Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа оқулық таныстырылды

Жаңа оқулық таныстырылды

Жұбанов университетінде жаңа оқулықтың тұсаукесер рәсімі өтті.

«Философия» оқулығының авторлары — философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов пен «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Гүлдариға Симұқанова.

Оқулық Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына, магистранттарына, студенттеріне пайдалануға арналып, Министрлікпен ұсынылған.

Шараға университет проректорлары мен профессорлық-оқытушылық құрам және қаламыздағы жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.

Кіріспе сөзде университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров оқулық үлкен шығармашылық еңбектің, ізденістің нәтижесі екенін атап өтті.

Профессор Алтай Тайжанұлы философия пәнінен соңғы 10-15 жылдықта республикамыздың жоғарғы оқу орнындарында еңбек етіп жүрген ғалым-философтармен бірнеше оқу бағдарламалары жасалғанын және осындай ізденістердің нәтижесінде, қазіргі уақытта философия пәнінің ішкі мазмұны да, құрылымы да түбегейлі өзгеріске түскенін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа философиясын ұғындыру мақсатында оқулықтың барлық тақырыптарында ұлттық компоненттер сапалы жүйеленіп енгізілгеніне тоқталды. Гүлдариға Серікқызы оқулықтың құрылымына, мазмұнының ғылыми – танымдық мәніне, оған қойылатын талаптар жайында баяндады.

Сонымен қатар тұсаукесер рәсімінде философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев, «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин тағы да басқа ғалымдар жаңа оқулық жайындағы пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ, шара барысында «Философия» пәнінен кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге авторлардың еңбектері, философияға қатысты кітаптар, мерзімді басылымдар қойылды.