Вторник, Март 19, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Бүгін докторантураға түсу емтихандары басталды

Бүгін докторантураға түсу емтихандары басталды

5 желтоқсаннан бастап докторантураға түсу емтихандары басталды. Бірінші күні тестілеуді 311 адам тапсырады. Емтиханды тапсыруға өтініш қабылдау 1-18 қараша аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүзеге асырылды.

Докторантураға түсу емтихандарына қатысуға 657 өтініш қабылданды. Емтихан бүгін басталып, 8 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жалғасады.

«Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сондай-ақ биыл алғаш рет докторантураға түсу үшін шет тілін білу сертификатынан басқа, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет.

Ережені бұзғаны үшін тестілеуге жіберілмеген, сондай-ақ ағымдағы жылы нәтижелері жойылған тұлғалар докторантураға түсу емтиханына қайта қатысуға жіберілмейтінін атап өткен жөн.