Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Адал сайлау үшін» штабының мүшелерімен кездесті

«Адал сайлау үшін» штабының мүшелерімен кездесті

Бүгін Жұбанов университетінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері білім алушы жастар және профессор-оқытушылармен кездесті. Кездесу «Конституция реформалары және ҚР сайлау жүйесі» тақырыбында ұйымдастырылды.

Жиын сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау мақсатында өтті.

Кездесу барысында «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі, профессор Ермек Әбдірасұлов сайлау процесі мен құқықтың өзекті мәселелеріне тоқталып, сайлау жүйесіндегі өзгерістерді мемлекетте болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, демографиялық процестердің көрінісі, халықтың мемлекет жүргізіп отырған саясатқа реакциясы ретінде атап өтті.

Одан кейін штаб мүшесі, Қазақстан заңгерлер одағы Астана филиалының төрағасы Серік Беркамалов сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіріп, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету туралы айтып берді.
ҚР Президенттігіне кандидаттардың және олардың сенім білдірілген тұлғалардың үгіт жүргізу ережелері, кандидаттардың БАҚ-тағы жарияланымдар мен эфирлерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету тәсілдері аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырды.

Қатысушылар сайлау заңнамасын уақтылы түсіндірудің маңыздылығын атап өтіп, университет қабырғасында өткізілген ауқымды іс-шараға қолдау білдірді.

Айта кетейік, жуырда еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылған болатын.