Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет

Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет

Ақтөбеде ХVІІІ ғасырдағы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңіндегі ел бірлігі жолында күрескен көрнекті тұлғалардың бірі Есет Көкіұлының 355 жылдығы тойланды. Мұнымен бір кезде Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қ. Мұханбетқалиұлының Сырым Датұлының өміріне арналған «Тар кезең» қойылымының премьерасы болды. Батыр жерленген Алға ауданындағы Бестамақ елді мекенінде қилы заман қаһарманын еске алу шаралары өтті. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген атбегілер, палуандар сайысты. Тама Есет батырдың мерейтойы Ақтөбеде 16 арқалы ақынның сөз сайыстырған өткен айтыспен аяқталды.

Құдайберген Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік универ­си­­­тетінде ХVІІІ ғасырдың орта­сындағы геосаяси шиеленістер жағ­­дайындағы қазақ тәуелсіздігі жо­лында саяси сахнаға шыққан тұл­ғаларға қатысты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Онда жер-жерден келген ғалымдар ХVІІІ ғасырдағы Жайық пен Жем арасында орын алған саяси оқиғаларды, Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр, тархан Есет Көкіұлына қатысты ғылыми айналымға түспеген деректер, ашылмаған ақтаңдақтар жөнінде баяндады.

Орынбор мұрағатынан 500 бет қолжазба әлі алынған жоқ

Конференция басында жазушы, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов аталы сөз айтты. Қадірменді ақсақал қазақ-жоңғар шапқыншылығында, соның ішінде Орбұлақ, Аңырақай шайқастарында қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Әбілқайыр хан, тама Есет Көкіұлы, табын Бөкенбай Қараұлының тарихшылар тарапынан шын бағасын ала алмай жүргеніне қатты қынжылды. Ол Ақтөбе облысында тархан Есет Көкіұлының тойы тұңғыш рет 1992 жылы тойланған кездегі жағдайды есіне алды. Оның айтуынша ұйымдастыру жұмыста­ры барысында сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмаханов­қа жан-жақты мағлұмат берген Ақтөбе пединститутының ректоры Мұхтар Арын екен. «Мұхтар терең білімді, жандүниесі өте бай, текке сөйлемейтін, байып­ты адам еді. Ректор болып таға­йын­далған бойда институттың ішкі-сыртқы шаруаларын ретке келтірісімен ел ішін аралап, руханиятқа қатысты дүниелерді түгендеді. Оған ауылдағы дана қарттардың жеткізген бір әңгімесі Есет Көкіұлының ерлігі жайында еді. Батырдың Бестамақ ауылы жанындағы ескі мазарын кеңес өкіметінің қолшоқпарлары 1970 жылдары трактормен құлатып, сорақылыққа барған. Тұғыры биік тұлғаны ұлықтау тойы аясында ғылыми конференция өтіп, оған белгілі ғалым Нәйла Бекмаханова Мәскеуден арнайы келіп қатысқан. Сол жолы ол осы өңірдегі Қобда бойында екі мың сарбаздан тұратын жасақ құрып, отарлаушылармен соғысқан Сапара (Сапура) Мәтенқызы туралы тамаша деректерді алға тартады. Пугачев бүлігінің аяқталған кезеңінде ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған қазақтың қаһар­ман қызы Ор, Илецк, Орынбор бе­кіністеріне шабуыл жасап, патша ұлықтарына «Невидимка» аты­мен белгілі болған. Сапура туралы баяндай келе, Нәйла Бек­маханова Әбілқайыр хан мен Есет Көкіұлының тарихи рөлдерін дұ­рыс жеткізе алмаған қазақстан­дық тарихшыларға қатты қынжы­лып­ты. Ол өзекжарды өткір сөзін «Кей­де ерлігі мәшһүр ерен тұлғалар­дың рөлін қасақана төмендетіп, тарихи дерегі жоқ, аңыз сияқты айтылатын адамдарды батыр етіп шығарасыздар» дей келе, мұ­рағаттарда Әбілқайыр хан мен Есет батыр туралы құжаттар көп сақталса да, осы деректерді байып­пен көрсете алмай жүрміз», деп түйіндейді. Илья Жақанов «Содан бері 30 жыл өтсе де Есет Көкі­ұлы, Бөкенбай Қараұлы, Әбілқайыр ханға қатысты шетелдердің мұра­ғаттарында сақталған деректер толық алынған жоқ, ХVІІІ ға­сырдағы ел тәуелсіздігі үшін кү­рес­кен қайраткерлерге тарихи тұр­ғыдан объективті баға бе­ріл­ген жоқ», деді. Қаламгер, сон­дай-ақ, Орынбор мұрағатында сақ­талған Есет Көкіұлына байланысты 400-500 беттік қолжазба әлі зерттелмей жатқандығын бір басылымнан оқығанын есіне алды. «Біздің тарихшылар осы дерек­терді неге ескермейді, неге сон­шалықты енжар болдық», деп ренішін білді­ріп, Есет Көкі­ұлы тұлғасының ел ішінде жаң­ғыр­ғанына қарамас­тан, осы кезге де­йін бірде-бір тарихи моногра­фия шықпағанын, отандық зерт­теу­шілердің Әбілқайыр мен Есеттің қай­раткерлігін зерттеуге келгенде енжарлық танытатынын атап өтті.

