Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > 2022 жыл — Балалар жылы

2022 жыл — Балалар жылы

Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру

ҚР астанасы Астана қаласында​ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері келді. Атап айтсақ, Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).

Конференцияның​ күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты ауқымды баяндамасымен айшықталды.

Конференцияның жарқын сәтінің бірі – Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы​ RCEC​ сертификатын табыстау рәсімі болды. Сертификатты өзі табыстау үшін Қазақстан астанасындағы конференцияға​ RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр арнайы келді.

Үлкен шараға Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университетінің 9 оқытушысы қатысты.
Солардың бірі жас ұстаз, «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының оқытушысы, магистр, Басқарма төрағасы-Ректор жанындағы Жастар кеңесінің басшысы Райбек Сағадатов өз әсерімен бөліседі.

-Ауқымды жиынға қатысу мақсатымыз менің ойымша біріншіден, үздік, бәсекеге қабілетті педагогтерге​ еңбек нарығы мен білім беру қауымдастығының қояр заманауи талаптары мен жүктейтін жаңа міндеттерін анықтап, әрбір профессор-оқытушылық құрамы студентке өз пәнін игеру барысында оқу нәтижелерін жетілдіру үшін қажетті білімді игеру болды. Себебі анық: өңірге экономика мен өндіріс саласында қажетті кадрлар дайындаумен қоса педагогтерді даярлау да біздің міндет.
Екіншіден, біріңғай білім беру саласына қатысты зерттеу жүргізетін әлемдік деңгейдегі танымал,​ ғылым мектебі қалыптасқан ғалымдармен нетворкинг, зерттеу нәтижелерімен танысып өңірдегі проблемаларды шешудегі зерттеу тақырыптарының аясын кеңейту, зерттеу жүргізуде әлемдік ғалымдармен коллаборация жасаудың алғы шарттарын қалыптастыру.​ ​
Үшіншіден,​ білім беруді ұйымдастыру мен оқыту әдіс-тәсілдерінің негізін меңгеріп, лекция, практикалық сабақтарды жоғары мектеп принциптеріне сәйкес икемдеп, әдістемелік қоржынды толтыру.​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
Ал енді заңды сұрақ, мақсатымызға қол жеткіздік пе? Мендегі жауап, иә, әрине. Алдағы уақытта профессор-оқытушылар өздерінің ғылыми-шығармашылық жұмысының барысында аталған мақсаттардың орындалғандығын көрсетеді деген сенімдемін.
Негізгі ойға келер болсам, «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы балалар жылы» деп аталған конференция келесідей есте қалды:
1) Спикер-ғалымдардың келу географиясы бойынша.​ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария.
2) Конференция контенті. Баланы құрсақтан бастап студент болғанша дейін тәрбиелеудің, оқытудың, жақсы көрудің сан қырлы жолдары мен әр алуан бағыттары толығымен қамтылды. Ерекше ұнағаны​ «Балаларға арналған қауіпсіз және жайлы орта» секциясы. АҚШ пен Сингапур университетінің лекторлары Энн Тейлор мен Альберт Лиангтың тәжірибесі шын мәнінде таңқалдырды.
3) Ортақ мақтаныш. Конференция барысында еліміздегі білім беру қауымдастығына қатысты құнды еңбек “Білім беру зерттеулеріне кіріспе: теория, әдістер және тәжірибелер” монографиясының таныстырылымына қатыстық.​ Кітап авторлары Аида Сағынтаева,​ Әсел Қамбатырова, Айнұр Әлмұхамбетовамен жүздесіп, монографияны өз университетімізде педагогтерді дайындауға бағытталған білім беру бағдарламаларының студенттеріне академиялық жазу, ғылыми-педагогикалық зерттеу пәндерінде, семинар сабақтарда негізгі оқулық ретінде қолданатынымызды, кітапта берілген практикалық құралдар зерттеуге машықтандыруға таптырмас құрал екендігі турасында ой бөлістік. Бұл кітаппен жеке кітапханамдағы қорды толықтырдым. Қуанып айтар бір жайт, аталған кітап ауыл мектептеріне тегін таратылып берілді, осы қарекетті ғалымдардың әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі деп санадым. Авторлардың бірі ретінде біздің ректор Лаура Қарабасовамен мақтанып қалдық.
4) Конференцияның үшінші концепті “Жақсы көру” дегенімен ерекше. «Әр балаға жүрекпен берілген білім берекелі болмақ» – деп осыдан бірнеше бір жыл тұжырымдағаным бүгінде өзекті екендігін көрсетті. Ұстаз бен шәкірт бірлігі білімге деген махаббатта… Ұстаз бен ата-ана бірлігі балаға деген махаббатта… Ұстаз бен мемлекет (билік) бірлігі елдің болашағына деген махаббатта…