Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген Жұбанов тағылымы — сарқылмайтын қазына

Құдайберген Жұбанов тағылымы — сарқылмайтын қазына

Конференция алдында

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келіп, есімі қазаққа ғана емес, мұқым одаққа танылған Құдайберген Жұбанов әкесі ашқан мектептен сауат ашып, Орынбор, Петербор қалаларының білімі мен ғылымын бағындырды. Петерборда алғашқы қазақтың аспиранты болған жас Жұбанов В.В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлер сынды әйгілі шығыстанушы ғалымдардың дәрістерін тыңдады. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливановтар, К.К.Юдахин, А.К.Бороков сынды саңлақ ғалымдармен қатар жүрді.

Отыз сегіз-ақ жыл ғұмыр кешіп, қызыл қырғынның құрбаны болған ғалым әлемдік лингвистиканың озық дәстүрін толық игеріп үлгерді. Үлгеріп қана қоймай, қазақ тіл білімі мен түркология мәселелеріне қатысты «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деп аталатын кешенді ғылыми еңбегін бастап, оны серияларға бөліп, 10 сериясын кейінгі ұрпаққа ұсынып кетті. Әдебиеттанудағы аяқталмай қалған «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы, музыка тарихына қатысты «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» деген шағын еңбегі сол кезең үшін де, қазір де мәні зор, өміршең дүниелер — қырық жасқа да жетпеген зерттеушінің терең тынысын байқатады.

Келте ғұмырдың бес-алты жылын ғана шәкірт тәрбиелеуге бөле алған Жұбановтың жылуын Мәулен Балақаев, Ғайниддин Мұсабаев  сынды болашақ ғалымдар көрді. Біз, «Құдайберген Жұбанов — қазақ тіл білімінің атасы» деген қағидаға айналған қасиетті сөзбен мақтанамыз.

Қазақтың біртуар ұлын ұлықтау мақсатында, алаштың қайраткері Мұхтар Арынның бастамасымен 1990 жылы Ақтөбе педагогикалық институтына Құдайберген Жұбановтың есімі берілді.

Айта кетерлік жайт, кезінде оқу орны Н.Байғаниннің атымен аталғанын білетін сұңғыла Мұхтар ағамыз Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момын Байғаниннен институтқа Қ.Жұбанов есім беру туралы пікірін сұраған екен. Сонда Момын ағамыз: «…Құдайберген Жұбанов өмірдің қызығын көрмеген тағдырлы тұлға, елден ерек туып, қазақ ғылымының көсегесін көгерткен азамат қой, оның есімі университетке әбден лайық», — деген екен. Халық ақыны, кеше ғана «Нарқыз» атты шығармасы театрда сахналанған Нұрпейіс Байғаниннің атын осы университеттің бір ғимаратына беруді ұсынып отырмыз.

1991 жылы Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларын зерттеу және идеяларын тарату мақсатында «Жұбановтану» ғылыми зертханасы ашылды.

Ғылыми зертханаға Қ.Жұбановтың баласы, түрколог-ғалым, сол уақытта ҚР ҰҒА Тіл білімі институтынан Есет Құдайбергенұлы Жұбанов қызметке шақырылады.

Есет Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен «Жұбановтану» тақырыбына қатысты 10 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалып, «Жұбановтану зертханасының еңбектері» сериясымен 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбек жарияланды.

Жұбановтар әулеті — бүгінде Қазақ елінде елге танымал адамдар бірден-бір көп шыққан әулет. Алғашқы Қазақ Совет Энциклопедиясының өзінде қазақ ғылымы мен өнерінде өшпес із қалдырған төрт бірдей Жұбановтың есімі берілген. Бұл көштің басында, әрине, Құдайберген Жұбанов тұрады. Ал інісі, Ахмет Жұбанов — қазақтың көрнекті музыка зерттеушісі, композитор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, өнертану ғылымының докторы, профессор, алғаш рет қазақ күйін оркестрде ойнатқан тұлға.