Әлкей Марғұлан нұсқасы – «Елім-айдың» шын нұсқасы

Илья Жақанов қазақтың Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұ­лама кезеңін сипаттайтын зарлы жыр «Елім-айдың» қазіргі айты­лып жүрген нұсқасы жалған деді. Шындығында бұрынғы, ел аузын­да сақталған «Елім-ай» мүл­де бөлек болған. Оған мынадай дәлел келтірді». Әлкей Мар­ғұлан 1933 жылы Қазан қала­сындағы Кәрімовтер баспахана­сынан шыққан «Елім-айдың» шын нұсқасын тауып, ұзақ жылдар бойы жеке мұрағатында ұс­тапты. Бір жолы жазушы Ахат Жақ­сыбаев Әлекеңнің архивінен кере­мет нәрсені көрдім, бірақ кө­шіріп алуға батылым бармады деп айтып еді. Кейіннен Ақселеу Сейдімбеков Әлкей Марғұланға барғанда, оған: «Шырағым, Ақсе­леу мынау саған аманат», деп «Елім-айдың» Қазаннан басылған жи­нағын қолына ұстатқан. Қазақ шежіресін құрастырғаны үшін ұлтшыл деп қудаланып, көңіл күйі болмай жүрген бір күндері Ақсе­леудің үйіне барғанмын. Ол Әлекең берген «Елім-айдың» нұсқасын қолыма ұстатты. Мен осы көне жырды «Парасат» журналына жарияладым. Жарыққа шыққаннан кейін Мұхтар Мағауин өзіне шақырып алып, маған былай деді: «1960 жылдары Әбіш Кекілбаев екеуміз Арыс, Шорнақ, Шәуілдір, Түркістанды аралай жү­ріп, жергілікті ақсақалдардан «Елім-айдың» бір нұсқасын жазып алып, Ғылым академиясы­ның қолжазбалар қорына тапсыр­дық. Енді мына сенің Әлекеңнен алған нұсқа мен біз тапсыр­ған нұс­қа бірдей» деп таңғалды. Ұлт­тық Ғылым академиясының қол­­­жазбалар қорының маманда­рын­ шаршатқан нәрсе – Биғо­жин таратқан, ел ішінде танылған «Елім-ай» нұсқасы. Біз әлі күнге дейін сол жалған нұсқаға жүгініп келеміз. Кезінде марқұм Есен­ғали Раушан да осы сұмдық туралы ­жазып еді.

Тарихтан әділ бағасын алма­ған Әбілқайыр хан мен тама Есет батыр «Елім-ай» трагедиясы­ның кезеңінде өмір сүрген тұлғалар. Қазақ-жоңғар қырғындары нағыз трилогия, эпо­пеяға айналдыру­ға болатын сұ­рапыл соғыстар ғой. Есет Көкіұлы қырғын шай­қастардан жер босап, ел арқасы кеңігенде, Сыр бойын жағалап, елді Арқаға қарай кө­шіріп бара жатып, Ақарық деген жерге ауы­лын қоныстандырады. Сол кезде жасы 90-нан асып кетсе де ат үстінде жүрген. Ақарық – Ақтөбе облысында, үлкен тасжолдың бойын­да орналасқан қазіргі Есет батыр ­ауылы», деп ағынан жарылды Илья Жақанов.

