Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Америкадан сәлем!

Америкадан сәлем!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында БҒМ-ге әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бұл бағдарламаның операторы болып министрлік жанындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бекітілді. Осылайша​ шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен​ «Ғалымдарға арналған тағылымдама» санаты қосылды. Бюджеттен қаражат бөлінді. Тағылымдамаға қатысқысы келетін ғалымдардан қажетті құжаттарды қабылдау басталды. Тағылымдамадан өту мерзімі 12 айға дейін белгіленді. Ғалымдарға тағылымдамадан өтуге арналған 137 мамандық ұсынылды. Оларға екі және одан да көп академиялық рейтингтердің топ-250 позициясына кіретін 27 елдің 207 жоғары оқу орнында​ тағылымдамадан өту мүмкіндігі туды. Тағылымдамадан өту үшін жарияланған
байқау ашық формада өткізіліп,​ қорытындысында 800 үміткердің 569-ы жеңімпаз қатарынан көрінді. Арасында Ақтөбе өңірлік Zhubanov University «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының оқытушысы, қауымдастырылған профессор, Ph.D. Ботагөз Керимбаеваның есімі де аталған болатын.

Бүгінде Ботагөз Талғатқызы АҚШ-тың Вашингтон университетінде (The George Washington University) тағылымдамадан өтуде. Жас ғалыммен тағылымдама барысы жайлы сұрап, online сұқбат жүргізген едік.
Журналист Гүлнара Қараша.

-Америкаға Ақтөбеден сәлем! Қалайсыз, елді сағынасыз ба?

-Саламатсыздар ма! Сізге сұқбат беріп отырғаныма өте қуаныштымын!​  Мен де бәріңізге Америкадан сәлем айтамын!
Әрине, біздің елдей​ тарихы мен мәдениеті бай және ерекше сұлу табиғаты бар туған жеріңді сағынбау мүмкін емес. Отансүйгіштік сезім, әсіресе, өз еліңнен тыста жүргенде өте қатты сезіледі екен. Қазақстан азаматы болу шын мәнінде үлкен мәртебе екенін осы жақта жүріп терең ұғындым және әрқашан Қазақстаннан екенімді мақтан тұтамын. Сонымен қатар, ешкімге тәуелді болмай бейбіт заманда өмір сүріп жатқаныма ризашылық етемін.
Бастапқы кезде жергілікті жердің ауа райына, тұрмыс-тіршілігіне үйрену біршама уақытты алды.​ АҚШ-қа, Вашингтон қаласына келгеніме қазір 6 айға жуық уақыт өтіпті. Мен бұл жақта The George Washington University, Institute for European, Russian, and Eurasian Studies, Elliott School of International Affair оқу орнындағы тағылымдама барысында​ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырмын.

-Аты әлемге әйгілі Washington University мамандарды тағылымдамадан өткізу бойынша ең алдыңғы қатарда. Осы уақыт ішінде қандай тағылымдар алдыңыз? Қай бағытта біліміңіз бен білігіңізді шыңдап жатырсыз?

-Өздеріңіз білетіндей қазіргі кезде білім беру жүйесі, технологияның дамуы бойынша АҚШ алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі болып саналады. 2022 жылдың 16 мамырынан бастап GW университетінде «Leadership in Higher Education Management» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатырмын. Осы уақыт аралығында көптеген профессорлардың сабақтарына қатыстым, ЖОО-ның департаменттерінің басшыларымен (Alumni Programs, GW’s Office of Study Abroad) кездесулер болды. Атап кететін болсам, жазғы семестрде Dr. Engel, Dr. Woodman және Dr. Beecher профессорлардың лекцияларына қатыстым. Әр кездесуде АҚШ-тағы оқу үдерісіне қатысты бірнеше тақырыптарда пікірталас жүргіздік.
Осы лекцияларда біз АҚШ білім беру жүйесінің құрылымы, АҚШ-тағы университеттердің түрлері, АҚШ-тағы білім беру барысындағы 8 негізгі мәлімдеме, АҚШ білім беру жүйесінің ерекшеліктері, сондай-ақ АҚШ-тың орта мектептеріндегі оқу жүйесін талқыладық. Қазақстанның білім беру жүйесі мен АҚШ-тың арасындағы айырмашылықты салыстырдық. Бұл талқылаулар бізге АҚШ-тағы жоғары білім туралы көбірек білуге және университеттер мен халықтың өзгеру статистикасын көруге көмектесті. Сонымен қатар Gallaudet University, Northern Virginia Community College, The George Town University, University of Maryland университеттерінің инфрақұрылымы мен білім беру жүйесімен таныстық. Ғалым ретінде Америкадағы ең керемет кітапхананың бірі Congress Library кітапханасында жұмыс жасауыма мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзімнің ғылыми-зерттеу жұмысымды жүзеге асырып жатырмын.

-Америкаға бірінші шығуыңыз ба? Алып жатқан әсерлеріңізді әлеуметтік парақшаңыздан көріп отырмыз. Қызыға қараймыз. Бос уақытыңыздағы сол саяхаттарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

-Бұл менің алғаш келуім. Жалпы адам өз-өзін жетілдіру үшін көп уақытты жабық кеңістікте​ өткізуі емес (университет, кітапхана), сонымен қатар саяхаттауы қажет. Бос уақытымда саяхаттағанды ұнатамын. Саяхатты дүниетанымды кеңейтудің бір жолы деп есептеймін. Саяхаттау барысында өзге елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін білу, сонымен қатар жаңа қабілеттерге ие болу, комфорт зонасынан шығуға, кейде жұмыс туралы ойламау арқылы жұмысқа қажетті идеяны табуға болады. Нью-Йорк — АҚШ-тың ірі қаласының бірі және экономика мен өнеркәсіп орталығы. Бродвей көшесі, Азаттық мүсіні (Statue of Liberty), Эмпайр стейт билдинг (Empire State Building), Манхэттен және т.б. керемет жерлерден мәдени көзқарасымызды байытуға болады.
Әлемдегі ең керемет табиғи орындардың бірі — Ниагара сарқырамасына да жолымыз​ түсті. Ниагара сарқырамасы АҚШ пен Канаданың шекарасында орналасқан. Осы сарқыраманы жақыннан көрген кезде керемет сезімге ие боласыз.
Болашақта басқа да табиғаты керемет жерлерді менің facebook, instagram парақшаларымнан көре аласыздар.

