Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлт ұстазына арналды

Ұлт ұстазына арналды

Конференция

Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Адал сөз бен тұғырлы тіл тұлғасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ақтөбе қаласының Шығармашылық академиясының ғимаратында өткен конференциянының мақсаты — қазақ халқының қамын жеп, тіл тағырына алаңдаған, сол үшін күресіп, аянбай тер төккен Алаш арыстарының бірі, ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің негізін салған Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау, тың ақпараттармен бөлісу. Бұл шараға тіл жанашырлары мен білім беру саласының мамандары және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Конференцияны Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова ашып берді.
Астана қаласынан келген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Редакция және баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов «Алаш қозғалысының және қазақ руханиятының көсемі» тақырыбында баяндама жасады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Назира Әміржанова «Қазақ жазуының ұлы реформаторы» тақырыбындағы баяндамасын слайд арқылы баяндап берді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәбира Исақова, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің PҺD докторанты, қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Обаеваның баяндамалары тыңдалды.
Баяндамалар оқылып болғаннан кейін көрермендер арасынан тіл мәселесі жөнінде көптеген сұрақтар қойылды.
Түстен кейін «Әлеуметтік желідегі қазақша контентті дамыту», «А.Байтұрсынұлының мұралары», «Көрнекті ақпарат және жарнамадағы мемлекеттік тіл» тақырыптары бойынша секциялық отырыстармен жалғасты.
Конференция соңында қатысушыларға сертификат табысталып, Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан 100-ге жуық А.Байтұрсынұлының кітабы мен үлестірмелі материалдар таратылды.

 

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ

 

/aqtobegazeti.kz/