Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > 26 қарашада ел Президенті халыққа ант береді

26 қарашада ел Президенті халыққа ант береді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент сайлауының түпкілікті қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген.

«Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған. Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.

Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны — 11 млн 953 мың 465. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алған. Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамы, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауда бақылау жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты.

«Сайлаудың алдын ала қорытындылары ресми келіп түскен хаттамалармен расталды. Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы Конституцилық заңның 9-бабы 1-тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат республика Президенті болып саналады. Осылайша 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды», — деді Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада ант беретінін жеткізді.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына қайта сайланғаннан кейін Мемлекет басшысының атына шетелдерден түрлі құттықтаулар мен жеделхаттар келіп жатыр.

Ресей, Қытай, Түркия басшыларының құттықтағанын газетіміздің өткен санында жаздық.

22 қарашада Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің билеушілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Мәртебелі король өзінің жеделхатында ел Президентіне зор денсаулық пен бақыт, ал Қазақстан халқына тұрақты даму мен өркендеу тіледі. Сонымен қатар Сауд Арабиясының тақ мұрагері және Премьер-Министрі Мұхаммед ибн Салман әл Сауд та Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа президенттік мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, бөлек жеделхат жөнелткен.

WAM агенттігі БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянның Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент лауазымына қайта сайлануына орай жеделхат жібергенін хабарлады. Осындай ақжарма тілекті Тоқаевқа Дубайдың вице-президенті, премьер-министрі және билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мактум да жолдады.

Сондай-ақ бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевты Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф,  Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтар құттықтады.

Өз тілшіміз.

/aqtobegazeti.kz/