көмекке баратынбыз. Сондай жұмысқа аттанар алдында шешем: «Уақытында тамақ іше алмадым, ерте тұрғызды, ұйқым қанбай қалды, жұмысы таусылмайды» деген сылтауларды естімейтін болайын. Сен шопанның үйіне қонаққа, немесе демалысқа бара жатқан жоқсың, оның саған қарауға мұршасы болмайды,  қандай қиындық болса да, оны жеңуің қажет. Сен  үйдің үлкенісің, іні-қарындастарың саған қарайды»,-деп шығарып салатын. Кейбір достарым әлгіндей сылтауларды айтып, ауылға қашып келіп жатқанда,  кеткім келсе де, амалсыз,  соңғы күнге дейін жадап-жүдеп, әзер шыдап, шопанның алғысын алып қайтатынмын. Анамның әлгіндей сөздері арқылы бойға сіңген  қасиеттердің арқасында  әлі күнге жұмысыма өте жауапкершілікпен қараймын. Ал мұғалім болу, ғылыммен айналысу өзімнің қалап алған жолым болғандықтан,  «Серт берген шегінбес, Еңбектенген ерінбес» дегендей, ешқашан шаршап-шалдығуды сезінген емеспін.  Жаңағы айтқанымдай, әулетіміздің үлкені ретінде өзімнен кейінгі  іні-қарындастарыма, балаларыма жақсы тәрбие беріп, дұрыс жол көрсету керек деген ой  маған үнемі күш беріп келеді.

ҒЫЛЫММЕН АЙНАЛЫСУҒА 37 ЖАСЫМДА МҮМКІНДІК АЛДЫМ

— Ғұмырдерегіңізге үңілгенде, бала шағыңыздан тәртіпті, тиянақты болып көрінген едіңіз. Шынымен де солай екен. Тағы бір сұрағым келгені, қашан кездестірсем де, жайсаң қалпыңыз. Ал атқарып жүретін ісіңіз шаш етектен. Көркем мінез кімнен дарыған?
— «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Шынында да, бала  естігені мен көргені арқылы тәрбие алады. Әкем  совхозда бас агроном болды. Оның үйге  жалғыз келгенін көрмеппіз, қасына қашанда  екі-үш адам қонып, қонақ болуға  ере келеді. Ал анам дастарқан жайып, қонақтардың жайын жасап,  астың дәмдісін солардың алдына қойып, қыс кезі болса,   олардың  етіктерін жылы жерге  тасып  жүреді.  Біз  де ерте тұрып, сол қонақтармен таласа-тармаса бетімізді жуып,  бір дастарқаннан  тамақтанып, сабағымызға кетеміз. Кешкісін әлгі қонақтар қайта келеді, немесе бірі келмесе де, олардың орнына басқасы алмасып, әйтеуір, тағы үш қонақ келіп тұрады. Ауыл адамдарына тән ортақ осындай қонақжайлылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет дегендей тәлім-тәрбиені  алып өстік.
Біздің отбасымыздағы  он баланың, апамнан кейінгі,  ең үлкені мен болдым.  Сондықтан  ата-анама көмектесуді міндетім деп санап, институт бітірген соң  ауылдағы мектебіме оралып, он жыл мұғалім болдым. Әкем қайтыс болған соң, жас болсам да, өзімнен кейінгі бауырларымның оқып, адам болуы жолында зейнеткерлікке шыққан анама сүйеу болдым. Бауырларымның оқуы, жұмысқа орналасуы, шаңырақ құруы дегендей шаруаларын атқарып, жасым қырыққа жақындағанда қалаға келіп, өзім арман еткендей, институтқа орналасып, ғылыммен айналысуға  мүмкіндік алдым. Қалаға келсем де, өзімнен кейін осы жаққа біртіндеп ілесе келген бауырларымның жағдайын, олардың мәселелерін әрқашан бірінші кезекке қойып келемін. «Аға – бордан, іні – зордан» дегендей, мен қаласам да, қаламасам да, кейде ренжіп қалсам да,  ата-анам мені кешірімді болуға,  алдымен бауырларымның жайын ойлауға, «Жоғарыласаң аспа, төмендесең саспа» деп бірқалыпты болуға  тәрбиелеген.

