Понедельник, Май 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > “Адал сайлау үшін” штабының өкілдері студенттермен кездесті

“Адал сайлау үшін” штабының өкілдері студенттермен кездесті

Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде “Адал сайлау үшін” штабының өкілдері оқу орнының ұжымымен және студенттермен, магистранттармен, докторанттармен кездесті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

 “Конституция реформалары және Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» тақырыбында өткен кездесуде профессор, «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Әбдірасұлов бейнебайланыс арқылы жиналғандарға сайлау процесі мен азаматтардың құқықтары жайында сөз қозғады.

«Адал сайлау» штабының өкілдері қазір еліміздің өңірлерінде сайлауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әр тұрғын сайлауға қатысудағы құқығын, дауыс беру ережелерін білуі керек. Сондай-ақ біз бұл саяси науқанда халық арасында үгіт-насихат қалай жүргізілуі керек, кандидаттар нені ескеруі қажет, байқаушылардың атқаратын қызметтері мен міндеттері қандай болуы керек-соның барлығын азаматтарға түсіндіріп жатырмыз. Ең бастысы, Президент сайлауы әділ, ашық өтуге тиіс. Ол үшін барша қазақстандық осы шараға жұмыла қатысқаны жөн, —  деді Ермек Әбдірасұлов.

Бұдан кейін штаб мүшесі, Қазақстан заңгерлер одағы Астана филиалының төрағасы Серік Беркамалов сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіріп, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету туралы айтып берді.

Қазір ақпараттық ресурстар көп. Сондықтан сайлауға қатысты сауалдарыңыз болса арнайы сайтқа кіріп ережелермен танысуға болады. Сондай-ақ бүгінде халыққа сайлау процесі жайлы ақпараттандыру үшін телеграм боттар ашылып, үгіт-насихат жадынамалары таратылуда, – деді ол.

Басқосуда оқу орнының оқытушылары мен студенттері шара қонақтарына өз ұсыныс-тілектерін жеткізіп, алдағы сайлауға белсенді түрде қатысатындарын жеткізді.

Айта кету керек, биыл қыркүйек айында “Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылды. Осы штабқа кірген мүшелер қазір еліміздің барлық аймағын аралап, халыққа заңнамаларды түсіндіруде, сондай-ақ азаматтарға құқықтық кеңестер беріп жатыр.

 

/baq.kz/