Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті ұлыбританиялық зерттеу университетімен келіссөз жүргізді

Жұбанов университеті ұлыбританиялық зерттеу университетімен келіссөз жүргізді

Бүгін Ұлыбританиядағы Heriot-Watt University (HWU) ректоры Марк Биггс Ақтөбеге арнайы іссапармен келіп, университет ректоры Лаура Қарабасовамен бірге облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауында болып, ынтымақтастық моделін талқылады.

Кездесуден кейін шетелдік мейман Жұбанов университетінінің оқу базасын аралап, Темірқазық студенттерге қызмет көрсету орталығы, лектік аудиториялар, Материалдардың радиациялық физикасы ғылыми орталығы, Студенттер сарайы, Инновациялық технологиялар паркі  жұмысымен танысты.

Сонымен қатар университет басшылығы Heriot-Watt (HWU) университетінің ректорымен серіктестік орнату туралы келіссөз жүргізді.

Келісім бойынша Heriot-Watt университеті Жұбанов университетінің  базасында үш «Мұнай-газ ісі», «Энергетика», «Компьютерлік техника» деңгейіндегі білім беру бағдарламасын, сондай-ақ «Өнеркәсіп менеджменті» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын ашуды жоспарлап отыр.
Бұл мамандықтар өңірдің сұранысына қарай таңдалды.

Оқыту стандарты мен сапаны ұлыбританиялық жоғары оқу орны бақылайды. Ал сабақты арнайы дайындықтан өткен отандық оқытушылар жүргізеді. Қос университет арасындағы стратегиялық серіктестік сәтті жүзеге асқан жағдайда, талапкерлер келесі оқу жылына арнайы талаптармен қабылдана бастайды. Оқуды аяқтаған студенттерге Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің қос дипломы беріледі.

Айта кетейік, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шетелдік беделді техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сай, Жоғары білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге аспақ.

Кездесу соңында жоғары оқу орнының ректорлары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Іссапар барысында сондай-ақ, Heriot-Watt University (HWU) ректоры университет басшылығымен бірге өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін зерделеу мақсатында Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өндіріс базасының жұмыс барысын көрді.

Heriot-Watt (HWU) университеті – 1821 жылы негізі қаланған әлемдегі жетекші зерттеу университеттердің бірі. Әлемдік QS рейтингінде үздік 300 университеттің (№281) қатарына кіреді. Ал математика, химия инженериясы,  құрылыс, электр техникасы және мұнай өнеркәсібі пәндері бойынша үздік 200 университеттің қатарында.
Heriot-Watt университетінің Дубай мен Малайзияда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын оқытатын және ғылыми зерттеулер жүргізетін Ұлыбританиялық  халықаралық кампустары бар.