Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әріптестік аясы нығаймақ

Әріптестік аясы нығаймақ

Бүгін Жұбанов университетіне Сулейман Демирель атындағы университеттің өкілдері келді. Олардың құрамында аталған университет ректоры Алимжан Игенбаев, оқу ісі жөніндегі проректор Андрей Богданчиков, әкімшілік істер жөніндегі проректор Али Кочак, құқықтану және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаев, бизнес мектебінің деканы Дархан Заманбеков, мультидисциплинарлық оқыту орталығының директоры Жайнагүл Дүйсебекова және оқу-әдістемелік орталығының директоры Асем Қуанышбекова бар.

Меймандарға алдымен университеттің оқу базасы таныстырылды. Олар Студенттерге қызмет көрсету орталығы, Студенттер сарайы, лектік аудиториялар, Технопарк, Жастар үйі, техникалық факультетінде орналасқан асхана, зертханалық кабинеттер мен кітапхананы аралап көрді.

Одан кейін делегациямен университет ректоры Лаура Қарабасова және басқарма мүшелері кездесу өткізіп, жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен жобалар нәтижесі мен болашақ өзара тиімді ынтымақтықты арттыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ кездесу барысында екі тараптан академиялық мобильділік, профессор-оқытушылар құрамы  мен қызметкерлерінің тәжірибеден өтуі, IT саласында әріптестік қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша келісім жүргізілді.