Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қоғамдық мәселелер басты назарда

Қоғамдық мәселелер басты назарда

Қоғамдық мәселелерді шешудің тиімді жолы – оған дер кезінде назар аудару. Халықпен кері байланыс қашанда қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы міндеттерді орындау мақсатында Жұбанов университетінде қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Жұбанов университеті ақпараттық ашықтық қағидатын ұстанады және жұртшылықпен тиімді өзара іс-қимыл жасауда коммуникациялардың жаңа арналарын құрады.

Өз кезегінде Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі міндеті – өзекті мәселелерді шешу, университет қызметін жақсартуға қатысты студенттерден, оқытушылардан және қызметкерлерден кері байланыс алу екенін атап өтті.

Айта кетейік, қоғамдық қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында білім алушылармен, ұжыммен, қоғаммен байланыс орнату үшін құрылды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты анықтау, арыз-шағым жазудан бөлек инновациялық тың жобаларды іске асыру идеяларын да жарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Білім алушылар және ата-аналармен, оқу орнының қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, барлық мәселелерді жедел шешуге көмектеседі.
Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану – қарым-қатынастың жаңа форматы. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ерекшелігі — өтінішті жазбаша немесе сайт, QR коды арқылы онлайн түрінде жіберуге болады. Арнайы QR кодын сканерлеп, сұраулар мен ұсыныстарды жіберу жеткілікті. Сұрақ автоматты түрде қоғамдық қабылдау бөлмесіне түседі, жауап онлайн режимде келеді. Осылайша, Жұбанов университетінде цифрлық экожүйе белсенді қалыптасуда.

Бекітілген кесте бойынша оффлайн қабылдауды оқу орнының басшылығы жүргізеді.
Қоғамдық қабылдауды университет ректоры басқарады. Ол өз жұмысын Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ахуалдық орталықтың басшысымен бірлесе үйлестіреді. Бұл ретте бір нәрсені ескерген жөн, қоғамдық қабылдауда тек шағымдар ғана қабылданбайды. Өз идеяларын айтқан, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған студенттер мен профессор-оқытушылардың да бастамалары тыңдалып, қолдау табатын болады.

Қабылдауға келу үшін, алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Азаматтардың жазбаша немесе ауызша түрде жолданған өтініштерін қабылдау орнында отырған тұлғалар өздерінің кезекшілік кестесіне сәйкес қарайды. Ал жеке қабылдауға барғысы келетін азамат өзінің жеке куәлігін көрсетеді. Азаматтар қабылдауға кезек бойынша шақырылады.
Егер де жеке қабылдау кезінде азаматтың көтерген мәселелері университет құзыретіне кірмейтіні анықталса, онда азаматқа қайда және қандай тәртіппен жүгінуі керектігі түсіндіріледі.

Жұбанов университетінің Қоғамдық қабылдау орны (дүйсенбі–жұма) сағат 8.30-дан 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Мекенжайы: Әлия Молдағұлова даңғылы 34, Мұхтар Арын атындағы Бас оқу ғимараты, 2-қабат, 200Б кабинет.
Байланыс телефоны: +7 701 462 3167