ув

Ресей архивтерінде тарихи деректер көп

Тарих ғылымдарының док­то­ры Өмірзақ Озғанбаевтың айтуын­ша, Есет батыр 1667 жылы дүние­ге келген. Оның бабасы – Қара­бура түркі жұртына белгілі әулие, кезінде Қожа Ахмет Ясауиді өз қолымен арулап жерлеген адам. Әкесі Көкі Базарқұлұлы – Сал­қам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан. Анасы Назым – ақке­те руының биі Балпыштың қызы. Есеттің әкесі Көкі Маңғыстау­дағы пір Бекет бабаға кәрі нағашы бо­лып келеді. Есет есімі таныла қойма­ған Әбілқайырды қолдап, Аңыра­қай шайқасында Кіші жүздің туын ұстап, соңынан қол ерткен. Ұзын саны 27 рет жаумен жекпе-жекке шыққан. Башқұрт халқының орыс отаршылығына қарсы көтерілісінде ойсырай жеңілген Қарасақал батыр Есетті паналағанда, Ресей тарапынан қазақ даласына қашқан башқұрттарды кері қайтару талап етіледі. Қанша қысымға ұшыраса да, Есет батыр Қарасақал жігітте­рін елден шығармайды. Есет батыр атақты Сырым Датұлына да ақ батасын берген. Оған 1743 жылы тархан атағы берілді. Есеттен бұрын тархан атағы Жәнібекке берілді. Ұзақ жасаған. Өмірден өтер кезін­де «Басымды шығысқа, аяғымды батысқа қарай жерлеңдер. Жауды аяғыммен тіреп жатайын», деп өсиет қалдырған.

ХVІІІ ғасырдың аласапыранды кезеңдерін 20 жылға жуық уақыт зерттеп жүрген оралдық тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзин қазақ тарихындағы ашылмай жатқан ақтаңдақ беттерге тоқталды. Со­ның ішінде Есет Көкіұлы өмір сүр­ген ХVІІІ ғасырдың ашылмаған оқиғалары тіпті көп. Тарихшы И.Еро­феева шақшақ Жәнібек, табын Бөкенбай туралы салмақты ғылыми монографиялар жариялап, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізсе, ал олардың үзеңгілес серігі, қазақ-жоңғар шайқастарында, қазақ-орыс қатынастарында найза­ның күшімен де, ақылдың күшімен де Жайық-Жем арасында елді сақтап қалған Есет Көкіұлы туралы бір­де-бір еңбек жазылмады. Мәс­кеу қаласындағы үш мұрағатта, Санкт-Петербургтегі екі мұрағат­та, Орын­бор, Астрахань қалала­ры­­­ның және Қалмақ Республика­сы­­­ның астанасы Элистадағы мұра­ғат­­та Есет Көкіұлына қатысты жаз­­­ба деректер көп сақталған. Соның ішінде батырдың көне шаға­тай тілінде Орынбор, Астрахань әкім­­­шіліктеріне жазған хаттары бар. Бұлар ғылыми айна­лымға түс­пе­ген, әлі еш жерде жа­рия­ланған жоқ.

