Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Туған жерім — Қарабұтақ

Туған жерім — Қарабұтақ

Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университетінде Әйтеке би ауданынан бакалавриатта 307, магистратурада 1 білім алушы оқиды. Ұстаздары білімге құштар, талантты, тәрбиелі студент деп жақсы көретін, мақтанатын студент Әділет Жеткергенұлы «Музыкалық білім беру» мамандығының 4 курсында білім алып жатыр. Университетішілік әр мәдени шараның жарық жұлдызы. Әділет «Музыка» пәнінен облыстық пәндік Олимпиаданың​ I дәрежелі диплом иегері (2019), FOX STAR Халықаралық ашық конкурс-фестивалінің Гран-при жүлдегері (2021),
«Үздік студент» медалінің иегері (2021).​

Дарынды жас университеттің Студенттер хорының белсенді мүшесі. Zhubanov University студенттік хорының көркемдік жетекшісі Мербол Куспанов елге танымал өнер иесі, оның еселі еңбегі нәтижесінде Студенттік хор бірнеше республикалық және халықаралық конкурс-фестивальдерде бас жеңімпаз атанды. Әділет Жеткергенұлын​ «ЖасART” триосының солисі ретінде де жақсы таниды. Үлгілі студенттің туған жеріне деген ықыласы ыстық, махаббаты ерекше.

-Туған жерім — Қарабұтақ. Тоғыз жолдың торабында орналасқан, жыл сайын инфрақұрылымы дамып келе жатқан ауыл. Кезінде аудан орталығы болды. Ауылымда балабақшадан, мектептен білім-тәрбие алып, үлкен өмірге аттандым. Көп уақыт көрмесем ауылыма сағынып жетемін. Өркендеп жатқан келбетіне сүйсініп қайтамын. Қазір Қарабұтақта​ екі бірдей ЖОББМ,​ амбулатория, екі балабақша, Жасөспірімдер спорт мектебі бар. Сонымен қатар көркем «Әкелер саябағы» ауылдастарымның сүйікті демалыс орны. Саябақты Қарабұтақта туып-өскен  ақтөбелік ірі кәсіпкер ағамыз Қайрат Қойлыбаев туған жеріне тағзымы мен құрметі ретінде салып берді.
Ауылда сонымен қатар жаңа зәулім спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Салынып біткесін халық игілігіне айналары сөзсіз.
Мен​ өзімнің туған​ жерімді әрдайым​ қадірлеймін, қайда жүрсем де​ мақтан тұтамын.
Әйгілі ақын-жазушылар Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ақтанов сияқты халық мақтаныштарының шабытын шалқытқан Қарабұтақтанмын деп кеудемді кере​ зор мақтанышпен айта жүремін.
Ата-анам да Қарабұтақта туып-өскен, білім алып, еңбек жолдарын осы ауылда бастаған.
Отбасымызда әкем, анам, әпкем және тәтем бақытты өмір сүрудеміз. Әкем​ Алматыдағы зооветеринарлық институтын бітіріп, көп жылдар мамандығы бойынша қызмет атқарды. Бірақ Қарабұтақтан​ аудан орталығы статусы алынғанда​ жұмыс орны қысқарғасын, күзетшілікке ауысты. Анамның мамандығы — мейірбике. Алдымдағы әпкем тұрмыста. Ол да осы университеттен  «Биология» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Тәтем болса зейнеткер.
Отбасымның маған артқан сенімі мен үмітін ақтап, үздік студент қатарында екеніме қуанамын!
Оқып жатырған мамандығым Кәсіби- шығармашылық факультетінің «Музыкалық білім беру» мамандығы. Бұл мамандыққа түскен себебім, бала кезімнен ән айтуға деген қызығушылығымнан деп ойлаймын. Мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап осы өнерімді өзіме серік еттім. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. 2019 жылы осы мамандыққа түсер алдында шығармашылық олимпиадаға қатысып жүлделі бірінші орын иелендім. Соның нәтижесінде​ оқу ақысының 50 пайыз жеңілдігін ұтып алған болатынмын. Конкурста орындаған әнім “Туған жер” деп аталды.
Университетке түскен соң Данат Құрманғали, Ардақ Амантұрлы және мен, үшеуміз​ “ЖасART”​ триосын құрдық.​ Көрерменге ұсынған алғашқы туындымыз «Студенттік өмір» әні. Ол әнді сөзімен жазып берген ауылдасым, жас сазгер Нұрдәулет Бердібаев. Алғысымыз шексіз.
Болашаққа деген жоспарымыз өте көп. Жақын күндері​ арайлы Ақтөбе қаламызға арналған керемет әнімізді дайындап жатырмыз. Сәттілік тілеп қойыңыздар!

Zhubanov University облыстық газеті, № 10(478).