Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстанның жоғары оқу орындарында 600 мыңнан астам студент білім алып жатыр

Қазақстанның жоғары оқу орындарында 600 мыңнан астам студент білім алып жатыр

Бүгін — Халықаралық студенттер күні! Осыған қарай ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық студенттерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Еліміздегі барша студенттер қауымын мерекемен құттықтаймын!

Отандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 600 мыңнан астам студентке мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

Кеше ғана Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған Студенттер Кеңесінің I отырысы өтті. Оған университеттердегі 80-нен астам студенттік ұйым жетекшілері кірді. Басқосуда жастар студенттік өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру, «100 көшбасшы» сияқты жобаларды дамыту, «Студенттерді қолдау экожүйесін» қалыптастыру аясында студенттердің ұлттық одағын құру және тағы басқа ұсыныстарын айтты. Студент жастар да өз көшбасшыларының бастамаларын қолдайтынына және жоспарланған жобаларды іске асыруға белсенді қатысатынына сенімдімін.

Мен қазіргі жастардың дүниетанымына үлкен құрметпен қараймын. Әрқашан ізденімпаз, көңілді және жігерлі болыңыздар. Өз күштеріңізге сеніп, қиындықтарды еңсере білсеңіздер жарқын болашаққа жол ашылады. Әйгілі америкалық философ және қоғам қайраткері Ральф У.Эмерсон айтқандай «Әлем қайда бара жатқанын білетіндерге есігін айқара ашады». Сондықтан сіздерге сәттілік тілеймін!»,-делінген құттықтауда.

/www.inform.kz/