Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстанда дипломның орнына сертификат қолдануға болады

Қазақстанда дипломның орнына сертификат қолдануға болады

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Кәсіби біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын және оған қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда кәсіптер реттелетін және реттелмейтін болып екіге бөлінеді. Реттелетіндер жұмысшылардың міндетті аттестациясын талап етеді. Бұл санатқа негізінен дәрігерлер, өрт сөндірушілер немесе заңгерлерді қоса алғанда, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты кәсіптер кіреді. Мемлекет реттемейтін кәсіптер үшін аттестация ерікті болады.

«Тәуелсіз аттестаттаудан өткен білім беру ұйымдарының түлектерінде нақты мамандық бойынша кәсіптік оқуды аяқтағанын растайтын диплом және алған білімін практикада қолдану дағдыларын растайтын сертификат болады. Жұмыс берушілерге сертификаты бар түлектерді еңбек өтіліне талаптар қоймай-ақ жұмысқа қабылдауға мүмкіндік беріледі», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, ерікті негізде аттестаттауды түрлі үйірмелерде, тренингтерде немесе өз бетінше оқу нәтижесінде жұмысшы мамандықтарын игерген адамдар ала алады. Бұл жағдайда анықтама жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу үшін негізгі құжат бола алады.

Сертификаттау ақылы негізде беріледі. Жұмыссыз азаматтардың қызметтеріне ақы төлеуді мемлекет дербестендірілген ваучерлер арқылы, жұмыс беруші өз қызметкерлерін аттестацияға жіберген кезде немесе азаматтардың өз еркімен біліктілігін бағалаудан өткен кезде төлейді.