Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми тағылымы мол басқосу

Ғылыми тағылымы мол басқосу

Бүгін Жұбанов университетінде көрнекті тілші-ғалым, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туған күніне арналған «Қ.Жұбанов – ұлттық руханият көшбасшысы» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық семинар өтті.
Басқосуға Қазақстан, Түркия, Қырғыз, Өзбекстан елдерінің ғалымдары, сондай-ақ Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Жұбанова, университеттің профессор-оқытушылары қатысты.

Ғылыми тағылымы мол шарада Құдайберген Жұбанов мұра¬ларын жалпы ұлттық руханиятының даму контексінде кешенді тұрғыдан зерделеу, терминология саласындағы еңбектерінің теориялық тұжырымдары мен қолданбалы маңызын қазіргі лингвистиканың аясында жан-жақты қарастыру, ғалым еңбектерін басқа түркі халықтарының тілдеріне, сондай-ақ, шетел тілдеріне аудару ісін қолға алу мәселелері талқыланды.

Шарада Жұбановтанушы ғалымдар Абат Пангереев, Нұрбол Сәдуақас, сонымен бірге Түркия елінен онлайн форматта профессор-ғалымдар Саваш Шахин, Ләззат Уракова Янч, Ташкенттен Шохида Шахабитдиновалар мазмұнды баяндама жасады. Баяндамашылар Құдайберген Жұбановтың тіл біліміндегі алғашқы профессор ретінде термин жасауға үлкен еңбек сіңіргендігін, сонымен қатар ең алғашқы болып шағатай әдебиеті, Яссауи мұрасы, Абай туралы пікір білдірген көп қырлы ғалым екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларының көрмесі ұйымдастырылып, ғалым мұраларын зерттеуге арналған еңбектердің тұсаукесер рәсімі өтті.