«ХVІІІ ғасырдағы Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама кезеңі – қазақ-жоңғар соғысының қырғын шайқастары болған кез. «Кейбір кәсіби емес, әуесқой жазушы, тарихшылар қазақ-жоңғар соғы­сын жоққа шығарумен әлек болып жүр. Ондай қырғын болмаған, Шәкә­рімнің Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезіндегі қанды жорықтарда қазақ сарбаздарының үштен екісі қырылды дегені бос сөз деп империялық көзқарастар­ды ұстанатын тарихшылардың сө­зін қайталайды. Кезінде қазақ-жоңғар соғысын зерттеген ғалым Моисеев бір мақаласында бұл қазақтың азаттық жолындағы кү­ресі емес деп айтқан. Халық ауыз әдебиетінде Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламаның бол­ғаны туралы дерек көп. 1729 жылы қытай генералы қазақтар жоңғарлардың мәңгілік жауы деп жазған. Немесе 1740 жылдары орыс әскери қызметкері­нің жазбасында «Жайық бойын­да­ғы Кіші жүз қазақтарынан құты­лу үшін бір-екі ауылды бесіктегі сәбиле­ріне дейін түгел қырып тас­­тау керек. Өйткені осыдан бір­­неше ­жыл бұрын жоңғарлар қа­зақ­тарды ­солай қырған» деген жолдар бар. ­1739 жылы географ Шишков жур­налында «қа­зақ­тар қара қалмақтардан қат­ты қор­қады деп жазған», дей келе Жәні­бек Исмурзин қазақ­тар­дың үш жүзге бөлініп орна­ла­суы­ның да толыққанды баға­сын алма­ғанын айтып өтті. Өйткені қазақтар ХVІІІ ғасырдың басында қазіргі қоныстарында емес, елі­­міздің оңтүстігін мекендеген. 1751 жылы Қарасақал Тілеуберген Шектінің ұранындағы Бақты­бай батырдың: «Бізді қазақ-жоңғар қыр­ғындарынан сақтап қалған Әбілқайыр ханның ақылы. Бізді батысқа қарай көшіріп алып кет­ті», деп айтқанын келтіреді. ХVІІІ ға­сырда Әбілқайыр хан­ның әкесі Қазы сұлтан Сауранды мекендеген. Сол уақытта Ташкент – Ұлы жүз­дің, Түркістан – Орта жүздің, Сау­ран – Кіші жүздің астанасы болған. Қазақтың кейбір жырларында «Сауран айналған» деген жол көп кездеседі. Мұның мәнісі мынада: ел-жұртымыз босып кеткен Ақтабан шұбырынды Ұлы жүз бен Орта жүзге қатыс­ты болса, «Сауран айналған» деген сөз Кіші жүзге қатысты айтылған. Жоң­ғардың шапқыншылығы­нан Сауранды айналып босқан деген мағынада қабылдаймыз. 1726 жылдың соңында қалмақ на­местнигі Черен Доруктың жазбасында да «Ата-бабамыздың жері Жемнің арғы жағын қазақтар­дан қорғау үшін бара жатырмыз» ­деген жолдар бар.

1723 жылы Қарақұм құрыл­та­­йында Әбілқайыр хан бас қол­бас­­шы болып, Бөкенбай сардар­лық­қа сайланды. Мұны тарихшы Гор­диевский, кейін Левшин, олар­дан көшірген М.Тынышбаев Ор­дабасыда қазақ құрылтайы бол­­ды деп жаңсақ жазған. Содан Орда­ба­сыдағы жиын болып тарихта қа­лыптасып кетті. Ордабасы бұл жыл­дары құба қалмақтың иелі­­гін­де болған. Қазақтың жер атау­ла­­рында да ерекше мән бар. Әлі күн­ге дейін қазақтың қай же­рін­де болсын Қалмаққырған, Қалмақ­қырылған деген жер атаулары көп кездеседі деп жазып кеткен тарихшы И.Ерофеева. Жердің аты – елдің хаты, жер-су атаулары – тарих.

Е.Бекмаханов 1947 жылы шық­қан еңбегінде: «1730 жылғы Кіші жүздің жоңғарларға қарсы шай­қасында Есет, Бөкенбай, Әбілқа­йыр қол бастап соғысып, батыр атанды», деп те жазған. Қазақ-қал­мақ соғысынан кейінгі Ресеймен қа­рым-қатынас, Әбілқайырдың ант беруі сол кезеңдегі геосаяси жағ­дайға байланысты қабылдан­ған шешім. Әбілқайырдан басқа 1731 жыл­дан бастап, 1741-1742 жылға дейін қазақтың барлық би-сұлта­ны ант берген. Мәскеу мұрағатын­дағы №122-ші «Киргиз-кайсацкое дело» деп аталатын 400 беттік том­да би-сұлтандарымыздың ант берген түпнұсқа хаттары сақтал­ған. Өйткені Ресей Сыртқы істер коллегиясы Неплюевке қазақтың хан­дары, билері, сұлтандары мен стар­шындарынан Құранмен ант ­алу туралы нұсқаулық жібереді. Орыс елшісі Тевкелев осы тапсырма­ны бұлжытпай орындады. Ең бірін­ші болып 1731 жылы Әбілқайыр хат ант жібереді. Оған Кіші жүздің 28 рубасы ант береді. Түпнұсқа хатта рубасы деп емес, «Ақ әке» деп жазылған. Онда «Құран сүйдім, ант еттім», ақ әке деп арабша жазып, ру таңбаларын салған. Сәмеке ханның ант беру туралы екі хаты, Орта жүздің 25 рубасының хаты сақталған.

