Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Лаура Қарабасова – буллинг, әйел басшылар және гендерлік теңдік жөнінде

Лаура Қарабасова – буллинг, әйел басшылар және гендерлік теңдік жөнінде

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова буллинг, қызметтегі қыз-келіншектер және гендерлік теңдік жөнінде «Тілшіге» сұқбат берді. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, елдегі ең жас ректор өзін үлгі ететін студент қыздарға да кеңес беруді ұмытпады.

Лаура Чапайқызы, қазақ қоғамында әйел адамның басшы болғанын құп көрмейтіндер бар. Сіздің ойыңыз…

Басшылық қызмет атқаратын маманның әйел не ер екендігі емес, оның білімі мен біліктілігі маңызды болуы керек. Бұл ойым қазір де өзгерген жоқ. Тарихқа үңілсек, қазақ қоғамында ел бастаған, ерлігімен көзге түсіп, даналығымен танылып, сөз бастаған аналарымыз бен қыздарымыз болған. Қыздарды ошақ қасынан асырмайтын тыйым ешқашан болмаған. Сондықтан мен үшін бұл сирек құбылыс немесе таң қалатын жағдай деп айтпас едім.

Қазіргі қызметіңізге байланысты да көп пікір айтылды, аноним хаттар ұйымдастырылды. Оны сіз қалай қабылдадыңыз? Сізге моральды тұрғыда қалай әсер етті?

Өзгеріс өздігінен оңай орындалатын құбылыс емес. Оған адамның барлығы бірдей дайын бола бермейді. Оның себебі де түрлі болуы мүмкін. Біреу жайлы орнынан, жылдар бойы қалыптасқан үрдісінен ажырағысы келмейді. Ал кейбіреу үшін жалпы кез келген өзгеріс қиын болып көрінуі мүмкін немесе қорқыныш тудырады. Оған уақыт пен жеткілікті коммуникация керек деп ойлаймын. Білім беру саласындағы трансформацияның қиын болатынын алдын ала білгендіктен, қарсылықтың болуы ықтимал дегенге дайын болдым.

Дегенмен, іс жүзінде бетпе-бет келгенде алғашында моральды тұрғыдан қиын болатыны рас. Бірақ келтірілген дәйек пен аргументтің жұмысыңа еш қатысы жоғын көргенде қабылдау өзгереді. Конструктивті сынның жөні бөлек. Өзімнен жасы үлкен, тәжірибесі мол әріптестерімнің сөзіне құлақ асып, ұтымды ойларын түртіп отырамын.

Ректорлық қызметке тағайындалғанда сізде қандай ой, қандай мақсаттар болды? Сізге қарсы болған тарапқа «ерегесіп», өзіңізге мақсат қойған кездер болды ма?

Өзім кезінде білім алған университетке ректор болып тағайындалғанда бір мақсатпен келдім. Ол – Жұбанов университетінің трансформациясы. Одан бері жарым жылға жуық уақыт өтті. Алғашқыда қойған міндеттен айныған емеспін. Әр бастаған істі не шешімді сол мақсатқа жету жолындағы бір қадам деп қабылдаймын. Университетіміздегі өзгерістердің бағасын, ең алдымен, студенттер береді. Сіз айтқан «қарсылықтар» кейде назарды бөлетіні болмаса, алға қойған мақсатқа жетуге әсер етпейді.

Жалпы, университет басшылығы қызметіне келгеніңізге біраз уақыт болды. Сіз осы уақыт аралығында қыз балаларға қандай ой салдым деп ойлайсыз?

Қыз балалардан бөлек, жалпы жас мамандарға барлығы мүмкін екеніне дәлел болған шығармын бәлкім. Ректор болуды жетістік ретінде қаншалықты қарауға болатынын білмеймін. Өйткені бұл – бастан аяқ жауапкершіліктен тұратын маңызды миссия. Еліміздегі ең жас ректор деп аталып кеттім, шындығында бұл да жүк артады.

Біздің қоғамда қыздар армандауға, мақсат қоюға және сол мақсатқа жетуден қорықпайды, себебі қазақта кішкентайынан қыздарға қолдау ерекше. Еліміздің батысында Әлия мен Мәншүк секілді батыр қыздарды үлгі етіп, ұлықтаймыз. Мұның бәрі кездейсоқ емес.

Сізді үлгі ететін студент қыздармен гендерлік теңдік төңірегінде әңгіме қозғаған кездер болса, айтуға рұқсат болатын көлемде айтып берсеңіз

Былтыр менімен қатар студенттер қозғалысын басқаратын ұйымның жетекшісі болып Томирис есімді студент қыз сайланды. Студенттік парламенттің алғашқы төрайымы деуге болды. Осы жерден бір символды мән іздедім, әрдайым айтып та жүрдім. Осы секілді өзгерістер қыздарға сенімділік пен қолдау береді.

Мені үлгі ететінін айтатындар бар. Олар да сыни ойласа деймін, адамды идеал ретінде қараудың қажеті жоқ. Әркімнің қайталанбайтын өз жолы бар. Тәлімгер ретінде көрсе қуанамын, кеңес сұраса, айтамын.

Гендерлік теңдік мәселесі қоғамда әлі де болса өзекті. Бірақ жылдан жылға жағдай жақсарып келе жатқанын байқаймын. Оны өз мысалымнан да көріп отырмын. Жұмыс бабымен кездесулер мен келіссөздерде маған әйел ретінде емес, бірінші кезекте маман ретінде қарайды. Сондықтан лауазымды қызметтерде әлі де әйел мамандардың аздығына қарамастан, өз басым дискриминациямен кезікпедім. Мұны жақсы сигнал деп білемін, яғни, қыздарға топ менеджерлікке жол ашық, тек жақсы маман бола білу керек.

Қорыта келе, әйел адам басшылық қызметте болу керек пе? Не үшін?

Біліктілігі мен білімі сол лауазымға сай жақсы маман басшылық қызметте болуы керек. Бұл жерде ер, әйел адам деп бөлу қисынсыз дер едім.

Әпке-сіңлілеріңізге, студент қыздарға осы мәселе (гендер) қандай ұсыныс-тілек айтар едіңіз?

Қыздарды әділетсіздік көрген жағдайда үнсіз қалмауға, гендер туралы қалыптасқан таптаурын пікірлерді мидан шығарып тастауға, назарға алмауға, білім алып, өзін жан-жақты шыңдауға, дамытуға, қолынан бәрі келетініне сенуге шақырамын. Мүмкін емес нәрсе жоқ.

 

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

суреттер Лаура Қарабасованың жеке мұрағатынан

 

/tilshi.kz/