Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бір мезетте 15 мыңнан астам адам Қазақстанның әнұранын айтты

Бір мезетте 15 мыңнан астам адам Қазақстанның әнұранын айтты

Ұлттық мереке — Республика күніне арналған «Бір Тудың астында» акциясы Ақтөбе қаласымен қатар облыстың барлық аудандарында өтті. Патриоттық мәні жоғары салтанатты шараға 15 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысты.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта орналасқан Тутұғыр маңында өткен шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес және қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар, мемлекеттік мекеме басшылары, барлығы 1000-нан астам қатысты.
Шара барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды.
Бұдан соң жиналғандарды философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, «Вяра» Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Анастасия Подольянова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Темуджин Сәрсенов құттықтап, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Тутұғыр маңында өткен мерекелік шараға еліміздің көк байрағын әлемдік аренада алғаш көтерген спортшы Әшім Қали да қатысты. Әшім Шәріпұлы бұл жолы өзімен бірге 4 жасар немересін ерте келген.

— Бүгінгі мерекенің мәні — зор, мағынасы — тереңде. Барлық қазақстандықтарды ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтаймын. Әнұран айтуға немереммен келдім. Есімі — Әли. Қолымыздан келгенше осы балаларымызға патриоттық тәрбие беруге тырысамыз. Кезінде біз әлемдік аренада көтерген Туымыз ешқашан түспесін. Әнұранымыз тек жеңістің төрінде шырқала берсін! — деді ол.

Әшім Қали — 1992 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына бас жүлдені иеленген спортшы.Сол жарыста Қазақстанның көк туы алғаш рет әуеге көтерілген болатын. Талай жарыстарға қатысып жүрген дүниежүзінің тәжірибелі спортшылары бұрын көрмеген көк Туға ұзақ қараған екен. Яғни Әшім Қалиды Тәуелсіз Қазақстанның көк жалауын әуелеткен алғашқы спортшы деуге болады. Спортшы аталған жарыстан кейін екі күннен соң Барселона олимпиадасы басталып, сол бәсекеде байрағымызды өзінен кейін Дәулет Тұрлыханов көтергенін айтты.
Шара барысында 25 автокөліктен тұратын автошеру өтті. Әрбір автокөлікте еліміздің көк байрағы желбіреді.

Айта кетейік, өңірде Республика күніне арналған шаралар 3 қазаннан басталған болатын. Қайырымдылық, экологиялық, патриоттық шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік және спорттық нысандар пайдалануға берілді.
Мәселен, Алға ауданының алты елді мекенінде суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылса, Мәртөк ауданында электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Қарғалы ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, Шалқар ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы есігін айқара ашты. Байғанин және Алға аудандарында спорт және ойын алаңдары орнатылды. Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласы мен Сағашилі ауылында көпсалалы ашық спорт алаңдары, Шеңгелші, Қожасай ауылдарында су құбырлары пайдалануға берілді.
Темір, Қарғалы аудандарында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, Ойыл ауданының Үшқұдық ауылындағы және Алға ауданының Жерұйық, Қарағаш, Маржанбұлақ ауылдарындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

/aqtobegazeti.kz/