Есет Көкіұлы өмірдерегі нақтыланды

Жәнібек Исмурзиннің айт­уын­ша, Мәкеу мұрағатында Есет батырдың әкесі Көкі мерген деп жазылған. Есет батырдың туған жылы дұрыс емес. Биыл Есеттің 355 жылдығы емес, 353 жылдығы. Кезінде Қазақ Совет энциклопе­диясында қате жа­зыл­ған. Бұл де­рек «Ка­захско-русские отношения» деген жинаққа шыққан Неплюев­тің жазбасына сүйеніп жазылған. Мұнда Орынбор губернаторы «1847 жылы Есет батыр 80 жас шамасында» деп жазғанын негізге алған біздің тарихшылар Есетті 1667 жылы дүниеге келген деп жазып кеткен. Шындығында Есет 1738 жылы Орск қаласында Татищевпен кездескен кезінде оған 69 жастамын деп Есеттің өзі айтады. Есет батыр 1669 жылы туған. Бұл Мәскеу мемлекеттік мұ­рағатындағы 248-ші Сенат жур­­налындағы Татищевтің журналында жазылған. Қайтыс бол­ған жылы да қате. Мен бес жыл бұрын келгенімде кесене ба­сындағы жазуды өзгерту керек деп ұсыныс жасағанмын. 1749 жылдан кейін Есет 20 жылдай өмір сүрген. Есетті өле-өлген­ше патша шенеунік­тері аңдып отырған. Оның 1750 жылғы, 1755-56 жылғы башқұрт көтерілісін­дегі әрекеттерін қағазға түсірген. Мәскеу мұрағатындағы соңғы жазба – батырдың 1758 жылы Орынборға Қалдыбай деген бала­сымен баруы жайында. Осыған сүйене отырып, Есет Көкіұлының 1758 жылы 89 жаста болғанын дәлелдейміз. 1762-63 жылдардағы Ералы, Досалы сұлтандардың хат­тарында Есеттің өмірде бар екендігі айтылады. Батырдың 99 жасында опат болды дегені рас. Осыған сүйене отырып, Есеттің 1669 жылы дүниеге келіп, 1768 жылы 99 жасында опат болға­нын толық дәлелмен айта аламыз. Мұны қайталап отырғанымыз, бүкіл мектеп оқулықтарында, академиялық еңбектерде Есеттің туған-өлген жылдары қате жазылып жүр.

Оралдық жас ғалым өзінің сө­зін ең алдымен Ресейдің жеті мұ­рағатында сақталған құжат жи­нақтары мен Есет батырдың хаттарын түгел алдырып, көшірмеле­рін жасап, облыстық музейлерге қою керек деп қорытындылады. Егер мұрағаттық құжаттар ғы­лыми айна­лымға түссе, тарихи мо­нография­лар жазылады, пікір­таластарға жол ашылады.

Сыбан Рабтан билігі тұсында жоңғарлардың қазақтың ата қоны­сына көз тігіп, қанды жорықта­рын жасағанда, ел бірлігі үшін Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Саурық, Райымбек, Наурызбай, Баян батырлармен тізе бүгіп, ту ұстаған Есет батырдың Жайық пен Жемнің арасында қалмақтар­мен болған шайқастарда қол бастап, Бұланты, Қандыағаш, Қонжар, Қалмаққырғанда ойраттарды ойсырата жеңген ерлігі тарихи бағасын алуға тиіс. Сол сұрапыл майдандарда теңдессіз ерлік көр­сеткен Әбілқайыр мен Есеттің қайраткерлігін жан-жақтағы мұрағаттар деректерін зерттеу арқылы ғана қалпына келтіруге болады.

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ

Ақтөбе облысы

/egemen.kz/