Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университеттің «үлкендері»

Университеттің «үлкендері»

Жуырда ТикТокта 85 жастағы қа­рияның студент атанған видеосы та­рап, желі қолданушыларын таңғал­­­дырғаны бар. Кейін анық­тал­ған­дай, ақсақал Қырғыз Респуб­ли­ка­сын­­дағы Ош мемлекеттік уни­вер­си­те­тінің медицина факультетінде оқи­тын болып шықты. Осыншама жас­қа келсе де білім алудан бас тарт­паған атайға біз де тәнті болып, елі­міздің ЖОО-ларындағы жасы үлкен сту­денттерді іздеп көрген едік. Оқу ор­даларында жетпіс-сексендегі қа­рия­лар табыл­ма­ғанымен, қатарлас­тары­нан кемі – он жасқа, алды – отыз бес жасқа үлкен студенттер бар екен. Бірі 47 жасында жаңа тіл үйреніп, 56 жасында университетке түсіп жатса, енді бірі үш балалы болған шағында жү­регі қалаған мамандықты мең­­геру­ге ниет етіпті.

Кимё ТҰРСЫНБАЕВА,
57 жаста,
Л.Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық
университетінің студенті:

«Балаларымның замандастарымен қатар оқимын»

57 жастағы астаналық Кимё Тұрсын­баева Еуразия ұлттық университетінде оқи­ды. Математика педагогтерін даярлау ма­мандығының 2-курс магистранты. 2003 жы­лы Өзбекстаннан отбасымен көшіп кел­ген Кимё апай елорда мектебіне математика пә­нінің мұғалімі болып жұмысқа орна­ласады. Бала оқыту ісіндегі олқылықтарға қар­ны ашқан ол шетелдегі тәжірибені кө­ріп-үйрену үшін «Болашақ» бағдарла­ма­сы­на құжат тапсырады. Бір емес, екі рет. Бұл кезде кейіпкеріміздің жасы 47-де екен.

«АҚШ-та магистратура оқып, сол елдегі педагогика саласының қыр-сырын танығым келді. Ондағы ойым – соның бәрін үйреніп келіп, осында келгенде жан-жағымдағыларға үйрету еді. Біз мектепте неміс тілін оқыдық. «Болашаққа» тапсыру үшін ағылшын тілінен TOEFL емтиханын тапсыру керек. YouTube-тен ағылшынша са­бақтарды көріп, тілді өз бетімше мең­гер­дім. Тест тапсырғанымда 10 балл жетпей қал­ды. Еңсемді түсірмедім, екі жылдан соң қай­та тапсырдым. Ол кезде тіл білу талап­тары жоғарылап кетіп, тағы да 10 балл жет­педі. Ол кезде 47-де едім», – дейді Кимё Тұр­сынбаева.

Араға уақыт салып, Кимё магистра­тура­ға тағы да талаптанып көреді. Бұл жолы Ас­танадағы Еуразия ұлттық университетін таң­дайды. Ағылшын тілінің емтиханынан да, пәндік емтиханнан да сүрінбей өтіп, 56 жасында қайта студент атанады.

«Группадағы қыздар менің келініммен жас­ты. 1999 жылғылар. Бастапқыда мені­мен қоян-қолтық араласып кетуге ыңғай­сыз­данып, «апай, сізге бәрібір біздің орта қы­зық емес шығар» дейтін. Менің бір жақ­сы қасиетім – 18-дегі баламен де, 60-тағы кісімен де тең дәрежеде сөйлесіп кете бере­тінім. «Ондайды қойыңдар, мен де сен­дер сияқты студентпін. Қыдыратын жер­леріңнен қалмаймын» дедім. Қазір әр емтиханнан кейін топтастарыммен бірге кафе­ге де барамын, мені олар сауық кеш­тері­нен де қалдырмайды», – деп күлді кейіп­керіміз.