ЖАСТАЙЫМНАН ЕҢБЕКПЕН ШЫНЫҚТЫМ
— Жас кезіңізде бірнеше кәсіпті меңгеріпсіз, көмекші шопан, машина-трактор жөндеуші слесарь,   жылыту қазандығының кочегары. Ер азаматқа нағыз керек  дағдылар екен. Кейін тұрмыста пайдасы болды ма?
-Біздің мектеп бітірген кезімізде Семей облысы, Шұбартау ауданы мектеп бітірушілерінің туған жерді көркейту мақсатында  ауылда  жастар бригадасын құрып, қой бағу  туралы  үндеуі болды. Осы үндеуді қолдау үшін мектеп бітіруші ауыл жастарын оқуға жібермей,  қой бағуға алып қалып жатты. Солардың қатарында менің де қой бағуыма тура келді.  Одан кейін жауынгерлік борышымды атқарып келгеннен соң да ауылда  жұмысшы болып, әртүрлі шаруаларға араластым. Содан кейін ғана институтқа түсуге мүмкіндік болды.  Осындай әртүрлі шаруалармен он жылым өтсе, одан кейін ауыл мұғалімі болып он жыл жұмыс жасап, университетке дейін жиырма жыл еңбек өтілін жинақтаппын. Кейіннен әлгі аталған  ауыл шаруашылығындағы  жұмыстарды атқармасам да,  осы жұмыстардың бәрі менің өмірлік тәжірибе алып, ширығуыма себеп болған сияқты. Бүкіл халқымыз тоқсаныншы жылдардағы қиындықты бастан өткергені сияқты, мен де  түнімен, басқалар секілді, әртүрлі сауда  жұмыстарын жасап, арасында сатушының аядай дүңгіршегінде түнімен диссертацияма қарап, күндіз  оқытушылық міндетімді атқарып,  ағайын-бауырларымның да жағдайын қарауға үлгеріп жүрдім. Бұл бір жағынан жастайымнан еңбекке шыныққанымның пайдасы болса, екінші жағынан қайран жастықтың күші деп білемін.

АҚЫН-ЖАЗУШЫ БОЛУДЫ АРМАНДАДЫМ
— Қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылық бекерден болмайды. Ал сіз қазір осы саланың мықты маманысыз. Бәрі қалай басталды?
-Өзім тұстас балалар сияқты ол кезде кітапханадан шықпай, көп кітап оқыған баланың бірімін. Сол кітаптардың авторларына еліктеп, ақын-жазушы болуды армандап өскенбіз. Мектепте  ауызекі сөйлеуден гөрі шығарма жазуға бейім болдым. Бұған  білікті мұғалімім де себепкер болған шығар. Институтта төртінші курста оқып жүргенімде студент-жастардың ғылыми конференциясына дайындаған баяндамамды ұстаздарым жоғары бағалап,  ғылыми жұмысқа деген талпынысымды оятқандай болған. Ауылға оралған соң да  бұл арманым жүрегімнің бір бұрышында тұрды. Мектепте пәнді оқытуға қатысты әдістемелік бағытта қалам тартып жүрдім. Университетте ғылыми жұмысқа барынша жағдай жасалды. Докторлық ғылыми жұмысымды  талқылаудан өткізіп қапылсам да,  қорғау тәртібі жаңа жүйеге ауысып кетуіне байланысты үлгермей қалдым.

