Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте жаңа талаптарға сай психологиялық кабинет ашылды

Университетте жаңа талаптарға сай психологиялық кабинет ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде заманауи талаптарға сай қажетті құралдармен жабдықталған, жаңаша үлгідегі психологиялық қызмет көрсететін орталықтың кабинеті ашылды.

Салтанатты іс-шарада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Нұргүл Әбішева, Білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева қонақ болды.

Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл орталықтың психологтарға қойылатын халықаралық талаптарға сай ашылғанын атап өтті. Сапалы білім алуда, жұмыстың жемісті болуында студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің жай-күйі маңызды рөл атқаратынына тоқталып, үлкен ұжым арасындағы түрлі қарым-қатынаста ең негізгі мақсат психологиялық қолдау таныту екенін жеткізді.

Айта кетейік, университетімізде басшылықтың қолдауымен «Денсаулық және салауаттылық» орталығы өткен оқу жылында құрылған болатын. Осы уақыт аралығында орталық мамандарының ұйымдастыруымен оқытушылар мен қызметкерлерге, студенттерге арналған бірнеше семинар-тренингтер, жеке кеңес беру, топтық терапиялар өткізілді.

Орталықтың артықшылығы – З.Фрейдтің психоанализ теориясына сүйеніп, клиенттерге психотерапиялық бағытта көмек көрсетеді. Яғни Жұбанов университетінің әр студенті 10 сессия, ал оқытушылар мен қызметкерлер 5 сессия көлемінде терапияға тегін жүгіне алады.

Орталықта жеке терапиясы мен супервизиясы бар бес психолог-практик қызмет көрсетеді. Олар өз білімдерін жүйелі түрде Орталық Азияның Психоанализ Институты мен Психоанализ Ассоциациясында жетілдіріп отырады. Сондай-ақ, орталық қабылдауға жүгінген клиенттер туралы ақпараттың құпиялылығына кепілдік беріледі.

Аталған қызметтің мақсаты студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің психологиялық денсаулығын сақтау, білім алуға, еңбек етуге қолайлы әлеуметтік-психологиялық орта қалыптастыру, сонымен қатар студенттердің тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өмірлік қиын жағдайларда психологиялық қолдау көрсету.

«Денсаулық және салауаттылық» орталығының мамандары енді қабылдауды Мұхтар Арын атындағы бас ғимаратта орналасқан 103 кабинетте жүргізетін болады.