Кимё апайдың екі ұлы, бір қызы, үш не­мересі бар. Балалары анасының оқимын, ізденемін деген талпыныстарына үнемі қолдау білдіріп отырады екен. Кейіпкеріміз америкалық инженер Жак Фресконы үлгі тұ­тады. 101 жасқа келіп өмірден өткен оның Нью-Йорктегі музейіне баруды қатты армандайтын Кимё апай АҚШ-қа турист ретінде виза алуға құжат та тапсырыпты, бір­ақ онысы сәтсіз болған. «Ұлдарыма АҚШ-қа оқуға түсіп, сосын маған шақырту жіберіңдер деп қалжыңдаймын. Әйтеуір Аме­риканы көру деген арманыма жетсем екен», – дейді кейіпкеріміз ағынан жары­лып.

Құралай АЙМОЛДИНА,
56 жаста,
Астана медицина
университетінің студенті:

«GPA-ім жанымдағы қыздардан жоғары еді»

Астана медицина университеті студент­тері­нің ең үлкені 56 жаста. Құралай Аймол­ди­на аталмыш оқу ордасындағы PhD бағ­дар­ламасының 1-курсында оқиды. Оның мамандығы – мейіргер.

2017 жылы University Medical Center кор­­поративтік қоры Назарбаев универ­си­теті­мен бірлесіп, қазақстандық мейір­гер­лер­ді жоғары біліммен қамту бағдарламасын іске қосыпты. Сол жылы НУ-да Медицина мек­тебі ашылып, елімізде тұңғыш рет мейір­­герлер арналған бакалавриат бағдар­ла­масы басталған екен. Республикалық диагностикалық орталықта мейіргер болып жұмыс істеп жүрген Құралай апай 28 сту­дент­тің бірі болып сонда оқуға түседі.

«Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін қойылған талаптардың бірі ағылшын ті­лінен емтихан болды. Біз мектепте неміс ті­лін оқығанбыз. Сосын тіл курсына жа­зы­лып, ағылшынша үйрендім. IELTS-тан 5.5 балл жинап, 51 жасымда бакалавриатқа оқу­ға түстім. Оқу процесі мені одан әрі қа­нат­тандырды. Бізге шетелдік мейіргерлер са­бақ беретін. Ал еліміздегі оқу орын­дары­ның мейіргерлік мамандығында оқитын сту­денттерге әдетте дәрігерлер ғана сабақ береді. Ал дәрігерлер бәрібір мейіргерліктің қыр-сырын дәл өздеріндей терең түсіндіріп бере алмайды. Сол себепті менің жолым бол­ды деп ойлаймын. Оқуды 2019 жылы үз­дік бітірдім», – дейді кейіпкеріміз.

2019 жылы мейіргерлерге арналған ма­гистратура бағдарламасы Астана медицина университетінде ашылады. Құралай апай ен­ді соған құжат тапсырады.

«Назарбаев университетінде бірге оқы­ған 3 қызбен бірге, магистратураға түстік. Жа­нымдағы қыздар менің өз қызымнан кіші болатын. «Апайдың GPA-і – 3,75, біз­дікі­нен де жоғары» десіп, әрі таңғала, әрі құр­метпен қарайтын», – деп жымиды ол.

Магистрант болып жүргенінде Құралай апай Словения, Германия, Италияда өткен ғы­лыми конференцияларға қатысып, өз жұ­мысын ағылшын тілінде таныстырып шыққан.

«Пандемия кезінде халықаралық кон­ференциялар онлайн өтетін еді. Мен сөз сөйлегенімде, әдейі бейнекамераны қосып қоя­мын. Қазақстанның студенттері қанша жас­қа келсе де білімге құштар екенін көрсін дегенім», – дейді Құралай Аймолдина.

Былтыр магистрлік диссертациясын ой­да­ғылай қорғап шыққан ол биыл Астана ме­дицина университетінің PhD докторанты ата­нады. Мейіргер мамандығына бөлінген жал­ғыз грант Құралай апайға бұйырған.

«Мұндағы мұғалімдердің маған таңыр­қап қарайтыны рас. Бірақ шәкірт ретінде олар­дан үйренерім көп. Өз кезегімде мен де барынша пайдалы болуға тырысамын. На­зарбаев университетінде оқып жүрге­нім­де, әдебиеттерге шолу, ғылыми әдістер, ста­тистика сияқты дүниелерді өте терең­де­тіп оқытатын. Сол білімімді қазіргі универ­си­теттегі мұғалімдеріммен бөлісіп отыра­мын», – дейді ол.

