Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жастар саясаты > Университетте жаңа жоба бастауын алды

Университетте жаңа жоба бастауын алды

Бүгін Жұбанов университетінде ашықтық саясатына бағытталған «Ректор сағаты» жаңа жобасы бастауын алды.

Университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова студенттер мен оқытушылардың ұсыныстары мен ой пікірлерін тыңдады.

Оқу орнының басшысы алғашқы кездесуін тарих факультетінен бастады. Ректор сағатына факультеттің 4-курс студенттері қатысты.

Ректор кездесуде өзі де осы факультеттің түлегі екенін атап өтті. Ол аз уақыттан соң жас кадрлар қатарын толықтырғалы отырған жастардан университеттен тағы қандай дағды, білім ала алатындарын, қандай белгілі отандық, шетелдік профессорлармен, жастармен дәріс өткізу қажеттігін сұрады. Тарих факультетін бітірген Ерлан Қарин, Гүлзат Көбенова сынды т.б қазіргі таңда беделді мемлекеттік қызметте жүрген түлектерді үлгі етті. Сонымен қатар алдағы уақытта тек бакалаврмен, бір оқу орнымен шектеліп қалмай, әртүрлі оқу орнында, тіпті шетелде магистратура, докторантура оқып, ой-өрістерін, білімдерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

Еркін форматта өткен кездесуде ректор студенттердің өндірістік тәжірибе сапасын арттыру, түлектердің жұмысқа орналасуы, «Болашақ» бағдарламасының ерекшелігі, оқу үдерісіндегі қолданылатын платформаларды жақсарту мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ,әлеуметтік желідегі мінез-құлық ережелері, әртүрлі ақпараттарға сенбеу, сыни тұрғыдан ойлау, түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеу, коммуникация дағдыларын қалыптастыру, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы, оқыту әдістерін жетілдіру туралы да айтылды.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова үздік диплом алу жолдары, мемлекеттік грантты өтеу мәселесі, педагог мамандардың мәртебесі туралы сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Кездесу соңында Лаура Қарабасова студенттердің сұрақтары мен ұсыныстары назарға алынғанын, бұл жайында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілетінін айтып өтті.

Айта кетейік, алдағы уақытта Ректор сағаты басқа факультеттерде жалғасын табатын болады.