БАТЫР ҚЫЗДЫҢ ЖАРЫМЫН
— Cізбен сұқбаттаса отырып, өмірлік серігіңіз жөнінде сұрай кетуге болатын шығар?.
-Жұбайым Гүлсім де педагог. Екі мамандықтан жоғары білімі бар. Осы өзіміздің университет түлегі. Алдымен «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын игерсе, кейін «Дефектолог-логопед»  мамандығын оқып алды. Қазір қаладағы бір орта мектепте еңбек етеді. Гүлсімге қатысты бір қызық деректі айта кеткім келеді. Гүлсім алты жасынан оқуға барып, он алты жасында мектеп бітіріп, мен сияқты мектеп бітірген бойда шопандар бригадасына қалып, қой баққан. Ол кезде жиналған шөп қорын үнемдеу үшін,  қой отарын қыста да  екі-үш сағат далаға  жайғызатын болған. Бір күні, желтоқсан айының соңғы күндері екен, кезегі келген Гүлсім  қыстақтың іргесіне қой бағып шығады. Бір кезде күн райы әп-сәтте бұзылып, күн көзі көрінбей, боран басталып  кетеді. Боранда желге ыққан қойлар қайыру бермей, ауылдан алыстай берген. Отардың шашырап кетпеуін ойлаған  Гүлсім амалсыз қойдың соңынан еріп, оларды ықтататын сай-сала кездескенше әрлі-берлі қойды айнала шауып, біріктіріп ұстауға күш салған. Аты жүрмей қалған соң, жаяулата жүгіріп, боранмен алысады.  Хабарланған ауыл адамдары оны іздеуге шығады. Ауданнан көмекке шақырылған тікұшақ бораннан әуеге көтеріле алмайды. Көп ұзамай Гүлсімнің аты шылбырын сүйретіп ауылға келеді. Жұрт сонда да үміт үзбей, екі күн талмай іздейді.  Екі күн бойы Гүлсім қойын түнде сай-салаға паналатып, күндіз қайта ығып, әйтеуір, отарын аман сақтап қалады. Іздеушілер тапқанға дейін  Гүлсім 38 сағат боранмен алысып, 72 шақырым жол жүреді. Оны  көрші ауданның елсіз  даласынан табады. Отары түгел, өзі аман-есен.  Он алты жасар қаршадай қыздың түтеген боранда айдалаға бір отар қойды тастап кетпей,  өжеттік, ерлік көрсеткені туралы Мәскеу, Алматы, облыс, аудан басылымдарына жарыса жазылып, бүкіл Одақ көлеміне батыр қыз болып танылады.   Қазірге дейін ауылдың көнекөздері оның атын «Батыр қыз» деп мақтанышпен айтады. Әдетте, қазақтың  шежірелерінде қыздарды атамаса да, Назар руына, Сәңкібай батыр ұрпақтарына арналған  шежіре кітаптарына  Гүлсімнің есімін  «Батыр қыз» деп енгізген. Кезінде «Комсомольская правда», «Коммунизм жолы», «Қазақстан әйелдері»,  «Мәдениет және тұрмыс» сияқты үлкен басылымдарда Гүлсім туралы көптеген мақалалармен бірге  көркем әңгіме де жазылды.  Биыл батыр қыздың ел сүйсінткен ерлігіне қырық төрт   жыл толады алдағы желтоқсанда. Сол айда амандық болса зейнет демалысына шығады.
Мен  осындай батыр қыздың жарымын.

ЕЛДІҢ ӘДЕБИЕТІН, ТАРИХЫН, МӘДЕНИЕТІН ТЕРЕҢІРЕК ТҮСІНУ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕП, ҰҒЫНА АЛАТЫН АДАМҒА ҒАНА ТӘН
— Тіл маманынан тілдің бүгінгі жайы туралы пікір сұрамаған жөн болмас…
-Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл –ұлттың жаны» деген. Қазір елімізде қазақ тілін білмей-ақ өмір сүріп, мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар атқарып жүргендер көп, тіпті, көбейіп барады десем де болады.
Ал елдің әдебиетін, тарихын, мәдениетін тереңірек түсіну ана тілінде сөйлеп, ұғына алатын адамға ғана тән. Түсінген соң ол өз елінің мұң-мұқтажын, арман-мақсатын да басқалардан тереңдеу сезінеді. Өзге тілде сөйлеп, өзге тілде ойлап, менталитеті басқаша қалыптасып жатқандарға өкпелеудің қажеті жоқ. Ондай адамдар қанша талпынса да қазақ бола алмайды. Біз қазір қазақ мектебі көбейді дегенді тілге тиек етеміз. Күнделікті тіршілік қамы өзге тілде болған соң,  жұрттың бәрі өзге тілге бейімделіп барады. Барлық салада мемлекеттік тіл салтанат құрмайынша, елді алдыңғы қатарға қосамыз деу бос қиял деп ойлаймын.

Zhubanov University №9(477)