Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > «Болашақ» стипендиясы: Инженерлік-техникалық мамандар үшін жеңілдіктер жасалады

«Болашақ» стипендиясы: Инженерлік-техникалық мамандар үшін жеңілдіктер жасалады

«Болашақ» үздік шетелдік жоғары оқу орындарда академиялық оқуға арналған жеңілдік санаттарының тізімін кеңейтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылдан бастап инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медицина мамандары жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен медицина қызметкерлерін іріктеу қағидалары жетілдірілді. Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады», — деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Сонымен бірге жеңілдігі бар үміткерлер құжат тапсырған кезде шетелдік жоғарғы оқу орнына өз бетімен түсуге міндетті емес. Олардың стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында білім алуға ұсынылатын университеттер тізімінен оқу орнын таңдауға мүмкіндігі бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар кандидаттарды қоспағанда, үздік шетелдік ЖОО-лардан шақыруы бар үміткерлер ғана қатысады.

«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдікпен қатысу үшін үміткер дипломының орташа балы – GPA кемінде 4.0-тен 3.0 болу тиіс. Сондай-ақ кемінде В1 деңгейдегі мемлекетік тілден КАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін меңгерудің орташа деңгейін растайтын құжат талап етіледі. Мәселен, ағылшын тілінде оқыған жағдайда, кемінде 9.0-дан 5.0 деңгейдегі IELTS сертификатын, қытай тілінде – кемінде 6-дан 3 деңгейдегі HSK, неміс тілінде — С1-ден B1-B2 деңгейдегі Goethe-Zertifikat және т.б. ұсыну қажет.

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасының шарттары бойынша мемлекет студенттерге оқу, екі жаққа ұшу, медициналық сақтандыру, визалық алымдар мен оқу материалдарына шығындарды өтейді. Оған қоса ай сайын стипендия төленеді.

 

/www.inform.kz/