Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Сымбат алғаш рет сайлауға қатысты

Сымбат алғаш рет сайлауға қатысты

Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектеп базасында орналасқан №61 сайлау учаскесінде 2124 сайлаушы бар. Таңғы 7-ден бері мұнда сайлаушылардың 50 пайызға жуығы келіп, өз таңдауын жасаған.

№61 сайлау учаскесінің хатшысы Нұрсұлу Елтезерованың айтуынша, сайлауға тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Әсіресе егде жастағы адамдардың белсенділігі жоғары.

— №61 сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың 26-сы денсаулығына байланысты үйде дауыс беруге өтініш білдірді. Ал учаске бойынша ең бірінші рет дауыс берушілердің саны — 14 адам. Сондай-ақ мекенжайы бойынша дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі 6 тұрғынымыз бар. Біз өтініш білдірген тұрғындардың үйіне барып, олардың дауыс беруіне мүмкіндік жасаймыз, — дейді Н.Елтезерова.

Биыл кәмелет жасқа толып, Президент сайлауында ең алғаш рет дауыс бергендердің бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жаратылыстану факультетінің 2-курс студенті Сымбат Есенова.

— Сайлауға алғаш рет қатысқандықтан, үйдегілерден бұрын келіп таңдауымды жасап отырмын. Үйдегілер түстен кейін келеді, себебі ата-анам жұмыста. Мұндай шараға қатысу, өзіңді мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде сезіну — үлкен мәртебе. Менің арманым — өз мамандығым бойынша қызмет етіп, елімнің дамуына үлес қосу, — дейді ол.

№61 сайлау учаскесінің өкілдері таңғы 7-де бірінші болып дауыс беруге келген он сайлаушыға және дәл бүгін, яғни, 20 қарашада 60 жасқа толған Ақтөбе қаласының тұрғынына арнайы сыйлықтар табыс етті.
Бұл сайлау учаскесіндегі ахуалды қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан 9 байқаушы қадағалап отыр. «Сенім тірек» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ләззат Ақманбетованың айтуынша, аталған учаскеде ешқандай заң бұзушылық болмаған.

— Жергілікті уақыт таңғы 6-дан бері осы учаскеде байқаушы болып отырмын. Халық келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлаушылардың көңіл күйі жақсы, — дейді Ләззат Ақманбетова.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

/aqtobegazeti.kz/