Бағдат БАТЫРХАНОВ,
37 жаста,
Ақтөбе өңірлік
универси­тетінің студенті:

«Жоғары білімсіз ұзаққа бармайты­нымды түсіндім»

37 жастағы Бағ­дат Батырханов – Қ.Жұ­банов атын­да­ғы Ақтөбе өңір­лік универ­си­тетінің 4-курс студенті. 2003 жылы осы уни­верситеттің инженерлік-тех­ни­калық фа­культетіне оқуға түскен ол бір се­беп­тер­мен 3-курста оқудан шығып кет­кен. Бірақ кейін оқуын қайта жалғастыруға шешім қа­былдайды.

«Жоғары білімнің дипломынсыз ұзаққа бара алмайтынымды түсіндім. Оның үстіне, бастап қойған істі аяқсыз қалдыру да дұрыс емес. Ақыры, былтыр 36 жасымда оқуға қай­та қабылдау туралы өтініш жазып, 3-кур­стан бастап күндізгі бөлімде жалғас­ты­рып жатырмын. Бұйырса, биыл бітіре­мін», – дейді Бағдат.

Өзге студенттермен жас айырмашылығы қат­ты алшақ болғандықтан, әуелгіде оны бір­де мұғалім екен деп қалса, бірде осында оқи­тынына сенбей, билетсіз корпусқа кір­гіз­бепті.

«Студенттік билетімді ұмытып кеткен кез­дері күзетшілерді осында оқитыныма сен­діре алмайтынмын. Қыркүйекте алғаш рет аудиторияға кіргенімде, бірге оқитын сту­денттер мені мұғалім екен деп ойлап қа­лыпты. Бірақ кейін тез тіл табысып кет­тік. Қазақтілді орта болғандықтан ба екен, «ағай» деп үнемі жасымды сыйлап тұрады. Өз кезегімде мен де оларға тәжірибеммен бө­лісіп, білгенімді айтып отырамын», – дейді кейіпкеріміз.

Бағдат қазіргі студенттердің бір кез­дер­дегі топтастарынан едәуір ерекшеленетінін айтады.

«Бүгінгі жастар тым епті әрі шапшаң. Мұ­ны, бір жағынан, технологияның да­муы­мен де байланыстыруға болатын шы­ғар. Олар тез үйренеді, оңай бейімделеді. Біз­дің кезімізде студенттер аңқаулау, көп нәр­сеге епсіз болатын», – дейді ол.

Әсел ШОКОБАЛИНОВА,
36 жаста, 
Қостанай жоғары медициналық
колледжінің студенті:

«Бала арманыма 35 жасымда жеттім»

Әсел Шоко­ба­ли­­нова – 36 жаста. Ол Қостанай жо­ға­ры медицина­лық колледжінің 2-курсында оқи­ды. Негізі, меди­ци­на маманы болу Әселдің бала күнінен бер­гі арманы екен. Әкесі де, анасы да са­ни­тарлық дәрігерлер болған. Алайда олар ме­дицинада оқудың тым ұзақтығын әрі күр­делі екенін айтып, Әселді өз ойынан ай­нытады.

«Аудармашылыққа грантқа оқуға түстім. Алайда оқу бітірген соң жұмыс таба алма­дым. Сосын екінші жоғары білім – қар­жы мамандығын оқып алып, біраз жыл қаржы сарапшысы болып қызмет істедім. Бірақ медицинаға махаббат менің жүре­гімнің бір түкпірінде бұғып жатыр еді. Бір күні жолдасыммен әңгімелесіп отыр­ға­ным­да, ол маған оқуға тапсырып көруімді айт­ты. Бір жағынан сол кісінің маған деген се­німі қанат бітіріп, бір жағынан бала ар­манымды орындауға мүмкіндік туғанына қуа­нып, ҰБТ-ға дайындалдым. Керекті бал­ды жинап, грантқа оқуға түстім», – дей­ді Әсел.