Әкеден аса тумаса да, ізін баса туған ғалым әулеті бүгінгі қазақ елінің мақтаныштары.

Мысалы, Мүслима Құдайбергенқызы (1926-2012) — тіл білімі маманы, филология ғылымдарының кандидаты.

Ақырап Құдайбергенұлы (1927-2007) — Қазақстан Суретшілер одағының және бұрынғы КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер академиясының академигі. Биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтуде.

Есет Құдайбергенұлы (1929-2007) — тіл білімі маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Асқар Құдайбергенұлы (1937 ж.т.) — математика және тіл білімі маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтуде.

Ғазиза Ахметқызы (1927-1993) — қазақтың көрнекті компазиторы, педагог. Қазақ КСР және КСРО халық артисі. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты.

Болат Ахметұлы (1929-2014) — химия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ҒА академигі, Нью-Йорк Ғылым академиясының толық мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Қайыр Ахметұлы (1935 ж.т.) — техника докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері.

Ажар Ахметқызы (1941 ж.т.) — биология ғылымдарының докторы, профессор.

Облысымыздың әдеби-мәдени ахуалын көтеру мақсатында игі іс-шаралар жалғасуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласында облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың бастамасымен, белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Мәйтековтың қаржылай қолдауымен жастар, мектеп оқушыларының таланттарын ашып, шығармашылықтарын шыңдау мақсатында «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі ашылды.

Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов есімін жаңғырту мақсатында университетіміздегі «Жұбановтану» зертханасы «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы болып қайта жаңғыруда, Қ.Жұбанов атындағы конференц-зал мен «Жұбанов университеті» баспасы ашылды, үздік 7 студентке Қ.Жұбанов атындағы білім гранты тағайындалса, белсенді 14 студентке Қ.Жұбанов атындағы стипендия берілді. (Алғашқы стипендиат, филология ғылымдарының докторы, филология факультетінің деканы Күлзат Садирова).

«Жұбанов жастары» театры ұйымдастырылса, студенттік ректорат бастамасы бойынша барлық факультеттерде «Жұбанов жылуы» еріктілер тобы құрылып, қараусыз қалған қариялар мен ата-анасыз қалған балаларға мейірімін төгуде. Кеше ғана «Жұбановшылар үні» атты электронды газет өз оқырманына жол тартты.

Ертең университетімізде өткелі отырған дәстүрлі «Жұбанов тағылымы» ІХ халықаралық ғылыми конференциясы қарсаңында  Қ.Жұбанов зерттеулерінің библиографиялық көрсеткіші (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), «Жұбановтану зертханасы тарихынан» журналы (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), «Латынға көшу — заман талабы» мақалалар жинағы баспадан шығарылады. «Жұбановтар» атты мультимедиалық энциклопедия, «Жұбановтар мұрасы» виртуалды архиві, «Жұбановтану» курсы бойынша бейнедәрістер қолданысқа ұсынылып отыр. Сонымен қатар мектеп және колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарының қатысуымен өтетін «Ең үздік жұбановтанушы» конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Аталмыш ғылыми басқосуға  алыс және жақын шет мемлекеттерден ғалымдар келе жатыр. Конференция қонақтары ішінде Құдайберген Жұбановтың ұрпақтары, туған-туысқандары да бар. Сонымен қатар конференцияға облысымыздың қоғам қайраткерлері, ардагер ұстаздар, танымал тұлғалар, зерек жастар шақырылды.

Жұбанов ілімі ұшан-теңіз дария, оның мұрасы сарқылмайтын қазына іспетті. Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов мұрасын зерттеген, әлі де зерттеп жүрген ғалымдар шоғыры қалыптасты. Олардың көбі біздің университетімізде ұстаздық қызмет етіп, алған тағылымдарын жастарға жеткізу арқылы жұбановтанушылар қатарын көбейтуге үлес қосып жүр.

Осылайша Құдайберген Жұбанов қалдырған тағылым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете бармақ.

источник