Тағылымдамадан жеке тұлғаңызға қандай қажетті дағдылар қалыптастырдыңыз?

-Технологиялар мен қоғамның тұрақты және үздіксіз дамуына байланысты​ адамдардың тиімді қызмет етуіне икемді дағдылар (soft skills) қажет. Бұл көбінесе әмбебап, мамандандырылған емес, жеке қасиеттер мен әлеуметтік дағдыларымен байланысты. Қазіргі кезде өзіме кәсіби табысқа жетуге мүмкіндік беретін белгілі бір жеке қасиеттердің, эмоционалдық интеллектінің, коммуникативтік құзыреттіліктің ұштасуын, сондай-ақ өз мақсаттарыма қол жеткізуге мүмкіндік беретін икемді дағдыларды қалыптастырып жатырмын.​ ​

Алған тәжірибеден соң университеттің дамуына қатысты да біраз ұсыныстар айтатын боларсыз.

-Әрине, міндетті түрде жаңа идеялар мен трансформацияларды ұсынамын.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде, 500 қазақстандық ғалымдарға арналған бағдарламасына және стипендиант атануыма қолдау көрсеткен «Болашақ» бағдарламасы мен Zhubanov University ректоры Лаура Карабасоваға және Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясниковаға қолдау көрсеткеніне ризашылығымды білдіремін. Біздің басты мақсатымыз шетелде үйренгенімізді Қазақстанда жетілдіру. Сол себепті жаңа идеялар мен трансформацияларды алдағы уақытта өз университетіммен бөлісетін боламын.​ ​

Ұмытпасам, сізде тағы бір жағымды жаңалық болды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ( қазіргі ҚР оқу-ағарту министрлігі) ғылыми жобаларға арналған грантын жеңіп алдыңыз. Ғылыми жобаңыз «Болашақ мұғалімнің желілік коммуникативті мәдениеті – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың кілті» деп аталады екен. Көпшілікті өзекті тақырып елең еткізді. Тарқатып берсеңіз.

— 2021-2022 оқу жылы мен үшін позитив пен жетістіктерге толы жыл болды. Жас ғалымдарға арналған конкурста «Болашақ мұғалімнің желілік коммуникативті мәдениеті – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың кілті» атты ғылыми жобамыз қаржыландыруға ие болды. Жобаның мақсаты: болашақ мұғалімдердің желілік коммуникативті мәдениетін қалыптастыру, оның ішінде болашақ мұғалімдерді қашықтан оқытуға дайындау және олардың желілік коммуникативтік құзыреттілігін арттыру. Бұл жобаның негізгі идеясы – білім беру мазмұнын жаңартуды қамтамасыз ету және студенттерге цифрлық кеңістікте еркін және бір уақытта қауіпсіз шарлау мүмкіндігін беру.
Қазіргі уақытта болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі мен коммуникативті мәдениетін қалыптастыруда желілік технологиялардың рөлі теориялық тұрғыдан негізделуде. Тиісті әдебиеттерді талдау негізінде желілік коммуникативті мәдениеттің артықшылықтары мен кемшіліктері, оны оқытудың тиімділігі, болашақ мұғалімдердің желілік коммуникативті мәдениетін арттыруға технологияның әсері зерттелді.
2022 жылдың 9 маусымында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Білім беру үдерісіндегі цифрлық трансформация және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында​ ​ «Болашақ мұғалімдердің желілік коммуникативтік мәдениетінің ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамамды ұсындым. Қазіргі кезде бірнеше мақалалар дайындалып, баспаға ұсынылуда. Жұмыстар жүріп​ жатыр.

Америкада білім беру саласының озық екенін білеміз. Бірақ онда да оқытушылар өз-өзін жетілдіруге мән беретін болар? Америкалық оқытушы-ғалымдардың кәсіби құзыреттілігі жайында не айтар едіңіз. Өз бақылауыңыз бойынша.

-Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту АҚШ-та білім берудегі маңызды шарттарының біріне айналған. Мұнда оқытушы-профессорлардың кәсіби- педагогикалық құзіреттілігінің маңыздылығы білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен құндылықтарды жасауға, игеруге, мұғалімнің өзін-өзі жетілдіруге бағытталған. Оқытушы-профессорлардың табысты және сұранысқа ие болуы, кез-келген өзгерістерге дайындығы, жаңа жағдайларға тез және тиімді бейімделуі, кәсіби маман болуға ұмтылуын көрсетуі, білімін үнемі жаңартып отыруы АҚШ-та жоғары деңгейде қарастырылған. Сондықтан да, оқытушы-ғалымдар өз біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. Жалпы АҚШ-та оқытушы-профессорлардың біліктілігін жетілдіруге үлкен қаражат бөлінеді және оқытушыларды ынталандыру жұмыстары жақсы жүргізіледі. Оқытушы-профессорларға арналған көптеген семинарлар (workshop) ұйымдастырылады. Медиa және ақпaрaттық сaуaттылықты арттыруға да көп көңіл бөлінеді.

Сұқбатыңызға рақмет! Елде аман-сау кездескенше! Сәттілік!

Zhubanov University облыстық газеті,№10(478)