Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Денсаулық және сауықтыру орталығы ашылды

Денсаулық және сауықтыру орталығы ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан студенттер мен профессор-оқытушыларға психологиялық қызмет көрсететін «Денсаулық және салауаттылық» орталығы құрылды. Орталықтың мақсаты — студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің психологиялық денсаулығын сақтау, білім алуға, еңбек етуге қолайлы әлеуметтік-психологиялық орта қалыптастыру. Студенттердің тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өмірлік қиын жағдайларда психологиялық қолдау көрсету.

Орталықтың артықшылығы – З.Фрейдтің психоанализ теориясына сүйеніп, клиенттерге психотерапиялық бағытта көмек көрсетеді. Яғни Жұбанов университетінің әр студенті 10 сессия, ал оқытушылар мен қызметкерлер 5 сессия көлемінде терапияға тегін жүгіне алады. Сондай-ақ, орталық психологтың халықаралық этикалық нормаларын қатаң сақтанады. Соның бірегейі – құпиялылық ережесі. Өз студенттері мен қызметкерлеріне деген қамқорлық пен сенімді алдыңғы орынға қоятын оқу орны қабылдауға жүгінген клиенттер туралы ақпараттың құпиялылығына кепілдік береді. Яғни, терапиялардағы терең түйткілді мәселелер сыртқа шықпайды, статистика үшін қолданылмайды.

Орталықта жеке терапиясы мен супервизиясы бар 5 психолог–практик қызмет көрсетеді. Олар өз білімдерін жүйелі түрде Орталық Азияның Психоанализ Институты мен Психоанализ Ассоциациясында жетілдіріп отырады. Бұл — мамандардың эмоционалды күйреуінің алдын алып, клиентіне өз деңгейінде көмектесе алуы үшін маңызды алғышарт болып табылады.

Өткен жылдан бастап жүздеген студент психологтарға жеке қабылдауларға жүгініп, түйткілді мәселелерінің оңтайлы шешімін тапса, топтық терапиялар арқылы өз жандарына қамқорлық танытуды үйренді. Биылғы оқу жылында психологиялық қызмет көрсететін орталық кабинеті қайта жөндеуден өтіп, қажетті құралдармен жабдықталып, студенттерге жаңаша үлгіде қайта демеу көрсетуде.

/tdk42.kz/