Группаластары да, мұғалімдері де Әсел­дің жасының үлкендігіне онша мән бер­мепті. Тіпті, бір жылдары 42 жастағы кісі де сол колледжде оқыған екен, сондықтан есейіп студент атану ондағыларға аса таң­сық дүние емес көрінеді.

«Оқу процесі бойынша онша қиындық бол­­ған жоқ. Мектептен қалған білімім бір­ша­ма көмектесті. Өзім аудармашы бол­ған­дықтан, ағылшын тілі тіптен жеңілге түсті. Ма­мандықты саналы түрде өзің қалап кел­ген соң, мұғалімдердің тапсырмаларын тың­ғылықты орындайсың, өзіңе не керек еке­нін жақсы білесің. Тек бір ыңғайсыз тұ­сы – таңғы 8-де басталатын сабаққа үл­геру болатын. Балаларымның балабақшасы мен мектебі 9-да, сол жағынан сәл қиындау. Басқасының бәрі тамаша. Бағаларым үздік бо­лып, бірінші семестрден кейін жоғары­ла­тылған шәкіртақы алдым. Бұл да оқуға деген құштарлығыңды арттырады», – дейді кейіпкеріміз.

Айдана ШЫНЫБЕКОВА,
26 жаста,
Сулейман Демирель атындағы

университеттің студенті:

«Үйдегілердің қолдауы әйелді алысқа апарады»

26 жастағы Айдана Шыныбекова С­у­лей­ман Демирель атындағы университеттің математика мамандығында өзінен 10 жас кіші студенттермен бірге 1-курста оқиды. Ол бұрын «Нархоз» университетін есеп жә­не аудит мамандығы бойынша бітіріп шық­қан, алайда жүрек қалауы мұғалімдік қыз­мет болып, үш балалы болған шағында арма­нындағы мамандықты оқуға бел буады.

«Бұрынғы оқуымды әпкемнің айтуымен оқы­ғаннан ба, әлде оқуымның ақысын ата-анам төлеп отырғандықтан ба – сабақ­ты бар ынта-ықыласыммен оқыған жоқ едім. Ара-тұра сабақтан да қалып тұра­тын­мын. Қазір бұл мамандығымды саналы түр­де өзім таңдадым, оның ақысын да өз қал­­­­тамнан төлеймін: есесіне бірде-бір са­бақ­ты құр жібермеймін, шама-шарқымша ын­та қойып тыңдаймын», – дейді Айдана.

Айдананың үш баласы бар. Балаларына да, үй шаруасына да, университеттегі оқуы­на да қатар үлгеруіне енесі көмектеседі екен.

«Енем үйде балаларға қарап, керек бол­са тіпті ас-ауқатымызды да пісіріп отырады. Әйт­песе, бірнеше баламен күндізгі бөлімде оқу өте қиын болар еді. Меніңше, қыз-ке­лін­шектердің дамуына, өсуіне отбасындағы қол­дау үлкен ықпал етеді, күйеуімізден, жа­қындарымыздан қолдау барда, тау қо­пару­ға да әзірміз ғой», – деп күлді ол.

Бірнеше балалы студент болуға да бейім­делу керек. Сондықтан Айдана үй тап­­сырмаларын университеттен шықпай тұрып орындауға дағдыланған. Сабақ аяқталған соң үш сағаттай корпуста қалып, тап­сырманы қанттай қып бітіргеннен кейін ғана үйіне қайтады.

 

ТҮЙІН:

Оқуға түсу тілек-қалаудың күшімен ғана жү­зеге аспаса керек. Оның артында уақы­тың­­ның белгілі бір бөлігін соған арнауға, сту­дент ретіндегі міндеттерді тұрақты түрде ар­қалауға, жаңа ортаға бейімделуге әзірлік тұра­ды. Оған екінің бірі тәуекел ете алмай­тыны анық. Жоғарыдағы кейіпкерлерімізге тәнті болатынымыз да сондықтан.

https://aikyn.kz/230433/universitettin-ulkenderi/?fbclid=IwAR0d_IruY3f2dsmmBf9nVVD2CmVIWFNlZNgZKTszI0ydo4vrH6RaToNh8wA&mibextid=Zxz2cZ