Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Кеше Ақтөбе қаласында Тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық ойынымыздан өтетін байрақты бәсекеде әлемнің 20 елінен 80-ге жуық спортшы бақтарын сынайтын болады.

Жарыстың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, ҚР мәдениет және спорт министрілігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдаулет Сәбитов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов тағы да басқалары қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Чемпионат ерлер мен әйелдер арасында классика, рапид, блиц бойынша өткізіледі. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушысы Азамат Қайдаров та бар.

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының мақсаты – қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру.

Әлем чемпионаты 27-қарашаға дейін жалғасады.

Айта кетейік, Жұбанов университетінде ұлттық зияткерлік ойындар мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда кешенді шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Университет ректоры Лаура Карабасова Облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті ретінде әрдайым ұлттық ойынды дамытуға қолдау танытып келеді.

Әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, зияткерлік ойын, логикалық ойлауды дамытатын өнерді насихаттауда университетте «Бақтыбай батыр Төлесұлы атындағы зияткерлік ойындар кабинеті» бар. Өткен жылы облыстық федерациямен бірлесіп, тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты аталмыш оқу орны базасында өткізілді.
Мұның барлығы университеттегі ұлттық спортқа деген ерекше ықыластың жемісі.